Жаңалықтар

Ұлы Жеңіске 80 жыл: «Қара ажал» ұшағындағы қазақ батыры

Ұлы Жеңіске 80 жыл: «Қара ажал» ұшағындағы қазақ батыры
Фото: коллаж El.kz 30.04.2025 11:00 138

Талғат Бигелдинов – қазақ ұландарына Отан қорғаудың өшпес өнегелі ізін қалдырған даңқты батыр. Ол көк аспанда ерліктің ерекше үлгісін көрсеткен, аты аңызға айналған тұлға. Бүгін есімі ел есінде мәңгі сақталған Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алған тұңғыш қазақ, ұшқыш-шабуылшы Талғат Бигелдинов жайлы айтамыз.

Арбада үстінде дүниеге келуі

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы, Майбалық ауылында дүниеге келген. Ол – Кенесары ханның сенімді сардарларының бірі болған Басығара батырдың тікелей ұрпағы. 1837 жылы Басығара батыр Ақмола бекінісіне шабуыл кезінде ерлікпен қаза тапқан.

Талғат батыр ашық аспан астында, түйеге жегілген арбада дүниеге келген. Бай Ғалибай мал-мүлкін тәркілеуден сақтау үшін Түсіпбек пен оның туыстарына малды Алатауға айдап кетуді тапсырған. Сол көшпен бірге келе жатқан аяғы ауыр Хадия босануына аз қалған соң арбаға отырып, сол сапар барысында сәбиін дүниеге әкеледі. Көш тоқтап, той жасалып, ақсақалдар ақылдаса келе нәрестеге Талғат деген есім береді.

Талғаттың туған жері жайлы екі дерек бар. Кейбір деректерде оны Бішкекте туған дейді. Бұл екі дерек те шындыққа жанасады, себебі Талғатты туған соң атасы өзінің баласы жоқ інісінің қолына береді. Сөйтіп, бала туған ата-анасынан ажырап, Бішкекке көшіп кетеді.

Балалық шағы мен білім алуы

Талғатты асырап алған өгей шешесі оған қаталдық танытып, бала жетімдіктің ащы дәмін ерте татады. Аштық жылдары кейде қайыр сұрауға дейін мәжбүр болады. Достарымен бірге тауға барып, кесіртке мен жыландар аулап, солармен қоректенуге тура келген кездері де болған.

Мектепте жақсы оқығанымен, татар тіліндегі мектептен орыс мектебіне ауысқанда орыс тілі сабағы үлкен қиындық туғызады. Бір күні сыныпта жалғыз отырып жылап отырған Талғатты мұғалімі байқап қалып, үйіне келіп сабақ оқуға шақырады. Сөйтіп, Талғат пен досы Аркаша мұғалімнің үйінде қосымша білім ала бастайды. Мұғалімнің үйі нашар, суық болғандықтан, олар алдымен далаға шығып, жақын маңдағы ағаш қоймасынан сексеуіл әкеліп, үйді жылытып алады. Осы жағдай мұғалімнің жүрегін елжіретіп, ол балаларға барлық жағдайын бөлісіп, барын береді. Осылайша Талғат орыс тілін меңгеріп, кейін сауатты жазатын дәрежеге жетеді.

Әскери авиацияға жолы

1938 жылы Талғат Фрунзе қаласындағы аэроклубқа оқуға түспек болады. Алайда бойы аласа болғандықтан, оны қабылдаудан бас тартады. Алайда табандылығы мен қайсарлығының арқасында оқуға қабылданып, 1940 жылы Балашовтағы әскери авиация мектебіне жолдама алады. Кейін Орынбор қаласындағы Чкалов әскери ұшқыштар мектебіне ауысып, оны 1942 жылы тәмамдайды. Осылайша майдан даласына дайын әскери ұшқыш ретінде аттанады.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі

1942 жылдың желтоқсанында Талғат Бигелдинов Калинин майданындағы 296-авиациялық дивизия құрамындағы 800-шабуылдаушы авиаполкіне қабылданады. Ол «Ил-2» ұшағымен 305 әскери ұшуға қатысқан. Немістер бұл ұшақты «Қара ажал» деп атаған. Талғат бұл көрсеткішімен өзге Кеңес батырларынан да асып түсіп, 7 жау ұшағын атып түсірген.

Тоғызыншы ұшудан кейін-ақ жетекші ұшқыш атанған Талғат көптеген маңызды тапсырмаларды орындап, полкінің алдында жүрген. 1943 жылы Днепр үшін шайқаста оның ұшағы зақымданып, өртене бастайды. Сонда Талғат ұшағын жау техникасы жасырынған орынға бағыттап, өзі секіріп үлгереді. Бұл ерлігі суретке түсіріліп, кейін көпшілікке мәлім болады.

Сол жылдың көктемінде ол тұңғыш штурмовик ретінде немістің жойғыш ұшағын атып түсірген. Бұл – әскери авиация тарихындағы ерекше оқиға. Атып түсірілген ұшақтың ішінде 108 жау ұшағын жойған танымал ұшқыш, капитан фон Дитрих отырған еді. Осы ерлігі үшін Талғат алғаш рет Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.

1944 жылы 26 қазанда 22 жасар лейтенант Талғат Бигелдиновке Знаменка мен Кировоград үшін шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. 1945 жылдың 27 маусымында ол бұл атақты екінші мәрте иеленеді. Бұл жолы эскадрильяны шебер басқарғаны және Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау, Берлин қалалары үшін шайқастардағы батырлығы ескерілген.

Соғыстан кейін, 1945 жылдың маусымында Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысады. Ол ең ауыр шайқастардан аман өтіп, Мәскеу, Киев, Еуропа қалаларын қорғауға және Берлинге шабуыл жасауға қатысқан.

Дұғаның күші

Талғат Бигелдинов мінген ұшақтың бортына №13 саны жазылған. Басқалар бұл саннан сескенсе де, Талғат оны өзінің бақытты саны санап, оған ешқашан қорқынышпен қарамаған. Әуеге көтерілер алдында әрдайым әжесінің үйреткен дұғасын оқып отыратын. Бұл дұға оның жанына демеу болып, оқ пен оттың ортасынан аман шығуына рухани тірек болған.

Талғат Жақыпбекұлының «Балалық шағымда маған мейірімін аямай төккен бір адам болды – ол менің 101 жас жасаған асыл әжем еді» деген бір сөзі бар. Әжесі оған найзағайдан сақтайтын дұға үйретіп: «Қарағым, аспанда найзағай жарқ еткенде осы дұғаны айт, сонда сені айналып өтеді», – деп ақыл айтқан екен. Талғат осы дұғаны ұрыс кезінде де қайталап айтып, жау оғынан аман қалып отырғанына сенімді болған.

Соғыстан кейінгі өмірі

Соғыс аяқталғаннан кейін Талғат Бигелдинов 1956 жылға дейін Кеңес Одағының Әскери-әуе күштерінде қызметін жалғастырды. Кейін азаматтық авиация саласына ауысып, 1956–1970 жылдары осы салада еңбек етті. Ұшқыш ретінде ғана емес, инженерлік қабілетін де шыңдаған ол 1968 жылы Мәскеудегі Құрылыс-инженерлік институтын тәмамдайды.

Одан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің құрылымында басшылық қызметтер атқарып, еліміздің инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, ол Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 2, 3 және 12-шақырылымдарының депутаты болып сайланып, ел тағдырына қатысты шешімдерге қатысады.

Азаматтық болмысы

Талғат Бигелдинов – тек әскери ерлігімен емес, сонымен қатар адамгершілігімен, қоғамға деген жанашырлығымен де танылған азамат. Соғыстан кейін мүгедек жауынгерлер мен жетім балаларға көмек көрсететін қайырымдылық қордың президенті болды. Ол ешкімге дауыс көтермейтін, әрдайым сабырлы, қажет сәтте қолдау білдіретін кең пейілді жан болған.

Өмірінің соңғы 40 жылында ол ерекше бір тыныштық тапқан сүйікті ісі омарташылықпен айналысты. Ара өсіруді «бейбіт эскадрильям» деп атаған Талғат Жақыпбекұлы бұл істі жай ермек емес, жан тыныштығының бір көрінісі деп білген. Оның айналасындағы адамдар бұл қасиетін ерекше жылы сезіммен еске алады.

Өсиеті мен мәңгілік мұрасы

Талғат Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында, 93 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның сүйегі Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді. Басқа да елге еңбегі сіңген тұлғалармен қатар, оның басына ескерткіш орнатылды. Батырдың есімі еліміздегі жоғары оқу орындарына беріліп, бірнеше деректі және көркем фильмдерге арқау болды.

Соғыс болсын деп ешқашан қаламаймын. Бірақ егер осындай ауыртпалық басымызға түссе, Алла сақтасын, сіздер және немере-шөберелеріміз бізден кем болмай, жауларға соққы берсін! Біздің өсиетіміз – осы, – деп батыр ұрпақтарына аманатын айтып отыратын.

Талғат Бигелдинов өз өмірі мен әскери тәжірибесін арқау етіп, үш кітап жазған: «305-ші рейд», «Мәңгілік шыңында» және «Илдер шабуылдайды». Бұл еңбектер – оның ерлігі мен өмірлік ұстанымының шежіресі іспетті.

Марапаттары

Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленіп, соғыс жылдарындағы ерліктері үшін көптеген марапаттарға ие болды. Оның есімі мәңгілікке тарихта қалды. Оның жауынгерлік шеберлігін, ерлігін және қажырлы еңбегінің көрінісі ретінде Алтын Жұлдыз медалінің екі нөмірі №4619 және №6554 табысталды. Сонымен қатар, Талғат Бигелдинов Ленин орденімен марапатталды, екі рет Қызыл Ту орденін 1943 және 1944 жылдары иеленді, бұл оның соғыстағы ерен ерлігін көрсетеді. Александр Невский ордені, Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендері оның шайқастардағы батырлығына берілген құрмет болды. Талғат Бигелдинов Қызыл Жұлдыз орденін де иеленген, ал III дәрежелі Даңқ ордені оны соғыстың алдыңғы шебінде жүрген ұшқыш ретінде тану үшін берілді. Сонымен қатар ол Кеңес Одағының әскери жоғарғы наградаларын бірнеше мәрте алды.

Соғыс аяқталғаннан кейін де Талғат Бигелдинов жоғары бағаланып, елімізде Отан орденімен марапатталды, сондай-ақ І дәрежелі Даңқ ордені оның азаматтық өміріндегі де ерен еңбегін мойындаудың белгісі болды. «Астанаға 10 жыл» медалі сияқты марапаттар да оның елімізге сіңірген еңбегін бағалаудың бір нысаны ретінде табысталды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға