Ұлттық нақыштағы киімдер трендке айнала ала ма? Этнодизайнермен сұхбат

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киімнің маңыздылығына тоқталып, оның күнделікті өмірдегі рөлін атап өтті. Президент ұлттық киімнің ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі екенін айтып, оны тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүруі жарасымды болатынын жеткізді. Бүгінде елімізде замана көшіне ілескенімен, ата-баба мұрасын ұмыт қалдырмай, ұлттық нақыштағы киімдерді жаңғыртып жүрген этнодизайнерлер аз емес. Солардың бірі – Марипа Тұслан. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы тігін өнерімен айналысып, қазақы киімдерді заманауи үлгіде қайта жаңғыртып келеді. Оның қолынан шыққан ұлттық киімдер қазір сұранысқа ие. Осы ретте El.kz тілшісі этнодизайнермен ұлттық мұраны дәріптеу, заманауи сән мен дәстүрдің үйлесімі жайында әңгімелесті.
Марипа Тұслан сынды этнодизайнерлердің ұлттық киімді жаңғыртуға қосып жүрген үлесі зор. Ол кісі 30 жылдан астам уақыт бойы тігінмен айналысып, қазақтың ұлттық киімдерін жаңаша үлгіде ұсынуда. Оның қолынан шыққан киімдер заманауи стиль мен дәстүрлі нақышты үйлестіре отырып, ұлттық мұраны дәріптеуге септігін тигізіп келеді.
жеке мұрағат
Қолөнер шеберінің этнодизайнға деген қызығушылығым бала кезден басталған. Бұл – қазақтың мәдениетіне деген сүйіспеншілігінен туындаған деп отыр.
Біздің отбасымызда ұлттық өнер мен қолөнерге ерекше мән берілді, сол себепті мен де осы дүниелерді бойыма сіңіріп өстім. Әкем марқұм ұлттық қолөнермен айналысты. Киіз үй жасау ісінен бастап, ер-тоқым, етік, саптама етік секілді бұйымдарды қолдан тігетін. Киіз үйге қажетті ағаштарды орманнан әкеліп, оларды бабына келтіріп, өңдеуден өткізетін. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс. Біз осының бәрін көзбен көріп, үйреніп өстік, – дейді шебер.
Анасы да ұлттық өнерден алыс болмапты. Киіз үйдің жабдықтарын, бау-басқұрларын қолдан жасап, киіз басып, жүн иіріп, жіпке айналдыратын деп айтты.
«Біз бала күнімізден оған қолғабыс болып, осы өнердің қыр-сырына қанығып өстік. Осындай ортада тәрбиеленгендіктен, мен де қазақтың дәстүрлі киімдеріне қызығушылық таныта бастадым. Әсіресе, ұлттық киім үлгілерін зерттеп, оны заманауи сәнмен үйлестіру бағыты маған ерекше әсер етті.
Ұлттық нақыштарды қазіргі трендтермен үйлестіру қиын ба?
Бүгінде Марипа Тұслан ұлттық нақыштарды қазіргі трендтермен үйлестіру оңай емес, бірақ мүмкін нәрсе екенін жеткізді.
Ұлттық элементтерді заманауи сәнге бейімдеу үшін шығармашылық ізденіс пен талғам қажет. Әрбір детальды ой елегінен өткізіп, ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлестіре білу керек. Менің мақсатым – ұлттық киімдерді жаңаша стильде ұсыну, оларды ерекше етіп көрсету. Сонымен қатар, қазіргі жастардың талғамына сай, сондай-ақ үлкен буын өкілдеріне лайық киім үлгілерін жасап шығару. Ұлттық мәдениетімізді заман талабына сай бейімдей отырып, оны жаңа деңгейге көтеру – мен үшін үлкен мәртебе, – деді ол.
Бір образды қанша уақытта жасауға болады?
Этнодизайнер бұл ең алдымен шабытқа байланысты екенін және егер шығармашылық көңіл-күй көтеріңкі болып тұрса, бір-екі күнде аяқтауға болаБіратынын айтты.
жеке мұрағат
Егер күрделі әрі сәнді образ жасағым келсе, оған бір-екі аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін. Қолөнер – шабытқа тәуелді дүние. Кейде шабыт келсе, бір күнде бірнеше детальды тігіп тастауға болады. Ал кейде ойыңдағыны жүзеге асыру үшін біраз уақыт қажет болады. Әсіресе, ерекше сәнді, күрделі техника мен қолөнерді қажет ететін киімдер болса, жұмыс уақыты ұзарып, бір-екі аптаға дейін созылуы мүмкін, – дейді.
Қазақтың дәстүрлі киімін жастар арасында танымал ету үшін не істеу керек?
Қолөнер шебері ең алдымен ұлттық киімдерді қазіргі заманға сай етіп бейімдеу қажет. Жастардың қызығушылығын арттыру үшін дәстүрлі киім үлгілеріне заманауи элементтер қосып, оларды күнделікті өмірге ыңғайлы етіп тігу маңызды деп есептейді.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді түрде насихаттау қажет. Сән көрсетілімдері мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қазақи киімдердің заманауи үлгілерін көрсету арқылы жастардың қызығушылығын оятуға болады. Ең бастысы – ұлттық киім тек сахналық образ немесе мерекелік киім ретінде ғана емес, күнделікті стильдің бір бөлігіне айналуы керек. Ыңғайлы, сәнді әрі трендке сай үлгілер жасалса, жастар оны қуана-қуана киеді деп ойлаймын, – деді Марипа Тұслан.
Этностильдегі киімдер күнделікті өмірде қаншалықты сұранысқа ие?
Этнодизайнердің сөзінше, қазіргі таңда этностильдегі киімдер күнделікті өмірде аса танымал емес. Көп жағдайда олар тек Наурыз мерекесінде немесе түрлі той-жиындарда ғана киіледі. Бірақ бұл бағытта оң өзгерістер байқалып келеді деп отыр.
Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киімді күнделікті өмірде киюге шақырып, бұл дәстүрді қолдауға үндеу жасады. Егер әрбір қазақ, әсіресе, үлкендер өз балаларына үлгі болып, ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киіп жүрсе, бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады, – деді.
Марипа Тұслан: «Ұлттық киім – тек сән емес, ол біздің мәдениетіміздің бір бөлігі. Егер оны заманға сай бейімдеп, ыңғайлы әрі стильді етіп ұсынсақ, халықтың қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз. Осы арқылы тілімізді, дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалуға да үлес қоса аламыз», деп тілге тиек етті.
Ұлттық киім үлгісін жасауда қандай қиындықтар кездеседі?
Марипа Тұслан ұлттық киім үлгісін жасаудағы басты қиындық – дәстүр мен заманауи стильді үйлестіріп, олардың арасынан ортақ тепе-теңдік табу деп санайды.
жеке мұрағат
Киімнің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, оны қазіргі заманға сай сәнді әрі ыңғайлы ету – үлкен шығармашылық ізденісті талап етеді. Сонымен қатар, сапалы материалдарды табу да маңызды мәселе. Табиғи маталар, дәстүрлі әдістермен жасалған әшекейлер мен ою-өрнектер көбіне сирек кездеседі немесе қымбатқа түседі. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді дұрыс орналастыру – үлкен жауапкершілік. Ою-өрнектер жай ғана сәндік элемент емес, олардың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Сондықтан оларды үйлесімді орналастырып, киімнің ерекшелігін сақтау маңызды, – деді.
Этнодизайнер дәстүрлі қазақ киімдерін қазіргі заманғы стильмен үйлестіріп, күнделікті киюге ыңғайлы, сәнді үлгілер жасаумен айналысады.
Менің тігетін киімдерім – қатты былғарыдан жасалған ауыр киімдер емес, керісінше, заманауи әрі жеңіл маталардан тігілген, күнделікті өмірге лайықталған стильдегі шапандар мен басқа да ұлттық нақыштағы киімдер. Маған ең маңыздысы – ұлттық мәдениетті сақтау ғана емес, оны жастар мен кең аудитория үшін тартымды ету. Сол арқылы халқымыздың киім кию мәдениетін қайта жаңғыртып, ұлттық стильді жаңа деңгейге көтеру, – деді этнодизайнер Марипа Тұслан.
