Жаңалықтар

Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлердің салтанатты шығарылымы өтті

Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлердің салтанатты шығарылымы өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 09.06.2024 03:21 890

Бұл жоғары әскери оқу орны жыл сайын «Қарулы күштер Бас штабының академиясы» факультетінде  жедел-стратегиялық және стратегиялық деңгейдегі басқару мамандарын дайындап шығарады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Магистранттарды құттықтауға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов келді. Ол мұнда офицерлердің, болашақ әскербасылардың және әскери басқару органдары басшыларының жаңа плеядасы дайындалып жатқанын атап өтті.

Егемен Қазақстан Қарулы күштері құрылған алғашқы күннен бастап нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырумен, ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландырумен және әскерлерді техникалық жарақтандырумен қатар, әскери кадрларды дайындаудың көп деңгейлі жүйесін құру басым бағыт болғанын атап өткен жөн, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов. – Бұл қадам бүгінде өзін толық ақтады деуге негіз бар. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде адам әлеуетіне ерекше маңыз берілген. 

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары ел президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің одан әрі дамуына баса назар аударатынын атап өтті.

Бізге басқару жүйесін жаңғырту, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыру, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, роботтандыру мен жасанды интеллектіні енгізумен айналысу керек, – деп жалғастырды Бас штаб бастығы. – Армияның кадрлық әлеуетін нығайтудағы Ұлттық қорғаныс университетінің рөліне тоқталғанда, мұнда бірегей ғылыми-зерттеу және білім беру ортасы құрылғанын да айту керек.

Ол сондай-ақ алдағы уақытта да ҰҚУ-ның дамуы жалғасатынын, келесі оқу жылынан бастап жаңа кафедралар, факультеттер мен зертханалар ашылатынын айтты. Сонымен бірге магистранттар мен докторанттарға арналған білім беру бағдарламалары мен пәндер желісі де кеңейтілмек.

Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов профессорлық-оқытушылар құрамына, ғылыми қызметкерлерге алғысын білдірді. Қазақстан армиясының қатары ең беделді әскери оқу орнында білім алған жоғары білікті мамандармен толығатынын және түлектердің алдында офицерлер корпусының беделін жоғары деңгейге көтеру міндеті тұрғанын жеткізді.

Биыл мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен 158 түлекке Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі дәрежесі берілді. Офицерлер магистратураның білім беру бағдарламасына сәйкес теориялық оқыту мен әскери тағылымдаманың толық курсынан сәтті өтті. 9 мамандық пен 22 біліктілік бойынша Мемлекеттік аттестаттау комиссиясы жүргізген қорытынды аттестаттау барысында жоғары білімдерін көрсетті.

Биыл магистратураны «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» бағдарламасы бойынша 8 офицер бітірді. Олардың қатарында полковник Мұрат Жүсіпов оқуын үздік аяқтағанын атап өту керек.

Оқудың барлық кезеңінде өте жақсы білімін көрсетіп, қорытынды аттестаттауды тек «өте жақсы» бағаға тапсырған оқу үздіктері қатарында жан-жақты қамтамасыз ету факультетінің түлектері подполковник Диас Қанафин мен майор Иван Битюков та бар. Айта кету керек, оқудың барлық кезеңінде «өте жақсы» деген баға алып, қорытынды аттестаттаудан «өте жақсы» өткен магистранттарға төсбелгі беріліп, олардың аты-жөні оқу орнының Құрмет тақтасына жазылады.

Ұлттық қорғаныс университеті жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық басқару буындарына офицерлер дайындайды. Сонымен қатар бұл білім ордасы ведомствоаралық ғылыми-білім беру орталығы болып табылады, әрі магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстанның басқа әскерлері мен әскери құралымдары үшін кадр дайындауды жүзеге асырады. Биылғы жылы бұл оқу орнын Ұлттық ұланнның 23 әскери қызметшісі, ҰҚК Шекара қызметінен 14 адам және Төтенше жағдайлар министрлігінен 5 адам бітіріп шықты.

Университетте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің офицерлері де тұрақты негізде оқып, білім алады. Бүгінгі шығарылымда Тәжікстан Республикасының 16, Қырғыз Республикасының 4 әскери қызметшісі барын айта кету керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға