Жаңалықтар

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы: қазақстандықтарға нені білген жөн

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы: қазақстандықтарға нені білген жөн
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 01.02.2024 16:06 1478

Ұлттық қордан балалардың есепшотына түскен қаржыға салық салына ма, жинақ қандай жағдайда түседі және оны қалай тексереді деген тәрізді сауалдар дәл қазір қазақстандықтардың көкейінде тұр. Осы сауалдарға БЖЗҚ толыққанды жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл бағдарламаға кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала автоматты түрде қатысушы ретінде тіркелген.

2024 жылдың 31 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың нысаналы жинақтау шоттарына Ұлттық қордан алғашқы жинақтар түсіп те қойды. Мамандардың айтуынша, 7 миллионға жуық бала 100,51 доллардан алса, солардың ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады.

Рас, бұл қаржы бастапқыда айтылған сомадан анағұрлым төмен. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков оның себебін еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсаруымен байланыстырды.

Президент тиісті тапсырма берген уақытта бұл қаражат 160 доллар болған. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қарашада тиісті тапсырма берді. Ол кезде елімізде 6,4 миллион бала болды. Ал қазір балалардың саны 6,9 миллионнан асқан. Көрдіңіз бе? Бүгінде бөлінген қаражат көлемі 695 миллион долларды құрады. Осы соманы 6 миллион 919 мың 131 балаға бөлсек, әрқайсысына 100 доллар 51 центтен келеді, - деді ол.

Нысаналы талаптар дегеніміз не?

Бұл қаражатты бала кәмелет жасына, яғни 18 жасқа толған соң ғана ала алады. Оған дейін ол нысаналы талаптар болып саналып, қосымша табыс табу үшін инвестицияланады. Тиісінше жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.

БЖЗҚ мәліметінше, нысаналы талаптар дегеніміз – ел үкіметінің еліміздің 18 жасқа дейінгі азаматтары болып табылатын балалары алдындағы Ұлттық қорда жыл сайынғы инвестициялық кірістің 50% есебінен қалыптастырылатын міндеттемелері. 

БЖЗҚ-да Қазақстан азаматтары болып табылатын және ағымдағы жылы 18 жасқа толатын балалардың нысаналы жинақтау шоттарында жинақталған ақша нысаналы жинақтар деп аталады. Осы қаражатты пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды БЖЗҚ-дан АҚШ долларымен аударылатын банктік шот ашып, уәкілетті операторларға жүгіне алады, - делінген мәліметте.

Негізі БЖЗҚ-дан алынатын түрлі төлемдер табыс ретінде қарастырылғандықтан, әдетте оның барлығына салық салынады. Ал «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасында ондай жоқ. БЖЗҚ балалардың бұл қаражатына салық салынбайтынын алға тартты, яғни шотқа қанша ақша аударылса, 18 жасқа толғаннан кейін бала сол қаражатты түгел пайдалана алады.

Иә, өзіне тиесілі соманың игілігін көру үшін бала міндетті түрде кәмелетке толуы керек. Шоттағы қаражатты тұрғын үйге немесе жоғары білім алуына жұмсауға 18 жасқа толған азамат қана құқылы.

Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің Жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.

Вице-министр бұл бағдарламаның тиімділігін негізінен оған 18 жыл бойы қатысқан балалар көреді деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға