Ұлттық ұланда тұңғыш рет вагондағы музей ашылды
Ұлттық ұланның Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінің құрылғанына 64 жыл толды. Атаулы дата қарсаңында әскери бөлім аумағында қамауда отырған адамдарды айдауылдауға арналған вагон ішіндегі музей ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде музейге айналған вагон бұрын сотталғандарды тасымалдау кезінде қолданылған. Ал қазір оның іші құқықтық тәртіп әскері атқаратын жауынгерлік қызмет жайындағы ақпараттар мен естеліктерге толы. Онда аталмыш қызметке қатысты жәдігерлер мен макеттер қойылған.
Бүгін – біздің әскери бөлімнің құрылған күні! Осы мерекеге байланысты концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Оған әскери бөлімнің жеке құрамы және құрметті қонақтар мен ардагерлер арнайы шақырылды. Біз бүгін сарбаздар мен сардарларға әскери бөлімнің терең тарихынан сыр шертіп, мерекелік көңіл күй сыйлаймыз. Сондай-ақ іс-шараға айдауылдау вагон мұражайының ашылуын да қостық, – деді 6636 әскери бөлімінің командирі, полковник Ерлан Боранбаев.
Әскери бөлімнің құрылған күнін атап өту барысында жаңа музей салтанатты түрде ашылды. Дәстүрлі қызыл лентаны әскери бөлімнің командирі, полковник Ерлан Боранбаев пен 13 жыл бойы аудауылдау батальонында қызмет атқарған запастағы полковник Аманжол Елеуқұлов кесті. Осыдан кейін арнайы келген қонақтар мен ардагерлер музей ішін аралап көрді.
Мен 22 жыл ғұмырымды осы әскери бөлімнің қабырғасында өткізіппін. Бүгін музейге айналған вагонға кіргенде өзім қызмет атқарған шақтар еріксіз ойыма оралды. Мәселен, қабырғада ілінген көне суреттер айдауылдау қызметінің қалыптасу кезеңдері жайында құңды ақпарат беріп тұр, – деді запастағы полковник Аманжол Елеуқұлов.
Бөлімнің жеке құрамы құрылған сәттен бастап еңбекпен түзеу колонияларын күзету жөніндегі маңызды міндеттерді орындады. Сотталғандарды және сот процестері барысында қамауға алынған адамдарды, сондай-ақ автомобиль және теміржол бағыттары бойынша Ақмола гарнизонының әскери сотында айдауылдауды жүзеге асырды.
Салтанатты іс-шарада Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері мен бишілері әскери бөлімнің сахнасында өз өнерлерін көрсетті. Қараөткел ауылдық округының оқушыларынан құралған «Серпер» тобы әскери қызметшілерге күйден шашу шашты.
Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің, Астана қаласының Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің, Астана қаласы бойынша «Халық банкі» АҚ-ның және елордалық бригада 5573 әскери бөлімінің өкілдері құттықтауларын жеткізіп, сыйлықтарын табыс етті.Бұдан бөлек Отан алдындағы қызметін абыроймен және белсенді атқарып жүрген бір топ әскери қызметшілер мен сарбаздар марапатталды.
Еске салайық, қазіргі уақытта бөлімнің жеке құрамы Ақмола гарнизоны соттарының қарауылдарын қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады. Сондай-ақ ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығын материалдық және қызметтік қамтамасыз етумен айналысады. Мұнда әр жарты жыл сайын азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен әскерге шақырылып, ант қабылдап, өз қызметін лайықты атқарады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram