Улво – нивхтердің ұлы арманы
Нивх тілі
Бөбегім, сен үйге келген адамның алдынан жүгіріп шығып, амандасасың! Шығарып саласың! Сен үшін өте маңызды дүние бұл. Қазақтығың әр қадамыңнан білінеді. Ал бұл халықтың тілінде амандасу мен қоштасу сөзі мүлдем жоқ. Олар өздерін «нивх» деп атайды. Біздіңше, «ескек есіп, желкенді қайықпен жүретін адамдар».
Нивх халқының қилы тағдыры жеріне орыстар аяқ басқан кезден басталды. 1849 жылы Невельский бастаған орыс экспедициясы Амурға табан тіреді. Артынша Амурдың сағасында бірнеше орыс елдімекені пайда болды. Нивх жеріне орыстар ағылып келе берді, келе берді... Әу баста «жергілікті халықты жерінен ығыстырмау, негізгі шаруашылығына қол сұқпау» туралы құжаттар болды. Сондықтан, қоныстанушылар алғашында жер игерумен айналысты. Дегенмен, бұл тыйымның ұзаққа созылмасын Ресей билігі де, нивхтер де сезетін еді. Осы тұста нивхтің беделді кейбір ұлдары орыстан келер қауіпті көкірек көзімен саралап алмастан, Ресей құрамына қосылу туралы ұрандарды қуаттап, қолдай бастады. Бұл кезде нивхтердің жеріне америкалықтар да көз тігіп, олар кит аулайтын аумаққа қайта-қайта баса-көктеп келгіштеп жүрген. Басқыншылардан қорғайтын қорғаушы табылғандай нивхтер орыстың бауырына тығылды. 1850 жылы нифх жеріне Ресей туы тігілді. Міне, нивхтердің сан мыңжылдық шаруашылығы – балық аулау ісіне орыстар енді шындап кірісті. Олар ата кәсібінен нивхтердің өзін ығыстыра бастады. Нивх халқы ата кәсібінен ғана емес, ата жолынан да қалай тайып кеткенін аңғармай қалды. Оған дәлел, 1899 жылы Амурдың төменгі ағысындағы нивх балаларына арналған миссионерлік мектептердің саны оннан асты. Сауат ашумен қатар, мұнда христиандық негіздері жүйелі түрде оқытылды.
Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін Ресейдің нивхтерге қатысты сценариі былайша өрбіді. Өзі аз халық әр тарапқа қоныстандырылды. Олардың жартысы Амурдың сағасында, жартысы Сахалин аралында қалды. Нивхтердің ғасырлық өмір сүру салтына қол сұғылып, олар дәстүрлі үйшіктерінен көпқабатты ғимараттарға көшірілді. Алғашында мұндай үйлерге үйрене алмаған байғұс нивхтер үйінің ішін үңгірге ұқсатып, түрлендіріп алды. Ал нивх балалары сол кездегі білім жүйесіне сәйкес интернаттарға орналастырылды. Туған үйлерінен алыстаған жас буын тілдерінен айырылды. Тамырынан да қол үзіп қалды. Саралап отырсаң, Ресей отар елдерінің барлығына осындай саясат жүргізгенін түйсінесің. Бізге де...
1926 жылғы санақ 4076 нивх қана бар екенін растады. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, нивхтердің саны өскен жоқ. 2002 жылы олардың саны 5200-ге жетті. Соның ішінде туған тілін білетіні – 688. Бұлардың 100-і ғана туған тілінде жетік сөйлеп, жазып-сыза алады. Басым көпшілігі – 1920-1940 жылдар аралығында туған адамдар. Яғни, қарттар...
Бүгінгі күні нивх тілі Сахалин облысының бірнеше мектебінде 3 сыныпқа дейін оқытылады. Ал қалған сынып оқушыларына факультатив, яғни таңдау пәні ретінде оқыту қарастырылған.
Нивх тілінің бүгінде екі диалектісі бар. Әу бастан бұл тілдің бірнеше диалектісі болған. Нивх тілінің жоғалуына себеп болған мәселенің бірі – осы. Кеңестік саясат «диалект дауын» өз пайдасына қолданды. Бір халық ешқашан түйіспейтін екі жолмен кетті. Екі диалектіге арналып, екі түрлі әліпби жасалды, әдістемелер жазылды... Ең соңғы әліпбиді 1979 жылы нивхтің арда ұлы Владимир Санги жасады. Бұл әліпбиді Ресей Федерациясы ресми түрде мойындап, бекітті. Владимир Санги тілді дамытуға арналған бүкіл оқулықтарды бір өзі жазып шықты.
Владимир Санги – нивхтің бағына туған адам. Жоғалуға айналған халқын қаламымен түртіп оятқан жазушы. Кеңестік кезеңде оның шығармалары дүние жүзіне танылды. Халқының тағдырын қаламгерлік тағдырына арқау еткен Санги әлем назарын нивхтерге аударды. Мәскеудің әдеби элитасына еніп, Ресейдің Мемлекеттік сыйлығын алған жазушы әнебір жылы барлығын тастап, туған жері Ногликиге тартып кетті... Әрі қарай Владимир Санги адам айтса нанғысыз істер бастады! Нивх әдебиетінің классигі, негізін салушысы Санги ұлы мақсатының жүзеге асарына тым сенімді еді. Ол нивхтердің байырғы өмір сүру салтын тірілтіп, далаға алып кетпекші болды. Нивх халқының тілін, танымын, болмысын жандандыруға арналған жоба әзірлеп, оған небәрі 22 жыл ғана керек деп жариялады. Өзі бас болып Улво деп аталатын қыстаққа қоныс аударды. Шаруашылық мәселелерін де шешіп қойды. Жұртын ата кәсіпке оралтпақ! Кетнивгун тайпасы оны көсемі деп таныды. Басқасын былай қойғанда, Сангидің нивхтердің асыл текті иттерін тірілтуге жергілікті биліктен ақша бөлдіртіп алғанын айтсаңызшы. Иә, иә, жоғалуға айналған сол иттер бүгінде арпылдап тұр...
Бүгінде Сахалинде алпауыт мұнай компаниялары жұмыс істеуде. Нивхтер солардың қажетіне жарап тұр. Негізгі табыс көзі де – солардан. Бір сөзбен айтсақ, мұнайшыларды тамақтандырады, киімін тігеді. Шаруа көп. Азын-аулақ ақшасын тастап, Сангидің артынан Улвоға ере қоюға батылы жеткендер көп емес. Десе де, Владимир Санги нивхтердің ұлттық рухын оятты. Дүние жүзінің жойылып бара жатқан жұрттарына үміт отын сыйлады. Біріккен Ұлттар ұйымының өзі нивх қаламгерінің батыл істерін мақұлдап, барынша қолдады. Оны беделді Кенесінің мүшесі етіп алды.
Бөбегім, Шыңғыс ағаң Айтматов нивхтың қайсар ұлы Владимир Сангиге арнап «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасын жазды. Шығарма әп сәтте төрткүл дүниеге жайылып кетті... Теңіз дауылында қалған желкенді қайық – Санги ғой! Өзегіме өксік тығылып, тәп-тәтті ұйықтап жатқан саған қараймын...