Жаңалықтар

Ұлы жібек жолындағы көне қалалар

Ұлы жібек жолындағы көне қалалар
Фото: El.kz 27.04.2023 22:37 2202

Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалар туралы кітаптар оқырмандар назарына ұсынылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

 «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде жарық көрген Кәдірбек Сегізбайдың «Алматы», Несіпбек Дәутайұлының «Тараз» және Мархабат Байғұттың «Түркістан» атты еңбектерін және Қытайдың «Синьсин» мемлекеттік баспасы қытай тілінде шығарған «Тараз» кітабының таныстырылымы өтті.

Шараға ҚХР Шет тілдердегі әдебиеттерді шығару және тарату істері жөніндегі басқармасының орынбасыры, «Жібек жолындағы 100 қала» атты кітаптар топтамасының редакциялық алқа директорының жауапты орынбасары Лу Цайронг арнайы қатысты.

Жібек жолындағы жүз қала» атты кітаптар топтамасы халықаралық баспа істері саласындағы ақтаңдақ орнын толтырып қана қойған жоқ, сонымен қатар қалалардың биографиялық әдебиет шығармашылығын дамытуға зор ықпал етті, қалаларды зерттеу мен түсінуді тереңдете түсті және «Бір белдеу – бір жол» бойындағы елдердің баспа ісі саласындағы мәдени алмасуларында күшейтті, – деді Лу Цайронг.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың маңыздылығана тоқталды.

«Жібек жолындағы 100 қала» атты жобаның екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық қана емес, достық қатынастарды дамытуға да септігін тигізетінін айтты.

ҚХР Қазақстандағы Елшілігі баспасөз және қоғамдық дипломатия бөлімінің меңгерушісі Ли Гван Цзо аталмыш жобаның Қытай мен Қазақстан халқы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға маңызды үлес қосатынын атап өтті. Ынтымақтастықтың жемісті нәтижелеріне ықпал еткен екі ел азаматтарының қажырлы еңбегіне құрметпен қарайтынын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Жібек жолындағы 100 қала» жобасының Қазақстанның тарихы терең үш қаласы – Тараз, Түркістан, Алматы туралы үш кітаптың жазылуына мұрындық болғанын атап өтті.

Орта ғасырларда ірі өркениет ошағы болған  жүз қаланың тарихын жазу, оны миллион-миллиардтаған оқырманы бар елдің тіліне аударып шығару – игілікті іс. Бұл үш қаланың тарихы терең және  ол үшеуі әлемдік өркениетке зор үлес қосқан қалалар болып табылады, – деді Ұлықбек Есдәулет.

Қытайдың «Синьсин» мемлекеттік баспасының директоры Ма Руджун: «2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуін» жүзеге асыру идеясын Астанада, «Назарбаев Университетінде» әлем назарына ұсынды. Биылғы жылды қосқанда 10 жылға толады. «Жібек жолындағы жүз қала» жобасының бастапқы мақсаты – осы ұлы бастамаға үн қосу еді. Дәл осы маңызды тарихи оқиғаны толық әйгілеу және еске алу мақсатында бүгін біз осы бастама көтерілген Астана қаласында «Жібек жолындағы 100 қала» атты кітаптар топтамасының тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Сонымен қатар, бүгінгі тұсаукесер Қытай мен Қазақстанның мәдениет пен баспа саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы жетістіктерінің көрінісі болып саналады»,  – деді.

Іс-шара соңында «Фолиант» баспасында орыс тілінде жарық көрген қытайдың «Шанхай», «Чжухай» және «Хами» қалалары туралы кітаптар мен қазақ тілінде шыққан «Алматы», «Тараз» және «Түркістан» қалалары туралы кітаптар және «Тараз» кітабының қытай тіліндегі нұсқасы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына сыйға тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға