Жаңалықтар

Ұлттық құрылтайда қозғалған мәселелерге қатысты 9 заң қабылданды

Ұлттық құрылтайда қозғалған мәселелерге қатысты 9 заң қабылданды
Фото: Ақорда 11.03.2025 18:01 307

Ұлттық құрылтай – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға, ұлттық бірлікті сақтауға және ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауға бағытталған бірегей институт. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған бұл алаң алғашқы отырысын Ұлытауда, екіншісін Түркістанда, ал үшіншісін 2024 жылы Атырауда өткізді. Ұлттық құрылтайдың рөлі мен маңызы қоғамда ұлттық құндылықтарды жаңғырту және әділетті қоғам құру жолындағы реформаларды іске асыруда айқын көрінеді.

Ұлттық құрылтайдың рөлі

Ұлттық құрылтайдың негізгі рөлі – билік пен халық арасындағы көпір болу. Ол азаматтық қоғамның түрлі топтарының пікірін жинап, оларды мемлекеттік саясатқа енгізуге мүмкіндік береді. Бұл институт Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мұрагері ретінде құрылып, одан да кең ауқымды міндеттерді қамтиды. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға жағдай жасайды. Атыраудағы үшінші отырыста Президент Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясын ұсынып, алты құндылықты атап өтті. Бұл талқылаулар саясат пен идеологияның жаңа бағыттарын айқындады.

Құрылтайда көтерілген ұсыныстар заңнамалық және практикалық деңгейде жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылы әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, вейпке тыйым салу және лудоманияға қарсы күрес туралы заңдар қабылданды. Бұл – құрылтайдың тікелей нәтижесі. Құрылтай мүшелері – қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар және өңір өкілдері – мемлекеттік шешімдердің орындалуын қадағалайды. Жыл басындағы секция отырыстары мен негізгі жиындар осы мақсатта ұйымдастырылады. Құрылтайдың рөлі тек пікір алмасумен шектелмейді, ол нақты шешімдер қабылдауға және олардың орындалуын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл – биліктің халыққа жақындауының заманауи моделі.

Ұлттық құрылтайдың маңызы

Ұлттық құрылтайдың маңызы оның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы, реформаларды қолдаудағы және қоғамдық бірлікті қамтамасыз етудегі әсерінде жатыр. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту процесі жүзеге асып жатыр. Құрылтай отырыстарында тіл, дәстүр, тарих және рухани мұраға баса назар аударылады. Мысалы, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына ұлттық мәртебе берілуі және «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайтарылуы осы бағыттағы жетістіктердің бірі.

Президенттің саяси, экономикалық және идеологиялық реформалары құрылтайда талқыланып, халықтың қолдауына ие болады. 2024 жылы қабылданған заңдар – отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар, мемлекеттік наградалар туралы өзгерістер – осының дәлелі.

Құрылтай әртүрлі әлеуметтік топтарды біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдырады. Атыраудағы отырыста айтылғандай, «ынтымағы жарасқан ұлт ешқашан ұтылмайды». Бұл – елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыстар құрылтай аясында қолдау тауып, 311 мыңнан астам адам ақталды. Бұл – ұлттың тарихи жадын сақтаудың маңызды қадамы. Құрылтайдың маңызы оның қоғамдық сенімді нығайтып, мемлекеттік саясатқа халықтың қатысуын арттыруында. Ол «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы идеологиялық негізді қалыптастырады.

Ұлттық құрылтай қандай заңдардың қабылдануына ықпал етті?

Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Жұлдыз Сүлейменова құрылтайда көтерілген мәселелердің нәтижесінде 9 заң қабылданғанын атап өтті.

Тарихтан белгілі, бізде ұлттық құрылтайды қай уақытта жинады? Ел мен елді  елдестіру үшін, сонымен қатар күрделі кезеңдерден, тығырықтан шығатын жол іздейтін дала демократиясының негізгі механизмі болды. Сондықтан да бүгінгі таңда халық пен биліктің арасында диалог құру деген негізгі мақсаты бар және Президент жанындағы консультативті орган болып саналады. Аға буын өкілдері, еліміздің дамуына еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері мен жазушылар, сонымен қатар жастарымыз бен орта буын өкілдері, еңбек санатындағы азаматтардың барлығы қамтылған. Ұлттық құрылтай мүшелері жылына бір рет бас қосқанымен, оған дейін тоқсанына бір рет жиналамыз. Жұмыс тәртібінде үлкен жиында өтеді, сол жиындарда біз халықтың арасындағы ең өзекті деген сұрақтарды талқылаймыз, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың пікірінше, Ұлттық құрылтай жалпыұлттық деңгейде ойлауға ықпал етіп отыр.

Бүгінгі таңда Ұлттық құрылтайдың ұлттық сипаттағы деңгейге жеткенін зор сеніммен айта аламын. Өйткені, осы уақытқа дейін 9 заң қабылданды. Ол заңдардың барлығы мемлекетіміздің әлеуметтік идеологиялық салаларына жауап беретін нақты заңнамалық, орындау тетіктері қарастырылған еліміз үшін қажет заңдар. Біріншісі, вейпті шектеу туралы заң. Бұл идеологиялық тұрғыдан әлеуметтік салада жас балалардың арасында осындай зиянды затқа тыйым салу туралы мәселе болатын. Бұл мәселені қабылдау да өте күрделі, қиынға соқты. Дегенмен, түрлі статистика мен әлеуметтік зерттеулерге қарайтын болсақ, мектептегі 2-сынып оқушыларының өзі осы вейпті шегіп көрген. Бұл жағдай баршамызды алаңдатты. Бұл біздің болашақ ұрпағымыздың денсаулығы, олардың психо-эмоционалды жағдайын да көрсетеді. Сондықтан бұл күн тәрбіндегі өзекті мәселе болды, - дейді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті мәселелердің бірі – есірткіге шектеу қою. Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін зиянды әдеттерден арылу қажет екенін атап өткен. Президенттің айтуынша, елдің өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретін жағымсыз қылықтардан арылу – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Осы орайда Президент қазіргі заманның қауіпті кеселі – вейп пен синтетикалық есірткіге тосқауыл қоюды тапсырған.

Бұған дейін есірткіні «жасырып» кететіндерге ауыр жаза тағайындалған еді. Бірақ сол азаматтардың біразы білместіктен, сондай баптың бар екенін білмегендіктен осындай қылмысқа барғаны, сөйтіп шалыс басқандықтан оған да қоғам кешіріммен қарауы керек деген гуманизмдік принцип қарастырылды. Үшінші мәселе лудоманияға байланысты. Көптеген азаматтар, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, әскерде борышын өтеп жүрген азаматтар лудоманияға беріліп, бұл да әлеуметтік кесел болғаны баршамызға мәлім. Сондықтан Ұлттық құрылтай аясында Мемлекет басшысының берілген тапсырмалары мен қабылданған заңдардың барлығы өте күрделі. Қоғамдағы идеологиялық мәселелердің шешімі деп айтар едім. Жалпы әлеуметтік проблемалардың шешімі бар, экономикалық проблемалардың да шешімі бар. Бірақ шешімі өте қиын мәселелер – ол идеологиялық тұрғыдан қарастырылатын тәрбие мен тәртіп мәселелері. Егер ол 30 жыл бойы қоғамда жабулы қазан күйінде келіп, қазіргі таңда жан-жақтан тоқтаусыз себеп салдарларын көріп жатсақ, ол ұзақ мерзімді көңіл бөлмегендіктен. Қазір сол мәселелерді Ұлттық құрылтайда ортаға салып, бір емес бірнеше мәрте айтып, мемлекеттік қызметкерлердің пікірімен санаса отырып, сарапшылардың зерттеуімен, Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалып жатыр, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Ал қабылданған заңдар алдағы 3-4 жылда өз жемісін беретіні анық.

2024 жыл сөзсіз Қазақстан тарихында әйелдің құқығын қорғау мен балалар қауіпсіздігіне қатысты заң қабылданған тарихи жыл болды. Мемлекет басшысының саяси реформалары,  жүйелі, сүбелі бастамалардың арқасында 5-6 жыл бұрын қабылдануы мүмкін емес секілді көрінген заңдарымыз қабылданды. Соның ішінде ерекше атап өтетін – «Ұлттық қор - балаларға» заңы. Біздің еліміздің жер қойнауының байлығы енді балаларымызға тиесілі. Бесікте жатқан баланың есепшоты ашылып, инвестициялық түсім түсіп жатыр. Мұндай жағдай бұрын соңды болмады. Бұл да үлкен еңбек. Бұл тек балаларға инвестиция емес,  аналарымыз үшін де инвестиция болмақ. Өйткені, әрбір ана өзінің баласы жақсы оқып, жақсы тұрғын үйге қол жеткізгенін қалайды. «Ұлттық қор - балаларға» заңның негізгі мақсаты – Ұлттық қорға түскен инвестициялық түсімдердің 50 пайызы балаларымыздың есепшотына жиналып, оның біліміне, тұрғын үйімен қамтамасыз етілуіне жинақталады, - дейді депутат.

Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде Жұлдыз Сүлейменова еңбек адамына қатысты арнайы бағдарлама қажет дейді.

Алдағы уақытта еңбек адамы туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет деп санаймыз. Биыл «жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланды. Біз көптен бері еңбек адамының мәртебесі туралы айтып келеміз. Елімізде болған жойқын апаттарды көрдік. Төтенше жағдайлар, су тасқыны, жылу электр орталығындағы апаттар, өрттен кейінгі жағдайлар. Енді біз еліміздің экономикасын одан әрі дамытуымыз қажет. Төтенше жағдай болды екен деп салымыз суға кетпей, бұл жағдайдан мүмкіндік көріп, одан әрі дамуымыз қажет. Бірақ елімізді дамытатын кім? Ертең ЖЭО-ның жұмысын жаңартатын кім? Бұл - жұмысшылар, еңбек адамдары. Біз сол еңбек адамының жағдайын елемейтіндей жағдайға келіп қалдық. Мектептің өзі де еңбек адамынсыз жұмыс істейтін сияқты. Бірақ олай емес. Мысалы, білім саласында 241 мың қосалқы мамандар бар, яғни техникалық қызметкерлер. Олар – еден жуушы, сантехник, ағаш ұстасы, аула тазалаушылар, электриктер. Егер осы санаттағы адамдардың біреуі жұмысына бармай қалса, мектептің бір сағат қызмет етуін елестету мүмкін емес. Осының барлығын істейтін қарапайым еңбек адамдары. Сондықтан Мемлекет басшысы соңғы үш жыл бойы жолдаулары мен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында үнемі еңбек адамының абыройын көтеру туралы айтады. Биылдың өзінде 72 млрд теңге жұмысшы мамандарға арнап «Наурыз жұмысшы» деген ипотекалық бағдарлама қосылып отыр. Астана қаласында 36 миллионға дейін, басқа қалаларда 30 миллионға дейін жұмысшы мамандар жаңа пәтер ала алады. Бұл да мемлекеттің жұмысшыларды қолдауға арналған нақты қадамдары. Алдағы Ұлттық құрылтайда «Еңбек адамы» деген бағдарлама қабылданса, оған Мемлекет басшысы тапсырма берсе, біз өз тарапымыздан заңнамалық тетіктері мен айлық мәселесін қарастырамыз. Ең бастысы еңбек адамының өзіне деген, елге деген сенімі артып, еңбек адамын құрметтеу мәселесі көтерілу керек, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар ата-анасынан айырылған балаларға қолдау көрсетілетінін айтты.

Жалпыұлттық сипат дегеніміз – Ұлттық құрылтайда көтерілетін мәселелердің өзектілігі. Мәселелер халықтың бел ортасынан көтеріледі. Ұлттық құрылтайда қабылданған заңдар мен баяндамалар, соның аясында қабылданған шешімдердің барлығы халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Мемлекет басшысы атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға арналып жатыр. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, көпбалалы аналар мен асыраушысынан айырылған аналардың мәселелері шешілді. Төтенше жағдайда ата-анасынан айырылған балаларды грантқа түсіру мәселесі шешілді. Мұның барлығы мемлекеттің азаматтарына деген қамқорлығын көрсетеді, - дейді депутат.

Қорыта келе, Ұлттық құрылтай Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды құрал ретінде өз міндетін жоғары деңгейде атқарып отырғаны анық. Ол халық пен биліктің арасындағы сенімді нығайтып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және реформаларды іске асыруға ықпал етеді. Дегенмен, оның тиімділігін арттыру үшін орындалу механизмдерін жетілдіру, қамту ауқымын кеңейту және қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Осылайша құрылтай «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы негізгі идеологиялық және практикалық алаңға айналды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға