Ұлытауда интернет-алаяқтарына алданғандар саны азайған

Ұлытау облысында киберқылмыстарға, соның ішінде интернет алаяқтығына қатысты жағдай әлі де күрделі болып тұр. Облыс көлемінде алаяқтық фактілері өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, ғаламтор ұрыларының арбауына түсіп жатқандар әлі де бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлытау облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Айжан Жұмажанова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Спикердің айтуынша, полиция тарапынан азаматтарға ескерту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі, БАҚ арқылы да, тікелей кездесулер арқылы да ақпараттандыру шаралары өткізіліп келеді. Соған қарамастан, алаяқтарға алдану фактілері тіркеліп отыр. Осыған байланысты Полиция департаменті алаяқтыққа қарсы нақты шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, егер жәбірленуші алаяқтарға ақша аударып қойғанын біліп, уақытында полицияға арызданатын болса, дереу әрекет етіледі. Яғни, арыз тіркелген сәттен бастап, киберполиция жәбірленуші аударған банк шоттарын Anti-Fraud жүйесі арқылы анықтап, дереу бұғаттау шараларын қолданады.
Егер банк шотында алаяқтар аударған ақша әлі де сақталған болса, біз банк өкілдерімен бірлесіп, сол қаржыны жәбірленушіге қайтару бойынша жұмыстар жүргіземіз. Осындай жедел іс-қимылдың нәтижесінде соңғы бір айдың ішінде жалпы көлемі шамамен 5 миллион теңге болатын қаражат азаматтарға қайтарылды... Бүгінде біздің Полиция департаменті алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша Anti-Fraud жүйесін тиімді пайдаланып келеді. Дегенмен, халыққа айтар маңызды өтінішім бар: егер сіз қандай да бір күдік тудыратын жағдайға тап болсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болғаныңызды байқасаңыз, уақытты жоғалтпай, дереу полицияға жүгініңіз. Бұл – күннің уақытына, тіпті демалыс күндеріне қарамай, өте маңызды қадам. Қандай жағдайда да полицияға арыз жазуға болады. Сіздің арызыңыз жедел түрде қаралып, мүмкіндігінше қаржыны тоқтатып қалу шаралары қолданылады,-деді тергеу басқармасының тергеушісі Айжан Жұмажанова.
Спикер өз сөзінде алаяқтықтың жаңа түрлері де көбейіп бара жатқанын алға тартты. Мәселен, қазіргі таңда тұрғындар негізінен «Temu», «Kaspi», «Pinduoduo» сияқты интернет платформалар арқылы тапсырыс беріп, тауар сатып алуда. Осы сәтті алаяқтар шебер пайдаланады. Алаяқтар хабарласып, "тапсырысыңызды жеткізу үшін бізге белгілі бір кодты жіберіңіз" деп сұрайды. Негізінде ешқандай ресми жеткізу қызметі немесе сауда платформасы алдын ала таңбалы кодты сұрамайды. Бұл кодты тек тауарды қолға алғаннан кейін, растау үшін сұрауы мүмкін. Сондықтан бейтаныс адамдарға кодтарды айтуға болмайды.
Интернет арқылы жасалатын сауда-саттықта барынша сақ болу қажет. Егер жеткізу қызметі тұрғынмен байланысса, олар мекенжайыңызды нақтылауы мүмкін, бірақ ешқашан алдын ала код сұратпайды. Бұл – үлкен айырмашылық,-деді спикер.
Интернет-алаяқтығының негізгі көзі болып отырған платформалардың бірі — Telegram қосымшасы екені белгілі. Алайда мамандардың айтуынша, Телеграм ресми халықаралық платформа болғандықтан, оны толық бұғаттау мүмкін емес.
Біз Телеграм платформасына қатысты қандай да бір шектеу қоя алмаймыз. Бұл — әлемдік деңгейде қолданылатын ресми ресурс. Сондықтан тұрғындардың өздері сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс, — деді полиция өкілі.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда алаяқтардың ең көп қолданатын әдістерінің бірі – Instagram желісі арқылы жүзеге асатын қылмыстар. Алаяқтар түрлі дүкен парақшалары ашып, онда түрлі тауарлар ұсынады. Тұрғындар жеңілдіктер мен тиімді ұсыныстарға қызығып, сол парақшалардан тапсырыс береді. Алайда ақшаны аударғаннан кейін тапсырыс берілген тауар келмей қалады, ал сатушы парақшасы өшіріліп немесе бұғатталып кетеді.
Instagram арқылы өтетін алаяқтық түрлері қазір жиі кездесіп жатыр. Тұрғындар түрлі ойындарға, жеңілдіктерге, ұтыс акцияларына алданып қалады. Сонымен бірге тауарларға алдын ала төлем жасау арқылы да көп адам алдануда, – деді спикер.
Сондай-ақ соңғы уақытта ақшаны арттыруға арналған ойындар мен инвестициялық ұсыныстар арқылы да жұртшылық жиі алдануда екен. Алаяқтар адамдарға биржаға немесе криптовалюта платформаларына ақша салуды ұсынып, көп пайда табуға уәде береді. Алайда нәтижесінде азаматтар өз қаржыларынан айырылып, айтарлықтай материалдық шығынға ұшырайды. Бұдан бөлек, белгісіз сілтемелер арқылы смартфондарға зиянды қосымшалар орнатылып, WhatsApp сияқты мессенджерлердің бұзылу деректері тіркелуде. Бұл жағдайларда алаяқтар адамның байланыстар тізіміне кіріп, туыстары мен таныстарынан ақша сұрайды.
Егер адам жұмыс орнында немесе басқа жерде интернетке қосылған болса, ал қосымшаларды уақытылы өшірмесе, телефон арқылы хакерлер сол құрылғыға еніп, WhatsApp желісін бұзып алады. Кейін олар туыстары мен жақындарынан төтенше жағдай сылтауымен ақша сұрайды, – деп ескертті полиция өкілі.
Айта кетейік, биыл облыста тіркелген киберқылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілген жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесі деуге болады.
Биыл жыл басынан бері облыс бойынша 106 киберқылмыс тіркелді. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда төмендеу байқалады. Дегенмен, тұрғындар арасында алаяқтарға алданып қалу жағдайлары әлі де тоқтаған жоқ, – деді Айжан Жұмажанова.
Алаяқтықтың құрбандарының жас ерекшелігіне тоқталған спикер көбінесе 30-35 жас аралығындағы азаматтар жиі алданатынын атап өтті. Ал балалар арасында алаяқтарға алдану деректері сирек кездеседі.
Полиция өкілінің айтуынша, қазірдің өзінде алаяқтықтың түрлі әдістері пайда болып жатыр. Сондықтан интернет қолданушылар сақтық шараларын сақтауы тиіс. Әсіресе онлайн төлемдер жасағанда, жеке деректерді үшінші тұлғаларға жария етпеу керек.
Профилактикалық жұмыстар өте қарқынды жүргізілуде. Әр ауданда, қалада ақпараттық түсіндіру кездесулері өтуде. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың санасын оятып, интернет-алаяқтарының құрбанына айналмауына барынша көмектесу, – деп атап өтті спикер.
Брифингте алаяқтармен байланыс кезінде қауіпсіздікті арттырудың тағы бір тиімді жолы айтылды. Егер алаяқтар сізге жазса немесе хабарласса, оларға тек қазақ тілінде жауап беру ұсынылады. Спикердің түсіндіруінше, алаяқтардың басым бөлігі шетелдіктер болғандықтан қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Сондықтан оларға қазақша жауап берсеңіз, олар байланысуды қиындатып, әрекетін тоқтатуы мүмкін. Бұл — алаяқтардан қорғанудың қарапайым әрі тиімді тәсілі.
Ешқашан оларға орыс тілінде жауап бермеңіз. Тіпті орыс тілін білмейтініңізді де орысша түсіндірмеңіз. Барлық жауапты қазақ тілінде беріңіз. Бұл әдіс кейбір жағдайларда алаяқтардың жоспарларын іске асыруына жол бермейді, — деп ескертті Айжан Жұмажанова.
Полиция өкілі азаматтарға тағы бір ерекше алаяқтық схемасы туралы ескерту жасады. Қазіргі уақытта интернетте өзін заңгер ретінде таныстыратын алаяқтар көбейген. Олар тұрғындарға "алаяқтардан жоғалған ақшаларыңызды қайтарып береміз" деп уәде беріп, тағы да ақша сұрап алдап кетеді. Осылайша азаматтар бастапқыда жоғалтқан ақшаларын қайтармақшы болып, қайтадан материалдық шығынға ұшырайды.
Егер де сіз интернет алаяқтарының құрбаны болсаңыз, ешқандай күмәнді жарнамаларға сенбеңіз. Ақшаңызды қайтарып береміз деген уәдеге алданып, тағы да қаржы аудармаңыз. Барлық жағдайда ресми құқық қорғау органдарына жүгініңіз, – деп ескертті тергеу басқармасының тергеушісі.
Алаяқтардың құрбаны болған азаматтар қайда жүгінуі керек деген сұраққа жауап берген полиция өкілі ең алдымен "102" нөміріне тікелей хабарласу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, егер алаяқтар банк шотыңыздан несие рәсімдесе немесе ақша аударымдары орын алса, дереу өз банкіңізге қоңырау шалып, есепшотыңызды бұғаттау қажет. Бүгінде азаматтар үшін сенім телефондары да жұмыс істеп тұр, ол арқылы қосымша кеңес алып, көмек сұрауға болады.
Еске салсақ, қазіргі таңда алаяқтықтың алдын алу мақсатында арнайы шаралар қолға алынған. Ең тиімді тәсілдердің бірі – Anti-Fraud жүйесі арқылы есепшоттарды шұғыл бұғаттау. Бұл жүйе полиция қызметкерлері мен банк мекемелері арасындағы тығыз әріптестік нәтижесінде іске асады. Антифрод желісі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді және күмәнді қаржылық операциялар автоматты түрде тоқтатылады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері халық арасында профилактикалық жұмыстарды күшейткен. Әр апта сайын учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақтарды аралап, тұрғындарға ескерту жасап, алаяқтардың әдіс-тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағытта әлеуметтік желілерде де белсенді ақпараттық жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Instagram парақшаларында алаяқтардан сақтану туралы хабарламалар тұрақты жарияланып тұрады.
Халықтың қаржылық қауіпсіздігін сақтау үшін полиция департаменті тарапынан алдағы уақытта да алдын алу және ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіле бермек. Алаяқтардың түрлі айла-амалдарына алданбау үшін тұрғындарға интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеу, бейтаныс адамдарға жеке ақпараттарын бермеу және қаржылық операцияларды сақтықпен жүргізу ұсынылады.
Жалпы алғанда, Полиция департаменті алаяқтықтың алдын алу мақсатында көптеген кешенді жұмыстар жүргізуде. Бірақ алаяқтар да өз айлаларын түрлендіріп, жаңа әдістер ойлап табуда. Сондықтан әрбір азамат интернетте, банк қызметтерінде және сауда кезінде барынша сақ әрі мұқият болуы тиіс екенін ұмытпағаны абзал.
