Ұлттық кітап күні: Ғылым ордасында 300-ге жуық кітап сыйға тартылды

Елімізде алғаш рет аталып өткен Ұлттық кітап күніне орай Алматы қаласындағы Ғылым ордасында «Кітаппен қуант» атты танымдық шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Орталық ғылыми кітапханасы ұйымдастырған іс-шараға қала тұрғындары, ғалымдар, студенттер мен кітапсүйер қауым қатысты.
Шара барысында кітапхана қоры есебінен 300-ге жуық көркем және ғылыми әдебиеттер келушілерге сыйға берілді. Олардың қатарында қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Олжас Сүлейменовтің өлеңдер жинағы, Жабайхан Әбділдиннің еңбектері, сондай-ақ тарих, философия және шет тілдеріндегі әдебиеттер мен ғылыми еңбектер бар, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар қатысушылар назарына «Бабалар ізі» атты сирек кітаптар көрмесі ұсынылды. Көрмеде XVII-XX ғасырларды қамтитын 34 сирек кітап пен қолжазбалар қойылды. Ерекше қызығушылық тудырған жәдігерлердің бірі – шамамен 1900 жылдары Ыстанбұлда басылып шыққан, ұзындығы 3,4 см, ені 2 см, қалыңдығы 1,2 см болатын Құран кітабы. Бұл құнды мұра 1967 жылы Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына тапсырылған.
Шара аясында қатысушылар Сирек кітаптар мен қолжазбалар музейінің құнды экспонаттарымен де танысты. Сонымен қатар Ғылым ордасы қызметкерлері арасында кітап сыйлау дәстүрі қолға алынып, рухани құндылықты дәріптеуге бағытталған игі қадам жасалды.
