Жаңалықтар

Ұлттық қорғаныс университетінде кітапхана ісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері талқыланды

Ұлттық қорғаныс университетінде кітапхана ісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері талқыланды
Фото: Қорғаныс министрлігі 19.10.2024 10:50 110

Астанада университеттің оқу процесінде арнайы әскери кітапханалардың рөліне арналған халықаралық конференция өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оған әскери жоғары оқу орындарының, азаматтық жоғары оқу орындарының, кітап үйлерінің, баспалардың басшылары мен мамандары және электрондық бағдарламаларды әзірлеушілер қатысты. 

Бейнеконференция байланысы арқылы конференция жұмысына доктор Давуд Рамезани бастаған Иран Қарулы Күштері Бас штабы Жоғары Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары және Беларусь Республикасы Әскери академиясының кітапхана меңгерушісі Наталья Горбач қосылды.

Қатысушыларға ҚР Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Самат Төлепбаев құттықтау сөз сөйледі.

Оқу үдерісінің тиімділігін арттырудың маңызды резерві кітапхана желілері мен жаңа ақпараттық технологиялар екені анық. Сондықтан біз олардың дамуына ерекше назар аударамыз, – деді ол. 

Конференция барысында оқу орындарының кітапханаларын үйлестіруді жақсарту жөнінде тұшымды баяндамалар мен ұсыныстар айтылды. 

Құрлық әскерлері әскери институтындағы оқу кітапханасының меңгерушісі Ұлдар Бекқожаеваның баяндамасы арнайы әскери-оқу кітапханаларының құрылу тарихына және олардың даму перспективаларына арналды. 

Доктор Давуд Рамезани Ирандағы Жоғары ұлттық қорғаныс университетінің әскери кітапханасы қорғаныс саласындағы ғылыми зерттеулердің дамуына қалай ықпал ететіні жайлы айтты. 

Беларусь Республикасы Әскери академиясының кітапхана меңгерушісі Наталья Горбач әріптестеріне оқу орнының қорындағы сирек кітаптар туралы әңгімелеп берді. 

«EDP HUB» ЖШС даму жөніндегі директоры Вита Кутуеваның электрондық кітапхана желісіне қатысты презентациясы арнайы әскери жоғары оқу орындарының оқу процесіне қалай кіріктіруге болатынын көрсетті. 

Іс-шара аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйінің көрмесі ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға