Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бәйге түрлерінен республикалық турнир өтеді

Елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында 4 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Astana Cup» классикалық ат шабысы мен бәйге түрлерінен республикалық турнир өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған додаға Қазақстанның барлық өңірінен бәйге аттары қатысады деп күтілуде. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 120 000 000 теңге.
Ауыздығымен алысқан сәйгүліктер классикалық ат жарысы саналатын ұшқыр бәйгеде төрт қашықтық бойынша бақ сынайды: 1200 м, 1600 м, 1800 м және 2000 м. Сонымен қатар, 12 шақырымдық «топ» бәйге мен 18 шақырымдық «аламан» бәйге де өтеді. Айта кету керек, жалпы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау қаржылай сыйақы шығындары, яғни жүлде қоры демеушілер есебінен жүргізіледі, — дейді қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі, Туризм және спорт министрлігі және «Ұлттық спорт қауымдастығы» бірлесіп ұйымдастыруда. Айта кетейік, жүйріктер додасының ашылу салтанаты 4 мамыр күні сағат 12:00-де өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Сонымен қатар, «Қазанат» атшабарына №303, №309 және №323 бағыттарындағы автобустар қатынайды.
