Жаңалықтар

Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстырады – Бибігүл Жексенбай

Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстырады – Бибігүл Жексенбай
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 17.06.2023 16:31 1610

Ұлттық құрылтай – көпшіліктің жай ғана жиналысы емес, саяси проблемаларды талқылайтын ұлттық деңгейдегі маңызы бар жиын. Мақсатымыз ұлтты ұйыстыру, қоғамды біріктіру. Елді мазалаған мәселелерді билікте жүргендер немесе Парламентте отырған азаматтар ғана жеткізбейді. Құрылтай Төрағасының орынбасары, сенатор Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, алқалы жиынға қатысушылардың мүддесі бір - бұқараны  мазалайтын сұрақтарды шешудің жолдарын талқылап, күрделенген мәселені халықпен бірге шешуге ұмтылу, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Сенатор бір жыл бұрын Ұлытауда өткен Құрылтайда айтылған мәселелер бойынша бірнеше заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып, бастамашыл топтардың құрылғанын тілге тиек етті.

Басты жаңалық - арнайы «Құрылтай» мобильді  қосымшасы пайда болды. Халық біліп, танып, қосымшаға өздерін мазалаған сұрақтарын жіберген. Бұл өзгерістің басталғанын білдіреді. Яғни, халық ұсыныстардың нақты жүзеге асатынына көз жеткізді деп ойлаймын. Қазір қосымшаға келіп түскен 400-ден астам ұсыныс зерделеніп жатыр. Оның ішінде қоғамға ең пайдалысы таңдалып, нақты шешімдер қабылданады»,- деді сенатор Бибігүл Жексенбай

Құрылтайдың алғашқы күнінде үш секцияға бөлінген құрылтай мүшелері қоғамда орны бар өзекті мәселелерді қозғаған. Сенатор соның ішінде елге пайдалы, болашаққа қажетті деген бірнеше ұсынысқа назар аударыпты. Соның бірі - еңбекке деген көзқарас.

Өзім де осы мәселені көтердім. Құрылтай мүшесі еңбек адамдарына деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Мұны мемлекет басшысы да талай рет ескерген болатын. Оны өзгертетін нақты тетіктер: Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу,  не болмаса бөлек еңбек министрлігін құру  керек. Балаға жастайынан еңбектің мән-мағынасын түсіндіру, қоғамды алға жылжытатын тек қана еңбек екенін санасына сіңіру керек. Ол үшін еңбек әділ бағалануы керек. Егер адамның еңбегі дұрыс бағаланса, бір жұмыстан шығып, кешкісін тағы жұмыс істеу деген болмас еді. Әріптестеріміз айтып жатыр, Еңбек кодексі жұмыс берушінің мүддесіне қарай жасалған. Оны қоғам санасынан да, заң тұрғысынан да өзгертуіміз керек. Екінші мәселе, адамдардың құқықтық сауаттылығы. Көпшілік заңды бұзғанда да, өзінің құқығын білмегендіктен бұзады. Құрылтай мүшесі бастама көтеріп, құқықтық сауаттылық бойынша арнайы ұлттық бағдарлама жасалып жатқанын айтты. Бұл да бір құрылтай мүшелерінің нәтижелі жұмыс істеуінің көрінісін көрсетеді, - деді Бибігүл Нұрғалиқызы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға