«Ұлттық кітап күні» аясында жалпыхалықтық челлендж өтіп жатыр

«Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай әлеуметтік желілерде кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған челлендж өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, челленджді алғашқылардың бірі болып ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері бастап, көпшілікті кітап оқуға үндеді. Олар сүйікті кітаптары туралы ой бөлісіп, оқырмандарын кітаптың рухани құндылығын қайта тануға шақыруда.
Аталған челлендждің негізгі мақсаты – қалың көпшілікті кітап оқуға ынталандыру, кітаптың рухани, мәдени құндылық ретіндегі маңызын қайта жаңғырту және оқырман қауымның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, - делінген мәліметте.
Челлендж «Менің сүйікті кітабым», «Менің өмірімді өзгерткен кітап», «Кітап – алтын қазына», «Менің өміріме әсер еткен кітап» тақырыптарын қамтиды.
