Ұлттық құрылтай бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Астана әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан негізгі тезистерін талқылау бойынша сараптамалық кездесу өтті. Жиынға қоғам белсенділері, Мәслихат мүшелері, мәдениет, білім беру, жастар саясаты, цифрлық технологиялар және т.б. салалардағы сарапшылар қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдік мәліметінше, кездесу аясында кәсіптік білім беру, инклюзивті ортаны дамыту және елорданың цифрлық трансформациясы мәселелері талқыланды. Қатысушылар Smart city-шешімдерін енгізудің, қалалық жайлы ортаны құрудың және «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Күн тәртібі аясында елордада театр өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. ÖzgeEpic креативті хабының негізін қалаушы, «Тіл-Қазына» КЕАҚ бас директоры Мақпал Жұмабай өз пікірін білдірді.
2024 жылы елордада 1013 спектакль қойылып, көрермендер саны 425 мыңнан асты. Бұл театрға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Сахна арқылы әдеби шығармаларды жандандыру көрермен мен әдебиет арасындағы байланысты нығайтады,-деді ол.
Спикер сонымен қатар балалардың эстетикалық және эмоционалды тәрбиесінің маңызды элементі ретінде қуыршақ театры үшін бөлек ғимарат ашу қажеттілігін атап өтті.
Жастар саясаты және есірткіні тұтынуға қарсы күрес мәселелері бойынша «Есірткісіз болашақ» ҚҚ төрағасы Жандос Ақтаев сөз сөйледі.
Астана – бұл өңірлердің бірі ғана емес. Бұл – жастардың едәуір бөлігі шоғырланған елдің астанасы. Бұл жерде мегаполис пен халықаралық тәжірибені ескере отырып, өз жоспарыңыздың болуы өте маңызды. Біз Астана тұрақтылық пен қауіпсіздік моделіне айналуы үшін жүйелі және толықтай тиімді жағдайда жұмыс істеуге дайынбыз,-деді ол.
Қала әкімі жауапты басқармаларға қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, нашақорлыққа және ойынға тәуелділікке қарсы күрес жөніндегі қалалық кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
