«Ұлттық сараптама орталығында» жемқорлық схема анықталды
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-шара өтті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК базасында оның филиалдарының басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жетісу облыстық филиалының директоры А. Манкеев пен «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК төрағасының орынбасары С. Байгабуловқа қатысты ұсынысы қаралды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында А. Манкеев қызмет бойынша ауысу мақсатымен өзінің басшысы С. Байгабуловқа («Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК төрағасының бұрынғы орынбасарына) ақша қаражатын бергені анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, С. Байгабулов 2023 жылғы 18 мамырдағы №18Ж/Қ бұйрығына сәйкес «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.
Лауазымды адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауы азаматтық қоғамда теріс көріністерге әкеледі, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының имиджі мен іскерлік беделін төмендетеді, осыған байланысты сыбайлас жемқорлық пен өзге де бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және болдырмауға бағытталған профилактикалық жұмыс сала үшін негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қарастырылған жауапкершіліктерді (қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік) талдай отырып сақтау мәселесі де талқыланды.
Кеңеске қатысушылардың басты назары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңды қатаң сақтау және өзінің қызметтік міндеттерін адал орындаудың қажеттігіне аударылды.