Жаңалықтар

Ұлттық құрылтайда еліміздің жаңа бағыты айқындалды

Ұлттық құрылтайда еліміздің жаңа бағыты айқындалды
Фото: Akorda.kz 21.06.2023 17:30 770

«Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» – Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев жаңа Қазақстанның келбетін айқындап берді. Қазақ мемлекетінің іргетасын ақ киізге көтерген хандарымыздың, елдің қамы үшін ат үстінен түспеген билеріміздің қалағаны жария айтылды. Жошы дәуірінен бастап соңғы хан Кенесарыға дейінгі  алты ғасыр бойы жеріміздің иесіз болмағаны баса көрсетілді. Сондықтан Президенттің Түркістан төріндегі мәлімдемелері елдің бағыт-бағдарын көрсететін ауқымды бағдарлама ретінде қабылданып жатыр.

Олай айтатындай да бар. Елдігімізді жоққа шығарып, жерімізге сырттан көз алартушылардың аз емес. Ғаламторды ашсаңыз, аттылысы бар, жайдағы бар, көкігендердің талайы кезігеді. «Жоқтан бар жасадым, бәрі менің арқамда болды» деген пендені де көзіміз көрді. Түркістан құрылтайы мұндай сандырақтарға мықты тосқауыл болмақ. Сең қозғалды – тарихи әділеттілік биік мінберден айтылды.

Сталиннің әруағын тірілтіп, одан пір жасап жүргендердің мысы жаңа Қазақстанды баса алмақ емес. Кім не десе де, жазықсыз саяси репрессияның құрбандарын ақтау, олардың рухына тағзым жасаудан еліміз әсте бас тартпайды.  

Ендігі кезекте тарихымызды түгендеп қана қоймай, бүгінімізді бүтіндеп, болашаққа бағдар жасау ісі тұр. Сондықтан, Мемлекет басшысы еліміздегі саяси-экономикалық реформалардың маңызына тоқталды. Бүгінгі Қазақстанның келбетінің бұдан екі-үш жыл бұрынғы қалпынан мүлде бөлек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси өзгерістерге, әділетті қоғамды құруға азаматтардың белсене араласқанына мүдделі.

Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында бас-аяғы сегіз ұсыныс жасады. Мұның бәрі аумалы-төкпелі заманда мемлекет іргесін мықтап бекіте түсуді көздейтіні аңғарылады. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру,  тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу – кез келген дүлей күшке төтеп бере алатын бірегей ұлтты қалыптастыратын алғы-шарттар. Ал ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту,  мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізу, шекаралас аймақтарды дамыту – ел тұғырының биіктігін көздеу. Мұны жүзеге асыратын – жас буын. Сол себепті, Президент өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне айрықша мән беріп отыр.

«Ауруын жасырған өледі» деген қазақтың тәмсілі бар. Президент бұдан ада екенін көрсетті. Мемлекеттік аппараттың жұмысының олқы тұстарын да жасырмады. Ел арасында айтылып жүрген сыни пікірлерден хабардар екенін де айтты. Осындай кем-кетікті жою үшін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі құрылмақ.  

Ұлттық құрылтайға жиналған ғалымдар мен сарапшылар және сала мамандары екі күн бойы елдегі маңызды мәселелерді талқылады. Тың ой, тұщымды ұсыныс аз емес. Әрине, Ұлттық құрылтай – кеңестік орган. Азаматтық қоғамның өкілдері еліміздің дамуы мен бағыт-бағдарына қатысты пікір білдіріп, ұсынысын айтатын жер. Қоғамның үні биліктің құлағына тікелей жететін орын.

Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі, – деді Мемлекет басшысы.

Депутат Ермұрат Бапидің пікірінше, Президент Құрылтайда елдің басшысы ретінде ғана емес, азамат ретінде де сөз сөйлеген.

Тоқаев бір тұтам жердің, бір уыс топырақтың шетелдіктерге сатылмайтынын айтты. Бұдан артық қандай уәде керек? Шекаралық аймақтың мәселесін көтергені ұнады. Қытаймен шекаралық аудандардан ел жөнкіліп көшіп кетті. Халқы сиреп қалды. Мысалы, Марқакөлдің халқы бұрын 30 мың болса, енді сегіз-ақ мың қалыпты. Бұл – өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Президенттің билік басында бір мерзім ғана отыруын «халықпен жасаған келісімім» деп атады. Бұл да – халыққа берілген белгі, – дейді Ермұрат Бапи.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға