Жаңалықтар

Ұлттық жоба аясында БҚО-ның 300-ден астам тұрғынына грант берілді

Ұлттық жоба аясында БҚО-ның 300-ден астам тұрғынына грант берілді
Фото: El.kz 01.07.2023 15:49 1157

Батыс Қазақстан облысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 317 адамға мемлекеттік грант берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Төлегенованың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 317 тұрғынның 54-і немесе 17 пайызы – еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар.

А.Төлегенованың сөзіне қарағанда, мал шаруашылығын дамыту үшін - 22 (40,7 пайызы) тұрғынға, құс өсіруге - 6 (11,1 пайызы), өсімдік шаруашылығын қолға алған - 1 (1,8 пайызы) және кәсіпкерліктің басқа салаларын дамытқысы келген 25 адамға (46,4 пайызы) гранттар берілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, биыл барлығы 405 адамға мемлекеттік грант беру көзделген.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде 24 351 адамның мүгедектігі бар, бұл – облыс халқының 3,7 пайызы. Соның ішінде 2 965-і – 18 жасқа дейінгі балалар.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық тәжірибеде мұқият зерттеліп, дайындалған, биылғы 1 шілдеден бастап күшені енетін Әлеуметтік кодексті басшылыққа алып, жұмыс жасайтын боламыз. Әлеуметтік кодекс аясында 9 заң күшін жойып, 50-ден астам заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл – ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізілетін біртұтас әлеуметтік құжат. Ол адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақыны ұлғайту, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету, - деді басқарма басшысы.

Осы айдан бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға көбейеді. Жыл басынан бері жәрдемақының мөлшерінің 8,5 пайызға өскенін ескере отырып, төлемдер өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда, 23 пайызға көбейеді.

Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Мүгедектігі бар адамдардың күтушілері тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен қамтылып, жеке көмекші ретінде рәсімделетін болады. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және кірісінен әлеуметтік және зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері жұмысқа орналасады. Сөйтіп, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру іс-шараларымен қамтылады, - дейді ведомство басшысы.

Мүгедектігі бар адамдарға басқалай да қолдау көрсетіле береді. Сонымен қатар оларды жұмыспен қамту да басты назарда болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға