Ұлттық Ұлан батырына арналған "Ерлік сыныбы" ашылды
Талдықорған қаласындағы Ш. Уалиханов атындағы № 10 орта мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан батыры ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері қатардағы Айбат Амановқа арналған «Ерлік сыныбының» ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аталған шараға батырдың жақындары, 5514 әскери бөлімнің басшылығы мен жеке құрамы, мектеп оқушылары, қала әкімдігінің, құқық қорғаушы органдарының және Қарулы күштер өкілдері мен ардагерлері қатысты.
Отаны үшін ерлікпен жанын қиған Айбаттай батыр ұлымыздың құрметіне алғашқы сөзді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы сөйледі. Қала басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Ұлттық ұлан әскерінің орны және Айбат Амановтың ерлігі туралы айтып өтті.
Содан кейін, сөз кезегі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешевке берілді.
Ұлтық ұлан батыры Айбат Амановтың ерлігі ұмытылмайды. Мектепте ұландық батырдың есіміне сыныптың берілуі оқушылардың батыр, патриот болып өсулеріне өз септігін тигізетініне кәміл сенемін,-деді өңірлік қолбасшылықтың бас тәрбиешісі.
Қатардағы Айбат Ерболұлының анасы Гүлназ Әлкенқызы ұлы туралы өз естеліктерімен бөлісті.Одан соң «Ерлік сыныбының» лентасын Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы мен полковник Ниязтай Болатұлын және Айбат батырымыздың әпкесі Инабат Ерболқызы қиды.
Ділнәз Сағатбекқызы мен Айша Талғатқызы атты оқушылар сөз сөйлеп, Айбат Амановқа арналған өлеңдерін оқыды.
Полковник Н. Әлкешев арнайы «Жас бүркіт» сыныбының символикасы бейнеленген шеврондар мен Ұлттық ұланның формасын және "Бүркіт" журналын табыстады.
Айбат екеуміз қатар өстік. Ол әскерге барып, кейін Астанада әскери қызметті жалғастыруды армандады. Енді мен оның арманын орындап, Астанаға әскери қызметке орналастырды. Осындай шараға қолдану көрсеткен Ұлттық ұлан басшылығына, қала әкімдігі мен мектеп директоры Айжан Жұмаділовға алғысымды айтамын,- дейді әпкесі Инабат Аманова.
«Ерлік сыныбының» ашылу салтанаты аяқталған соң, шақырылған қонақтар мектептің 1 қабатында орналасқан «Акт залына» түсті. Онда «Ерлік сыныбының» ашылуына атсалысқан бірқатар лауазымды тұлға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың құқығымен марапатталды. Әкімдік тарапынан Айбат Амановтың анасы Гүлназ Әлкенқызына да естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңы Талдықорған қаласы Ш.Уалиханов атындағы №10 мектеп гимназия оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.