Ұлытау облысының табиғат қорғау прокуратурасы ағаштарды заңсыз кесуді тоқтатты

Ұлытау облысының табиғат қорғау прокуратурасы өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Талдаумен жергілікті атқарушы органдардың Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы ағаштарды кесу жұмыстары «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңның талаптарына қайшы жасыл екпелерді түгендеусіз, фитопатологиялық зерттеп-қараусыз, олардың жай-күйінің мониторингін цифрландырусыз, сондай-ақ көгалдандыру жөніндегі жұмыс және дендрологиялық жоспарларсыз жүргізілген.
Бұл тұрғындардың өмір сүруге қолайлы жағдай жасау үшін олардың мүдделерінің бұзылуы туралы негізді наразылығын тудырды.
Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері бойынша ағаштарды заңсыз кесу тоқтатылды, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдіктері анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауда.
Одан бөлек, табиғат қорғау прокуратурасы Жезқазған қаласының Сейфуллин көшесінде төрт ағаштың заңсыз кесілгенін анықтады.
Аталған факті бойынша Жезқазған қаласының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 340-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреміз.
Сонымен қатар, егер қазақтың мақалында: «Бір талкессең, он тал ек» делінсе, ал «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңның талаптарына сәйкес жасыл екпелерді заңсыз кесу жүз еселенген мөлшерге дейін өтемдік отырғызулар жүзеге асырылады.
Мысалы, егер бір ағаш заңсыз кесілсе, кінәлі адам елу жаңа ағаш отырғызуға міндетті, ал Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өлген жағдайда, онда – жүз есе мөлшерде.
Осыған байланысты азаматтарды жасыл желектерді жоюға немесе зақымдауға әкелетін әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз.
