Жаңалықтар

Ұлыбританияда қарағандылық ғалымдардың кітабы жарық көрді

Ұлыбританияда қарағандылық ғалымдардың кітабы жарық көрді
Фото: gov.kz 10.03.2023 18:16 1431

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Карлаг: болашақ үшін естелік» жобасының белгілі зерттеушісі Нүрлан Дулатбековтің жетекшілігімен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдар тобының «The Famine of 1931–1933 in Central Kazakhstan Collection of Archival Documents and Memoirs» кітабы жарыққа шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған ғылыми еңбекті Ұлыбританияның Лондон қаласындағы әлемге әйгілі «Springer Nature» баспасының еншілес ұйымы - «Palgrave Macmillan» халықаралық ғылыми кітап-журнал баспасы шығарды. Бұл жинақ Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының жақын туыстарының әңгімелерінен және мұрағаттық құжаттар мен адамдардың естеліктерінен жинақталған маңызды мәліметтерді қамтиды. Мұрағаттардан алынған түрлі материалдар оқырманға ауылдарды күштеп ұжымдастыру, астық пен етті шамадан тыс дайындауға байланысты қазақ халқының ғасырлық өмір салтының бұзылуына және халық арасында жаппай ашаршылыққа әкеп соққан Қазақстан тарихының аса күрделі кезеңін ашады.

«Өкінішке орай біздің шынайы тарихымыз қоғамға қол жетімді болған жоқ. Бұл зерттеу жұмысының ағылшын тілінде шығарылуы оқырман аудиториясының географиясын кеңейтеді. Бұл жұмыс жалғасады», - дейді Нұрлан Дулатбеков.

Басылым Қазақстанның орталық және облыстық мұрағаттардағы бұрын жарияланбаған материалдарды ғылыми айналымға енгізеді. Сонымен қатар, жинаққа куәгерлердің естеліктері, сондай-ақ ұрпақтардың өз аузынан жазылған әңгімелер кірді.

Бұл басылым кейінгі зерттеулерде, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушылық танытқан оқырмандарға пайдалануға арналған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға