Жаңалықтар

Ұлттық паркті өрттен қорғау – басты парызымыз

Ұлттық паркті өрттен қорғау – басты парызымыз
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 21.06.2023 13:00 1474

Бүгінде еліміз бойынша 29 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Олардың қатарына 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 10 мемлекеттік табиғи қорық және 6 резерват кіреді. Сондай ерекше бақылаудағы табиғаттың таңғажайып мекенінің бірі - «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Гүлмира Нұрәліқызы Нысанбаевамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

El.kz: Гүлмира Нұрәліқызы, биылғы жаз еліміз үшін өрт белсенділігі жоғары маусым болып тұр ғой. Соған қарамастан уақыт тауып сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін рахмет. Сіздің мекеменің өртке қарсы дайындығы қалай? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

Гүлмира Нұрәліқызы: Иә, биылғы жаз еліміздегі барлық орман-тоғайы бар табиғи аймақ тұрғындарын алаңдатып отыр. Біздің де көңіліміз алаңдаулы екені рас, сондықтан да біз өз аумағымызды күндіз-түні күзетудеміз.

Ұлттық паркті өрттен қорғау – басты парызымыз

Жалпы айтар болсам, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілік-шаруашылық жағынан Ұйғыр, Еңбекшіқазақ және Кеген аудандарының аумағында орналасқан. Парк аумағы 4 аймаққа бөлінеді: қорықтық тәртіп аймағы; экологиялық тұрақтану аймағы; туристік және рекреациялық қызмет ету аймағы, төртіншісі, шектелген шаруашылық жұмыстар аймағы 26736,2 және 35 923 га аумақ Алматы облысы әкімінің 09.02.2012 ж. № 23 қаулысымен парктің қорғау аймағы болып белгіленген.

Біздің паркте жыл сайын ақпан айында «Өрт қауіпті кезеңге дайындық туралы» парк директорының бұйрығы шығарылады. Өрт қауіпті маусымға дайындық айлығы өткізіледі. Өртке қарсы құрал-саймандар жаңартылып, толықтырылады. Инспекторлық құрамды ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша оқыту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, инспекторларға жанар-жағармай резервтік қоры беріліп, радиобайланыстың тұрақты болуы тексеріледі.

Табиғи кешендер мен өртке қарсы іс-шараларды қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалады, ол толық көлемде орындалады. 216 шақырым көлемінде минералданған жолақтарға күтім жасалады.

«Шарын» МҰТП күзет қызметінің жұмысын 7 инспекторлық кордон жүзеге асырады. Парк аумағын 20 инспектор күзетеді. Күзет қызметіне 17 бірлік техника бекітілген, оның ішінде: 9 патрульдік автомашина, 1 өрт сөндіру машинасы, 2 арнайы автомашина, 3 трактор. Сонымен қатар, рейдтік іс-шараларды жүргізу кезінде пайдаланылатын 51 жылжымалы радиостанция мен 29 бірлік табельдік қару бар.

Парк аумағы 20 айналымға бөлінген, айналымның орташа аумағы – 6352 га. Әрбір айналым инспекторлық құрамға бекітілген. Парк бойынша 2014-2018 жылдар ішінде жалпы 7 кордонға күрделі жөндеу жүргізілген. 6 инспектор кордондарда тұрақты тұрады, қалған аумақ вахталық әдіспен қорғалады. Бұдан бөлек аумақты табиғат қорғау заңнамасын бұзушылардан қорғау бойынша рейдтерге тұрақты шығатын жедел рейдтік топ ұйымдастырылған.

Сондай-ақ төлдеу және қоныс аудару кезеңдерінде «Шарын» МҰТП тұяқты жануарлар мекендейтін жерлерде браконьерлікпен күрес жөніндегі уақытша бекеттер жасақталады.

El.kz: Жақсы, ол жылдағы жоспарлы жұмыстарыңыз ғой. Бүгінде трендте тұрған табиғатты өрттен қорғау мәселесі қандай деңгейде?

Гүлмира Нұрәліқызы: Біз қазір бір сөзбен айтқанда күнделікті таңғы сағат 4-тен бастап қас қарайғанға дейін күшейтілген режиммен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бүкіл аумақты күндіз-түні бақылауда ұстап отырмыз. Соның арқасы шығар, Құдайға шүкір, бізде тыныш.

Бізде еліміздегі ерекше тоғай – Шарын ерен тоғайы өседі. Оның 3 миллион жылдық тарихы бар. Бұл тоғайда өте сирек кездестін, баяғы заманнан бері өсіп келе жатқан ағаштың үш түрі: Іле жидесі, Іле бөріқарақаты және Шаған ерені бар. Зәйтүн тұқымдасына жататын бұл ағаштар ылғалды жерде өскенді қалайтындықтан, өзен арнасында өседі. Бұл ағаштар Қазақстаннан басқа тек Солтүстік Америкада ғана өсетін өте құнды жәдігеріміз. Сондықтан да бұларды қорғау басты міндетіміз!

Өрттен қорғау үшін қажет кезінде Шарын ерен тоғайында уақытша бекеттер орнатылады. Әрбір кордонның жанында тікұшақтың қонуы мен ұшуы үшін 6 жерде алаңдар жабдықталған.

«Шарын» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 9 адамнан тұратын өрттен қорғау тобымыз бар. Оның ішінде 4-уі өрт сөндіруші, 1-өрт сөндіру машинасының жүргізушісі, 1-тракторшы-машинист, 1-радиооператор, 1-өрт сөндіру машиналарын, құрал жабдықтарды жөндейтін слесарь және 1 адам басшы.

Біздің паркке биыл жыл басынан бері 219 млн. теңге қаражат бөлінді. Мұндай көлемді қаражат бұл паркке бұрын-соңды берілмеген болатын. Енді осы қаржыға қосымша техникалар сатып алмақшымыз. Оған 2 өрт сөндіретін көлік, 5 трактор, 1 «УАЗ» негізіндегі шағын өрт сөндіргіш техника және 5 дана өрт сөндіруге арналған тырмалар алу жоспарланып отыр. Өзге де өртке қарсы құрылғылар мен құрал-жабдықтарды мемлекеттік сатып алу (тендер) арқылы сатып алатын боламыз.

Ұлттық паркті өрттен қорғау – басты парызымыз

Оның алғашқысын, күні кеше 2 Беларус 320.4 тракторын тендер бойынша Жеткізуші компания әкеліп берді. Соған қуанып жатырмыз. Барлық сұраныс-заттарымыз мемлекеттік сатып алу порталында тұр. Бұйыртса қалғанын да аламыз деп отырмыз.

Осы арада айта кетейін, жақында ғана біздің парктің аумағында өртке қарсы бақылау мұнарасы орнатылды. Бұл өртті бақылау мұнарасының (бекеті) негізгі атқаратын мынадай үш функциясы бар: орман аумағында өрттің шығу белгілерінің пайда болуын қадағалау; азимуттық шеңберлерді пайдаланып тіркеу әдісімен орман өрті болып жатқан жерді анықтау; байқалған орман өрттері туралы ақпаратты орман өрт сөндіру станциясына және мемлекеттік орман иеленушінің кеңсесіне беру болып табылады.

El.kz: Бұл жақсы жаңалық қой, ол қай жерге орналастырылды?

Гүлмира Нұрәліқызы: Бақылау мұнарасы Ерен тоғайдың жоғары жағына Сарытоғай учаскесіне орнатылды. Биіктігі 5 метр. Ол тек өртке ғана емес, жалпы бақылау жасауға өте ыңғайлы болғандықтан, өрттен басқа, браконерьлерді аңдуға, барлық жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.

Ұлттық паркті өрттен қорғау – басты парызымыз

Өрт сөндіру құралдары тиісті нормалармен және нормативтерге сәйкес толық жинақталған 1 өрт сөндіру құралдарын сақтау қоймасы, 1 өрт сөндіру машинасы, екі тіркемелі құрылғысы, 5 трактор, 20 өрт сөндіргіш және 2 - мотопомпа бар.

Ұлттық паркті өрттен қорғау – басты парызымыз

El.kz: Шарын еліміздегі туристер ең көп келетін мекеннің бірі ғой. Жалпы Шарында қанша туристік бағыт бар?

Гүлмира Нұрәліқызы: Шарында туризм бойынша 4 маршрут бар. Парк аумағында жалпы қашықтығы 30,5 шақырымды құрайтын 4 туристік бағыт жасалынған. Олар: 

бірінші бағыт – «Шарын ерен тоғайы», екінші бағыт - «Шарын шатқалы -Қамалдар аңғары», үшінші бағыт - «Бейіттер мен қорғандар», төртінші бағыт - «Темірлік - Кіші шатқалы».

Шарын ерен тоғайы – табиғат ескерткіші. Бұл жерде көбіне ғылымға көңіл бөлген шетелдіктер келеді. Мұнда қабылдайтын туристеріміз ерекше – олардың дені орнитологтар, ботаниктер сынды таза табиғатқа қызығушылық танытқан ғалымдар.

Қазір аптасына 3000-нан аса турист қабылдап жатқан бағытымыз, өздеріңіз көріп отырғандай Шарын шатқалы. Яғни біздегі туризмнің нағыз қайтап жатқан жері - Шарын шатқалы. Бүгінгі күнге дейін мұнда 45000 турист қабылдадық. Оның басым көпшілігі шетелдіктер.

El.kz: Сонда мұнда қазақстандықтарға қарағанда шетелдіктер көп келе ме?

Гүлмира Нұрәліқызы: Жоқ, әрине жергілікті келушілердің саны көп қой, бірақ шет елден келетін туристердің саны жыл санап артып келеді. Біз өзіміз ешкімнің нұсқауысыз келушілерге жеке мониторинг жасап отырамыз. Келген адамды билетімен бір-білеп кіргіземіз. Сол кезде келген туристер кімдер, саны қанша, қайда келген деген сұрақтарға жауап алу үшін сараптама жасап отырамыз. Материал жинап, жылдың аяғында «Табиғат жылнамасы» деген атаумен бір жылдың қорытындысы бойынша ғылыми есеп дайындап шығамыз. Әр бағытта бақылау алаңшалары бар, сол жерде ғылым бөлімі өз мониторингтерін жүргізеді.

El.kz: Мемлекеттік емес, шетелдік ұйымдармен байланыстарыңыз бар ма?

Гүлмира Нұрәліқызы: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (ПРООН) қосымша жобаларды бірігіп атқарып келеміз. Соның арқасында олар бізге дрон, авокөлік, рация, фотоқақпандар, олардың батареялары дегендей, солармен қамтамасыз еткен болатын. Олар 15 фотоқақпан берген, оны біз әрбір инспекторға бердік, олар өз аумағындағы тыныс-тіршілікті фото-видеоға түсіріп отырады.

2018 жылы 25 шілдеде «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Республикалық мемлекеттік мекемесі ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» Халықаралық Координациялық Кеңесінің 30-сессиясының шешімімен Халықаралық биосфералық резерваттар желісіне енді. Қазақстан үшін әлемдік деңгейдегі осындай ұйымның мәртебесін иелену өте маңызды.  Өйткені біздің табиғи аумақтардың құндылығы халықарлық маңызға ие болып, қарқынды даму моделіне айналуға мүмкіндік алады.

Сөз ыңғайы келгенде айта кетейін, келесі жылы біздің парктің құрылғанына 20 жыл болады. Яғни «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23.02.2004 ж. №213 қаулысы негізінде Алматы облысының экологиялық, тарихи, ғылыми, эстетикалық және рекреациялық құндылығы ерекше бірегей табиғи кешендерін сақтау және қалпына келтіру мақсатында 93150 га алаңда құрылды. ҚР Үкіметінің 06.02.2009 ж. №121 Қаулысымен парктің аумағы кеңейтіліп, мемлекеттік жер қорынан және қорғаныс мұқтажына арналған жерлерден 32900 га қосылып, бүгінде Парктің жалпы ауданы 127050 га құрайды.

Біздің ауданның климаттық жағдайының ерекшелігін айтар болсақ, жазы өте ыстық және құрғақ. Жазда қарақұйрық негізінен судың жетіспеуіне байланысты Ұлттық парктің аумағынан тыс жерлерге су іздеп қоныс аударады.

Ал қарақұйрық біздің пактің бренді десек те болады. Солардың «Шарын» МҰТП-нің көршілес учаскелеріне көшуін болдырмас үшін, жалпы ұзындығы 6 шақырым жасанды суаттар салынды. Оның ішінде Үлкен Бұғыты тауларының жазық бөлігіне 3 км және Темірліктің жазық бөлігіне 3 км. Сүмбе округінде жайылымдарды суландыру мақсатында БҰҰ даму бағдарламасы жобасының қолдауымен 10 шақырым пластикалық құбыр сатып алынып, қазіргі таңда 4,5 шақырым жерге су құбыры тартылды.

Осы аралықта атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде деп сеніммен айта аламыз. Себебі біздегі жан-жануарлардың көбейгенін байқауға болады. Мысалы сіз қазір далаға шығып, Алматыға қарай жүретін болсаңыз, жолда түрлі аңдар мен құстарды еркін кезіктіре аласыз. Ол осы парктің бекер құрылмағанын білдіреді. Бұл біздің дұрыс бағытта жұмыс жүргізіп жатқанымыздың белгісі десек артық айтқандық емес.

Осы орайда бүкіләлемдік биоалуантүрлі ортаның бір мүшесі болып табылатын біздің Ұлттық паркке көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін ПРООН-ға сіздер арқылы өз ризашылығымызды білдіре кеткіміз келеді.

El.kz:  «Ауруын жасырған өледі» демекші, енді қандай мәселелер бар, соларға тоқталайық, себебі мәселені дер кезінде шешпесе арты өкінішке соқтыруы мүмкін ғой?

Гүлмира Нұрәліқызы: Бізде бүгінгі таңда штат саны 46, бұл парктің аумағына тиісті нормаға сәйкес емес. Осы 127050 га территорияға негізінде 81 штат болуы керек. Сондықтан біздегі негізгі мәселе осы штат санының аздығы, қараушы адамдардың жетіспеушілігі болып отыр. Бірақ, соған қарамастан бар штатпен қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Екінші мәселе, тиісті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін мемлекет қаржы бөледі, бірақ мемлекеттік сатып алуға – тендерге қатысатын Жеткізушілердің жоқтығы.

Мен мысалы 2005 жылдан бері осында істеймін, байқағаным соңғы үш жылда Жеткізуші компаниялар жоғалып кетті. Тауарлар мен техникаларды сатып алуға байқау жарияланады. Бірақ ол байқауға қатысып, ұтып алған Жеткізуші жоқ. Кез келген қажетті жабдықтарды уақытында алдырайық десек, мемлекеттік сатып алуға әлеуетті Жеткізуші болмағандықтан, мәселе түйінін шешу күрделеніп кетеді.

El.kz: Парктегі табиғи ескерткіштердің бастапқы келбетін сақтауда адамдар тарапынан болатын келеңсіздіктер болып тұра ма. Вандализм, жартастарға жазу жазып, сурет салып кететіндер көп пе?

Гүлмира Нұрәліқызы: Бізде ондай келеңсіздіктер әзірге болған жоқ. Біздің ғылым бөлімі ондайды ұдайы қадағалап отырады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, соңғы 5 жылда адамдардың сана-сезімі жақсы жаққа өзгеріп келеді.

Шетелдіктердің көп келуінен біздегі қоқыс мәселесі, жалпы тазалық мәселесі де өз-өзінен шешіліп келеді. Шетелдіктердің мұндай жерлерде тәртіп пен тазалық сақтап жүргенінің ықпалы кәдімгідей әсер етуде. Бұл дегеніңіз ішкі туризмдегі отандастарымыздың мәдениетінің жыл сайын артуына септігін тигізуде.

El.kz: Елмен бөлісерлік қандай жаңалықтарыңыз бар?

Гүлмира Нұрәліқызы: Биылғы жылы наурыз айында біздің парктің аумағында визит-орталық ашылды. Оған ұйытқы болған біздің жалғыз инвесторымыз - «Qazaq Geography» қоғамдық бірлестігі. Ол Қазақстанның географиясы, табиғаты мен мәдениеті туралы білімді елімізде және шетелде дамытатын әрі насихаттайтын коммерциялық емес республикалық қоғамдық бірлестік. Біз олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Олар визит-орталықтың жанынан өз қызметкерлеріне арнап қосымша қонақ үйлер, глэмпингтер қойып жатыр. Барып көрсеңіздер болады.

Одан бөлек солармен бірге тағы бірнеше үлкен жобаны қолға алмақшымыз. Оның бірі Темірлік пен Кіші шатқалды Үлкен шатқалмен қосатын Шарын өзенінің үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу. Қазір оның ғылыми-сараптамалық негіздемесі жасалып, зерттеліп жатыр. Яғни салуға бола ма, болмай ма? салынса қанша адамды көтере алады дегендей. Алдағы уақытта нәтижесіне қарай жұмыс жүргізілетін болады.

Қазір біз ол жаққа уақытша шлагбаум қойып қойдық. Егер жаяу жүргіншілер көпірі салынатын болса, осы жақтан басталған 13 шақырымдық туристік бағыт Темірлікте аяқталатын болады. Яғни Ақсай жақтан келген турист Темірліктен түсіп, көпір арқылы бері өтіп, көпірдің үстінде фото-видео түсірілімдер жасап, бергі Үлкен шатқалға келуге мүмкіндік алар еді. Бұл өз кезегінде туристер санының артуына ерекше ықпал етер еді деген сенімдеміз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!

P.S: Орманшы мамандығы - аса қадірлі мамандықтың бірі. Онымен өз өмірлерін байланыстырған жандар, әсем табиғаттың сұлулығына ғашық және еліміздің жасыл жауһарын сақтап, арттыра түсуді адами борышым деп санайтындар. Табиғат қорғау жолындағы барша орманшының еңбегі - еліміз үшін қашанда ерекше маңызға ие.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға