Ұлттық кітап күні – құндылыққа көрсетілген құрмет

Қазақ халқы – қашанда сөзге тоқтаған, білім мен тәрбиеге ерекше мән берген халық. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақал – соның айқын дәлелі. Жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – руханиятқа бет бұрып, кітапты серік ету. Осы мақсатта Қазақстанда биыл алғаш рет 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде аталып өтуде. Бұл – ел руханиятына жасалған үлкен құрмет, келешек ұрпаққа рухани бағдар. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі кітап құндылығын саралай отырып, мән-маңызына тоқталып өтті.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде атап өтуді ұсынды. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес: дәл осы дата ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді. Ұлттық күн ретінде ұлықтау қазақ қоғамында кітапқа деген қызығушылықты арттырып, жастардың оқуға деген ынтасын жандандырудың маңызды қадамы болып саналады.
Ұлықтау қалай өтеді?
Қазақстанның түкпір-түкпірінде бұл күн мерекелік сипатта аталып өтеді. Кітапхана саласы мен білім ошақтары бірігіп, түрлі мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастырады:
1. Кітап фестивальдері мен көрмелер
Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ облыс орталықтарының кітапханаларында кең көлемді кітап көрмелері, автограф-сессиялар, әдебиет кештері өтеді. Танымал жазушылар мен жас авторлар оқырмандармен кездесіп, шығармашылық диалог құрады.
2. Балалар мен жастарға арналған әдеби жобалар
Жас ұрпақты кітапқа баулу мақсатында арнайы жобалар қолға алынуда. Соның бірі – «Он күнде – бір кітап» атты бастама. Бұл жоба мектеп оқушылары мен студенттер арасында кеңінен қолдау тауып отыр. Әлеуметтік желі арқылы қатысушылар бір-бірімен кітап тәжірибесімен бөлісіп, оқырмандар қауымдастығы құрылады.
3.Кітапханалар трансформациясы
Заманауи оқырман үшін жаңа форматтағы кітапханалар қажет. Осыған орай елімізде «Open Space», «Коворкинг-орталықтар», «Smart Library» секілді заманауи форматтарда кітапханалар ашылуда. Бұл орталықтар – кітап оқитын ғана емес, пікір алмасып, шығармашылықпен айналысатын, еркін ойлы жастардың алаңы.
4.Әлеуметтік челлендждер мен онлайн науқандар
Ұлттық кітап күніне орай әлеуметтік желілерде түрлі флешмобтар, челлендждер ұйымдастырылады. Мысалы, #ОқуғаКітапҰсын, #КітапОқыҚазақстан, #КітаппенБірКүн хэштегтері арқылы әр адам сүйікті кітабын ұсыну арқылы әдеби талғамымен бөліседі.
Мерекенің мән-маңызы қандай?
Ұлттық кітап күнін атап өту мерекелік шара ғана емес, ол – оқырман қоғамын қалыптастыруға жасалған стратегиялық қадам. Бұл күн кітапхана саласының, баспа ісінің, авторлық еңбектің қоғамдағы маңызын көтеріп, рухани жаңғыру жолында маңызды рөл атқарады.
Ұлттық кітап күні – бүкіл қоғамның ортақ мейрамы. Бұл күн білімге, парасатқа, мәдениетке деген құрметтің көрінісі болып саналады. Кітап – адамзаттың ғасырлар бойғы жинақтаған даналығының жиынтығы. Оны ұлықтау болашаққа бастар жарқын жол екені айдай анық.
Бүгінгі қоғамды ақпарат тасқыны мен цифрлық технологияның дәуірі десек болады. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда адам зейінін экрандар жаулап алуда. Әлеуметтік желілер, бейнеконтент, қысқа әрі тез тұтынылатын мәліметтер, барлығы оқырман назарын тез тартады. Бұл рас. Бірақ осы ортада кітаптың құндылығы төмендеді деу – тым үстірт көзқарас. Әлем елдері кітапқа деген құрметін жоғалтпады десек артық айтпаймыз. Қайта оны жаңаша форматта, жаңа деңгейде ұсынып отыр.
Германия, Норвегия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты технологиялық тұрғыдан озық елдерде баспа өнімдерінің саны кеміп жатқан жоқ, керісінше өсе түсуде. Бұл елдерде мектеп жасынан бастап кітап оқу мәдениеті қалыптасқан. Кітап дүкендері мәдениет ошақтары іспеттес. Қоғамдық орындарда, метро мен парктерде кітапқа шомып отырған адамдарды жиі көруге болады. Мұндай көрініс – жай ғана эстетика емес, білімге, терең ойға, сөзге деген құрметтің көрінісі.
Ұлт руханиятының өзегі – кітап
Қазір елімізде осы мәдениетті қалыптастыруға қатысты нақты істер қолға алынуда. Соңғы жылдары бірнеше ауқымды бағдарлама жүзеге асты:
- «100 жаңа оқулық» жобасы арқылы әлемдік деңгейдегі ғылыми-танымдық еңбектер қазақ тіліне аударылды. Гарвард, Оксфорд университеттерінің оқулықтары мен классикалық философиялық еңбектер енді қазақ жастарының қолында бар.
- «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жыл сайын ел болып бір кітапты бірге оқу дәстүрі жалғасуда.
- Жеке баспалар да әлемдік бестселлерлерді, көркем әдебиетті сапалы аударып, оқырманға ұсынуда. Жапон жазушысы Харуки Мураками, америкалық классик Рэй Брэдбери, жапон менеджері Ичиро Кишими еңбектері және тағысын тағы. Қазақ тіліне аударылып жатқан кітаптар тізімінде көркем әдебиеттен бастап, ғылыми-танымдық, психология, философия, тарихи зерттеулерге дейін әртүрлі жанрдағы туындылар бар. Мәселен, Джордж Оруэллдің «1984» романы, Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық», Харуки Муракамидің бірқатар шығармалары, Пауло Коэльоның «Алхимигі», Юваль Ной Хараридің «Sapiens» және «Homo Deus» атты еңбектері бүгінгі қазақ оқырманының сөресінен табылып отыр.
Бұдан бөлек, өңірлерде кітап фестивальдері, кітапханаларды жаңғырту, оқырман клубтарын құру сияқты шаралар да қолға алынуда. Бұл — ел ішінде кітапқа деген сұраныстың артып келе жатқанының белгісі.
Кітап оқу – сән емес, сана деңгейі
Кітап оқу – рухани қажеттілік. Ол адамның сөздік қорын ғана емес, ойлау жүйесін, өзіндік пікір қалыптастыру қабілетін, өмірге көзқарасын өзгертеді. Әр оқылған шығарма жаңа әлемге ашылған терезе секілді.
Балалар әдебиеті дамып келеді. Бұл өз кезегінде болашақ ұрпақтың оқырман болып қалыптасуына негіз бола алатын қуанышты үрдіс екені сөзсіз.
Жаңа буын TikTok, Instagram, YouTube арқылы ақпарат тұтынуға үйреніп барады. Десе де бұл жаңашылдықтар кітаптың орнын алмастыра алмайтыны хақ. Кітаптың бір сәтке емес, өмір бойы әсер ететін рухани қорек екенін түсінген жөн.
Кітапты ұлттың санасына әсер ететін құрал ретінде қабылдаған дұрыс. Классикалық әдебиеттің құнын түсірмей, заманауи тақырыптарға да бет бұру қазіргі оқырман сұранысын қанағаттандырудың жолы болып табылады.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда кітапханалардың да рөлі маңызды. Қазіргі заман кітапханасы жай ғана кітап сақтайтын мекеме емес, оқырманмен жұмыс істейтін шығармашылық алаң болуы тиіс. Еліміздің кейбір кітапханалары жаңаша форматқа көшіп, жас оқырмандарды тарту үшін түрлі жобалар жасап жатыр. Мәселен, оқырман клубтары, әдеби кездесулер, шығармашылық шеберханалар ұйымдастыруда.
Осы тектес жобалар баланы кітаппен «достастырып», оны өмірінің ажырамас бөлшегіне айналдыруға жол ашады.
Сол себепті Ұлттық кітап күнін ұлттық деңгейдегі үндеу деп қабылдау керек. Қоғамның әр мүшесін:
- Соңғы рет қандай кітап оқыдым?
- Бала-шағам не оқып жүр?
- Өзім үлгі бола алып жүрмін бе?-деген сұрақтар мазалауы қажет.
Оқырман ұлт – ойлы ұлт, ал ойлы ұлт – озатын ұлт. Тарихты да, болашақты да кітап жасайды. Сол себепті бізге керегі – кітаппен өмір сүретін сана қалыптастыру.
Кітап – ми жаттықтырушы құрал
Заманауи ғылым кітап оқудың адам миына оң әсер ететінін нақты дәлелдеді. Оқу кезінде:
- нейрондар арасында жаңа байланыс орнайды;
- есте сақтау қабілеті жақсарады;
- тілдік қор мен логикалық ойлау жүйесі дамиды;
- эмоциялық интеллект артады.
Басқаша айтқанда, кітап оқу – ми үшін фитнес. Жаттығу жасамаған бұлшықет секілді, оқылмаған ми да әлсірейді. Сондықтан балаларға ғана емес, үлкендерге де кітап оқу – қажеттiлiк.
Кітап оқу мәдениеті ең алдымен отбасы ішінде қалыптасады. Балаға қанша жерден «кітап оқы» десек те, ата-анасының бірде-бір рет кітап ұстап отырғанын көрмесе, бұл кеңес құр сөз болып қалады.
Ата-ана кітап оқымай, баладан оны талап етуі дұрыс емес. Сол себепті де әр отбасыда кітап сөреде емес, қолда жүруі керек.
Баланың кітаппен достығы жөргектен басталуы тиіс. Ертегі оқу, суретті кітаптармен танысу, кітапханаға бірге бару балада кітапқа деген қызығушылық тудырады. Оқырман бала – ертеңгі дана азамат.
Кітап нарығы: Қазақ баспа ісі түлеп келеді
Соңғы жылдары Қазақстанда отандық кітап нарығы айтарлықтай жандана түсті. Мәселен,
- Жаңа буын баспалар ашылып, тың әдебиеттерді сапалы әрі заманауи форматта шығара бастады.
- Жас жазушылар мен аудармашылар белсенді еңбек етуде.
- Кітап дизайны мен сапасына деген талап артты.
- Аудиокітаптар, подкасттар, букбокстар (көше кітап сөрелері) сияқты жаңа форматтар енгізіліп жатыр.
Бұл үрдіс қазақ тілді контентке деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Енді осы сұранысты тұрақты ұсынумен қамтамасыз ету – баспагерлер мен мәдениет қайраткерлерінің міндеті.
Кітап – ұлтты біріктіретін басты құндылық
Кітап – жеке даму құралы емес, ұлтты біріктіретін рухани күш. Тарихымызда да кітаптың орны ерекше болды:
- Абайдың қара сөздері;
- Шәкәрімнің философиялық ойлары;
- Әуезовтің эпикалық баяны – бұлардың барлығы бізді біртұтас ел етті.
Бүгінгі таңда да ұлтты біріктіретін ортақ құндылық ортақ оқылатын кітап болуы тиіс. Бұл бағытта «Бір ел – бір кітап», «Кітап алмасу» жобалары, әдеби марафондар үлкен рөл атқара алады.
Кітап– ойдың емі, жүректің шипасы, ұлттың айнасы. Сондықтан Ұлттық кітап күні «бізге осыны еске салатын маңызды күн» деп білсек болады. Бұл күннен кейін де әр күн – кітаппен басталса игі.
Әлемдегі кітап күні: ғаламдық деңгейдегі рухани мереке
Әлемде кітапқа деген құрмет 23 сәуірде Халықаралық кітап және авторлық құқық күні ретінде атап өтіледі. Бұл мереке 1995 жылы ЮНЕСКО-ның бастамасымен бекітілген. Мақсаты – бүкіл әлемде оқу мәдениетін, баспа ісін және авторлық құқықты насихаттау.
Неліктен 23 сәуір?
23 сәуір – әдебиет тарихындағы үш ұлы тұлғаның өмірімен байланысты:
- Уильям Шекспир – ағылшын драматургы (дүниеден өткен күні),
- Мигель Сервантес – испан жазушысы (дүниеден өткен күні),
- Инка Гарсиласо де ла Вега – перу ақыны (дүниеден өткен күні).
Сол себепті де бұл күн әдебиет пен кітапқа құрмет көрсетудің символына айналып отыр.
Әлем елдерінде бұл күн қалай тойланады?
Испания – кітап күніне ерекше мән беретін елдердің бірі. Әсіресе Барселонада бұл күн «Сан Жорди күні» ретінде кең көлемде аталып өтеді. Бұл күні дәстүр бойынша ер адамдар әйелдерге раушан гүлін, ал әйелдер ер адамдарға кітап сыйлайды. Қала көшелері ашық кітап жәрмеңкесіне айналады.
Францияда кітап дүкендері мен кітапханаларда оқырмандармен кездесулер, оқу марафондары, кітап алмасу акциялары ұйымдастырылады. Әсіресе Париждегі «Шекспир және Компания» сияқты аңызға айналған кітап дүкендері ерекше шаралар өткізеді.
Ұлыбританияда бұл күн World Book Day атауымен наурыз айында тойланады. Бірақ ресми түрде 23 сәуір – ЮНЕСКО бекіткен күн. Мектептерде оқушылар сүйікті кітап кейіпкерінің бейнесінде киініп, кітап кейіпкерлерінің шеруіне қатысады.
АҚШ-та бұл мереке бір апта бойы аталып өтіліп, түрлі оқу фестивальдері, авторлық кездесулер, кітапханалық квесттер өткізіледі. Ата-аналар мен балаларға арналған оқу бағдарламалары кең таралған.
Жапонияда кітап күні арнайы іс-шаралармен безендірілмесе де, бұл күні мектептер мен жоғары оқу орындарында «тыныш оқу сағаты», әдеби байқаулар, библиотерапия сабақтары өткізіледі. Жапондар үшін оқу – тәрбие мен өзін-өзі дамыту тәсілі.
Кітап күнінің маңызы қандай?
Әлемдік деңгейде бұл мерекенің көздейтін мақсаттары:
- Жастарды оқуға баулу;
- Кітапты ақпарат көзі ретінде ғана емес, мәдениет пен ой дамуының құралы ретінде насихаттау;
- Авторлардың еңбегін қорғау, авторлық құқықты құрметтеу;
- Кітапханалар мен кітап дүкендерінің мәдени рөлін арттыру.
Әлем елдері үшін кітап – оқу құралы ғана емес, ұлттық мәдениеттің, рухани дамудың және интеллектуалдық еркіндіктің символы. Дүниежүзілік кітап күні – осы құндылықтарды ұлықтауға бағытталған жаһандық мереке.
Кітап арқылы адамдар бір-бірімен арқа-жарқа араласып, ой бөліседі, тарихты таниды, болашақты болжайды. Осы тұрғыдан алғанда, кітап күні әрбір ұлттың рухани тәуелсіздігін айқындайтын ерекше күн екені сөзсіз.
Қазақта «Кітап – ақылдың кені» деген бар. Ұлттық кітап күні осы қазынаның қадірін терең түсініп, келешек ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісіне айналып отыр. Ендеше, ұлт болып кітапты ұлықтайық, ағайын!
