Жаңалықтар

"Ұлу жылы ұлыма ғұмыр тілеп". Ақын Серікзат Дүйсенғазы жантебірентерлік жазба жариялады

"Ұлу жылы ұлыма ғұмыр тілеп". Ақын Серікзат Дүйсенғазы жантебірентерлік жазба жариялады
Фото: instagram.com/serikzat_duisengazy 02.01.2024 19:46 36135

Ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлына арнап шығарған арнауын желіде жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осыдан бір жыл бұрын ақынның Әлихан есімді үлкен ұлы өмірден өткен еді. Мемлекет басшысы Серікзат Дүйсенғазыға ұлы Әлиханның мезгілсіз дүниеден өтуіне орай көңіл айту жеделхатын жолдаған. Қазан айында ақынның отбасында қуаныш болып, тұңғыш баласы Әлихан өмірден өткеннен кейін он айдан соң тағы бір баласы дүние есігін ашты. Оған Әлімхан деген есім бергенін жазған едік.

Қатар кешіп өткендей от пен қарды,
Өмір маған үйретті жоқ пен барды,
Келер жылдан үмітім көп болғанмен,
Өткен жылда өкініш, өкпем қалды.

Күндер қалды көзімнен төккен зарды,
Түндер қалды құсалы еткен жанды.
Өшпей қойды санамнан сағым уақыт,
Сағынышқа айналып кеткен мәңгі.

Күйзелгенде нұр күтіп жарық таңнан,
Аңсайды екен өткенді зарыққан жан.
Менің қимас қос бірдей асылымды,
Жүрегімнен суырып алып қалған.

Жанарымнан өлшеусіз мұң көшіріп,
Қос асылым кетті анау түнге сіңіп.
Қоян жылдың қойнында шерім қалды,
Бірде ысыған көңілім, бірде суып.

Құлағам жоқ, қайғыдан теңселгенмен,
Жылағам жоқ, егілдім кемсеңдеумен.
Аспанымда бір жұлдыз шырақ жақты,
Көтерілмей жүргенде еңсем жерден.

Құдай өзі көгертіп сепкен дәнді,
Тамырымда қозғады кепкен қанды.
Қақ айрылған жүректі қайта жамап,
Тағдыр шығар тұрғызған шөккен нарды.

Өтті осылай болған жыл күнім түнек,
Бүкіл қазақ мен үшін бір ұл тілеп.
Енді отырмын ұлт болып сұрап алған,
Ұлу жылы ұлыма ғұмыр тілеп!

1 қаңтар, 2024 жыл, - делінген жазбада.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Серікзат Дүйсенғазы (@serikzat_duisengazy)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға