Жаңалықтар

Ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажет – депутат

Ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажет – депутат
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 25.04.2025 11:24 247

Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ұлттық құрылтайдың IV отырысының қорытындысы бойынша маңызды сарапшылар кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараны Мемлекет тарихы институты, Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институты және Ұлттық академиялық кітапхана бірлесіп ұйымдастырды.

«Қазақстандағы тарихи зерттеулер: рефлексия, фокустар және даму векторлары» тақырыбындағы басқосуда Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан тарих ғылымының рөліне қатысты негізгі тезистері негізінде тарихи сананы қалыптастыру мен зерттеулердің өзекті мәселелері сөз болды.

Кездесуде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл сөз сөйлеп, соңғы болған құрылтайда ұлттық тарих мәселелері көтерілгенін, өте қызықты ойлар айтылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тарихшылар алдында көшпелі өркениетті тереңірек зерттеп, оны теориялық және әдістемелік тұрғыдан негіздеу міндеті тұр.

Ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажет – депутат

Сурет: Артем Чурсинов 

Құрылтайда Ұлы дала өркениеті немесе көшпенділер өркениеті жайында маңызды ойлар айтылды. Алайда оны еліміздің ресми тарихына енгізу үшін көп жұмыс қажет. Ең алдымен, біз өзіміздің тарихи парадигмамызды түсініп алуымыз керек. Көшпелі өркениет деген не? Оның басқа өркениеттерден айырмашылығы қандай? Осы сұрақтарға нақты жауап беруіміз керек, – деді Еркін Әбіл.

Тарих ғылымдары докторының сөзінше, бұл тақырып ХІХ ғасырдан бері айтылып келеді. Алайда бүгінгі күнге дейін көшпелі өркениетке еуропалық көзқараспен қарап келеміз. Кеңестік кезеңде үстем болған марксистік-лениндік парадигма да – Еуропаның өнімі. Сондықтан да, қазіргі таңда ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажеттігі туындап отыр.

Ұлттық теория болмайды, теория – жалпыадамзаттық ұғым. Бірақ біз өз тарихымызға өз көзқарасымызбен қарауымыз керек. Бұл бағытта жеке-жеке еңбектер бар, бірақ әлі де тұтас ғылыми жүйе ретінде қалыптаспаған. Сондықтан алдымен тарихшылар өздері бұл мәселені терең түсінуі қажет, – деді ол.

Профессор Ұлы дала өркениетінің тарихи даму заңдылықтарына да тоқталып өтті.

Неге біз ХІХ ғасырда дағдарысқа ұшырадық? Неге тәуелсіздіктен айырылып, бодандыққа түстік? Бұл – жекелеген адамдардың қателігі емес, тарихи заңдылық. Осыны түсіну – келешекте тұрақты, тәуелсіз ел болу үшін маңызды, – деді Еркін Әбіл.

Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтылған мәселелердің өзекті екенін атап өтіп, ол бойынша атқаратын жұмыс көп екенін айтты.

Ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажет – депутат

Сурет: Артем Чурсинов 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тұлғаларды ұлықтау мәселесіне қатысты маңызды мәселені көтерді. Тарихи тұлғалардың атын шығару, олардың мұрасын бағалау қоғам болашағына оң әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет басшысының айтқаны – өте дұрыс. Тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімі ел жадында сақталуы қажет, – дейді Марат Әбсеметов. 

Ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажет – депутат

Ұлттық көзқарасты қалыптастыру қажет – депутат

Суреттер: Артем Чурсинов 

Сонымен қатар кездесуге ҚР Парламенті депутаттары, қоғам және ғылым қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдары, отандық зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға