Жаңалықтар

Ұлттық музей қорына Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табысталды

Ұлттық музей қорына Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табысталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі 26.12.2023 08:22 776

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі «Джамбия» қанжарын ҚР Ұлттық музейінің қорына салтанатты табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қанжарды салтанатты табыстау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, Қажымұқан Мұңайтпасовтың шөбересі Әйкен Мұқанова және т.б. қатысты.

Бүгін музей қоры құндылығы жоғары экспонатпен толығайын деп отыр. Бұл – күллі әлем мойындаған күш атасы, қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы тиесілі «Джамбия» қанжары. Бір жағынан Джамбия қанжарының өзі қолөнер туындысы ретінде құндылығы жоғары болса, ал оны араб ұсталарының Қажымұқанға арнайы жасауының өзі араб, түркі әлемінің балуанға деген жоғары құрметі деп білеміз, - деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

«Джамбия» қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар: сол жағында «күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға», ал оң жағында «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» (Хижра жыл есептеуі бойынша 1330 жыл бұл қазіргі жыл санауына сәйкес 1912 жыл).

Сонымен қатар, шара барысында Ұлттық музей қорындағы Қ.Мұңайтпасұлына тиесілі жәдігерлерден көрме ұйымдастырылды. Бүгінгі күні музей қоры қанжармен толығып, балуанға қатысты жәдігерлер саны 27-ге жетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға