Ұлттық музей базасында Реставрация орталығы құрылады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италия делегациясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік мәліметінше, делегация құрамында Италия Мәдениет министрлігінің Орталық реставрация институтының директоры Олива Луиджи, Қазақстан Республикасындағы Италия елшісі Альберти Марко және Италияның мәдени-ағартушылық мекемелерінің өкілдері болды.
Кездесуде тараптар мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Атап айтқанда, ҚР Ұлттық музейі базасында Реставрация орталығын құру жайы айтылды. Министр бұл орталықтың реставрациялық қызметтің дамуы мен ұлттық мұраны сақтауға ықпал ететін ынтымақтастықтың негізгі бағыты болатынын атап өтті.
Аида Балаева осы саладағы тәжірибе алмасудың маңызына тоқталып, Италияның тәжірибесі музей ісін, әсіресе реставрация бағытын дамытуға елеулі үлес қосатынын айтты.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас жаңа жоғары деңгейге көтерілді. Бірлесіп атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіремін. Бұл екі ел арасындағы берік байланысты көрсетеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – ҚР Ұлттық музейінің базасында Реставрация орталығын құру. Бұл осы саланың дамуына жасалған маңызды қадам деп білеміз. Еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтау – біздің борышымыз. Реставрация біз үшін барлық бағытта маңызды. Қазақстанда Реставрация орталығының табысты жұмыс істеуі үшін тиісті нормативтік-құқықтық база жасау қажет. Ұлттық музей практикалық дағдылардың орталығына айналуы тиіс. Музейде қалпына келтіруді қажет ететін қызықты артефактілер мен экспонаттар бар. Біз бұл іспен кәсіби мамандар айналысуын және өз тәжірибелерін шәкірттерге жеткізгенін қалаймыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз Қазақстандағы музей ісінің дамуына үлкен әсер етеді. Осы бағытта Қазақстанға шын ниетпен көмектесуге деген қызығушылықтарыңыз бен ұмтылыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл жоба біздің ортақ тарихымыздың келесі беті болатынына сенемін, – деді Аида Балаева.
Кездесу барысында теориялық және практикалық дайындықты қамтитын бағдарламалар әзірлеу мүмкіндігі де қарастырылды. Қазақстандық реставраторларды итальян орталықтарында оқытуға баса назар аударылды. Бұл тәжірибе алмасу мен тағылымдамаларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Луиджи Олива Италияның реставрация саласындағы жетістіктерін таныстырып, қазақстандық мамандарды даярлау ісінде ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Біз түрлі бағыттарды дамытып, Қазақстанмен тығыз ынтымақтасқымыз келеді. Италиядағы Орталық реставрация институты 80 жылдан бері жұмыс істеп келеді және көптеген бағытты қамтиды. Қазақстанда толық жабдықталған реставрация орталығын құру қажет. Біздің институт үш негізгі бағытқа баса назар аударады: мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандарды оқыту. Біз Ұлттық музейді және ондағы зертханаларды аралап көрдік. Консервация және қалпына келтіру қызметімен, шеберханалармен және музей экспозициясымен таныстық. Сіздерде жұмыс үшін кең ғимараттардың болуы – үлкен артықшылық. Біз бұл саланы дамытуға, курстар мен тәжірибелер ұйымдастыруға, сондай-ақ жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуге әрдайым көмектесуге дайынбыз, – деді ол.
Тараптар мәдени мұраны сақтау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылап, орталық үшін нормативтік база құру және реставраторларды оқытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша бірлескен жұмыс туралы уағдаласты.
Аида Балаева мен Луиджи Олива бірлескен ынтымақтастық ұзақ мерзімді нәтижелер беріп, Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.