Жаңалықтар

"Ұлы дала жорығында" алғаш топ жарған Адай жылқысы туралы не білеміз?

"Ұлы дала жорығында" алғаш топ жарған Адай жылқысы туралы не білеміз?
Фото: Ашық дереккөзден 22.10.2023 15:22 1612
Өткен жылы «Ұлы дала жорығы» атты ат бәйгесінде маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасы топ жарғаны көпшілік мәлім. 1 200 шақырым қашықтықты 12 күн ішінде бағындырған Адай жылқысы деп аталатын арғымақтар көпшілікті таңқалдырған еді. Айтулы аламаннан Маңғыстау оралған шабандоздармен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі өткен жылғы дода туралы сөйлескен болатын. Биылғы сында сынға қосылған тұлпарлардың бабы дұрыс болмай, тек біреуі ғана көмбеге келді. Десек те, өткен жылы мәре сызығына сүрінбей жеткен ерекше тұқымды жылқылар туралы бапкерлер мен шабандоздардың айтары көп. 
Адай жылқысы деп аталатын тұқым 12 күндік аламанды күллі елдің назарын өзіне аударды. Сырт көзге елене бермейтін бұл жылқы тұқымының өзіне тән ерекшеліктері өте көп көрінеді. Жүйрік атқа ұқсамайтын жылқылар халықтық селекциядан бір ғасыр бұрын пайда болған. 
Ұзақ жолға ерекше төзімділігімен таңдай қақтырған Адай жылқысы Маңғыстау облысында кең таралған. Ертеден бүгінге жеткен жылқы тұқымы ұзақ жолға төзімді келеді дейді. Сонымен бірге ауа райына тез бейімделуімен де ерекшеленеді. 
«Көкмойнақ» командасына облыс бойынша 10 ат таңдалған. Барлығының жасы 6-9 аралығында дейді атбегі Қоғабай Мықырбаев. Олар межелі жолды желе-жортып бастап, күніне 100 шақырымды аттардың екпінін түсірместен өтіп отырған. Ал шабандоз жігіттердің салмағы 65-75 келі екен. 
 Белгілі бапкер, ат сыншысы Қоғабай Мықырбаев «5 қыркүйек күні аттарды іріктеп, 8 қыркүйекте жолға шықтық» деп отыр. 
- Бәйгеге қосатын аттарды жаратқан жоқпыз. Көп жылқының арасынан көзбен көріп, шамасын бірден таныдық. Таныған аттарымыз аламанда жерге қаратпай, мәреге бірінші болып келді. Адай жылқыдары жылқылар көбіне ащы шөп жейді. Басқа облыстардың арғымақтары табиғат жағдайына байланыс кейбір жерлерде жеген шөптен іші өтіп, біраз әбігерге салды. Бұл жылқылар қай өңірде болмасын даланың шөбін сүйсіне жеп, табиғатқа бейімделіп кетті", - дейді Қоғабай Мықырбаев. 
Атбегі тұзды шөп пен ащы су ішкен жылқылар қуатты болатынын айтады. Ұзақ сапар кезінде Адай жылқыларының еш қиналмауы сондықтан болса керек. 
"Аламанда ұзақ жолда аттардың аяғы талған жағдайлар болды. Дегенмен біз аялдаған сайын мал дәрігері тексеріп, аттарымыз қалпына тез келетінін аңғарды. Бұл Адай жылқысының кетерлік басты ерекшеліктерінің бірі. Қанша жерден болдырып, шаршаса да 15 минут ішінде жүрек соғыстары қалпына келіп отырады", - дейді Қоғабай сыншы.
Аламан кезінде аттардың түнімен терін басып, өлшеммен жем-шөбін берген бапкер бел-белесте қиналмаған.
"Кейбір асуларда шабандоздар «атты қинамайық» деп жетектеп шығарды. 60 шақырымға дейін желе жортып отырғанда Адай жылқысының сыр бермейтіні анық көрінді», - деді  Қоғабай Мықырбаев. 
12 күн бойы ат үстінде болған шабандоздың бірі, "Көкмойнақ" командасының мүшесі Ербол Ермағамбетов Адай жылқысының ерекшеліктерін атап, ойымен бөлісті.  
- Шарт бойынша біздің командада 5 ат жарыс жолына қосылған. Алайда орта жолда бір тұлпарымыз сыр берді. Ережеге сәйкес біз алғашқы бес атпен 600 шақырымға жеткен соң екінші атқа ауысуға тиіс болдық. Аламан басында бір атымыздың жарысты тоқтатуына байланысты алғашқы межеден кейін қалған 600 шақырымға тек 4 атпен аттандық", - деді Ербол Ермағамбетов. 
Оның сөзінше аттан түспей шабу қиын болғанымен, Адай жылқысына бұл аса қиын болмаған. Арқаның жазық даласында, Бетпақдалының шөлейт аумағында, елу шақырымға жуық тау арасындағы жолда "Көкмойнақ" командасының аттары болдырмаған.  
 "50 шақырым сайын аттарға су беріп, жем беріп отырдық. Бұл жарыста нақты уақыт бекітілген жоқ. Күніне 100 шақырымды  шауып отырдық. Біздің жылқылар бел-белес, қырат пен жота, тіпті құмды да аса сезіне қоймады. Осы жарыста Адай жылқысының нағыз шыдамды жануар екені анық байқалды", - деді ол. 
Басқа облыстарда мұндай тұқымдағы аттар болмағанымен төзімді тұлпарлар көп болды дейді шабандоз жігіт. Оның сөзінше мәреге "Көкмойнақ" командасы жеткеннен кейін екінші орын иеленген топ бірнеше сағат кешігіп жеткен. 
"Біз мінген жылқылар өте шыдамды, шаршаса да қалпына тез келеді. Бұл басты артықшылық болып отыр. Біз мәреге жеткеннен кейін екінші келген команда Жетісу облысы 4 сағатқа кешігіп жетті. Үшінші орын алған Түркістан облысы 6 сағатқа қалып қойды. Жамбыл облысының командасы 4-ші болып келген еді. Алайда олардың бізден айырмасы 14 сағатты құрады», - деді Ербол Ермағанбетов.
Адай жылқысын зерттеуші Күзембай Ерғалиев ерекше жылқының шығу тегі ертеден басталған деп отыр. 
- 1941 жылдан бастап Ұлттық ғылым академиясы  Адай жылқысына назар аударып, өсіруді қолға алды. Сол жылы Таушық ауылнда жылқы өсіретін орталық құрылды. 1952 жылы Ұлттық ғылым академиясы Адай қолтұқымды жылқысын зерттеп, кітап шығарды. Аттың мықтылығын тексеру кезінде 24 сағат ішінде Адай жылқысы 309 шақырымды тоқтамастан жүріп өтті. Сол кездегі саясатқа байланысты шаруашылықтар 1956 жылы жабылып қалды. Қалған малды өңірлегі ұжымшарларға таратып берді", - дейді шежірежі қарт. 
Дегенмен, көптің назарын аударған жылқыны өсіру 1970 жылы облыс ашылғанда қайта қолға алынды. 
"Бұл тұқымды асылдандырып көрдік. Кеңес Одағы тараған тұста ол шаруашылықтың тоз-тозы шықты. 2006 жылы Адай жылқысын қайтадан асылдандырып, тұқымдық желілерін шығарып, көптеген қызметті қолға алды. 2011-2018 жылдары Адай жылқысы 18 рет халықаралық жарысқа қатысып, 160 шақырым қашықтыққа дейін шауып өзін дәлелдеп шықты», - деді Күзембай Ерғалиев. 
 
 Бүгінде Адай жылқысы бірнеше рет халықаралық ат жарыстарында оза шауып, бәйге алды. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан біріншілігінде бас жүлдені иеленді. 2013 жылы Ресейдің Резан қаласында өткен бәйгеде 1 орын алды. 2015 жылы Франция дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америка, Сауд Арабиядан келген кәсіби мамандардан жоғары бағаға ие болды. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға