Жаңалықтар

Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдардың басын қосты

Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдардың басын қосты
Фото: Ұлттық ғылым академиясы 25.05.2023 19:02 1164

Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдардың басын қосып «Қазақстан ғылымы мәселесін анықтау және шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараның басты мақсаты – отандық ғылымды дамыту. Жас ғалымдардың ойын тыңдап, оларға мүмкіндік беру.

Жиынға төрткүл дүниенің әр қиырында жүрген 200-ге жуық жас ғалым қатысты. Атап айтсақ, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ, ҚХР, Польша, Дания секілді елдерде жүрген қазақ ғалымдары отандық ғылымның даму тұжырымдамасына қатысты пікір білдірді.

Дөңгелек үстелді ашып берген ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Басқарма президенті Күнсұлу Закарья басқосудың мәні еліміздің ғылым әлеуетінің дамуы мен болашағын айқындау екенін айтты.

Ұлттық ғылым академиясының алдында үлкен миссия тұр. Ғылым әрқашан қоғамның қажеттілігін өтеп, экономиканың басты қозғаушы локомативі болу керек. Сол себепті, ғылымды кеңінен насихаттауға арналған ұзақ мерзімді жоспар әзірленіп, форсайттық зерттеулер жүргізіледі. Халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша нақты шаралар қолданудамыз, – деді К. Закарья.

Ғылым академиясы жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы арқылы ғылымға жанашыр азаматтардың ортасын қалыптастыруды көздейді. Аталған басқосуда саладағы түйткілді мәселелер айтылып, оның шешімі ортаға салынды. Мәселен, сағаттық жұмыс іздеуге арналған «EasyTap» онлайн сервисінің негізін қалаушы Төлеш Мағзұм көп ғалымның бизнеске немқұрайлы қарайтынын, сол бағыттағы білімінің аздығын тілге тиек етті. Оның шешімі ретінде ғалымдарды бизнеске оқыту бағдарламасын ұсынды. Олар сол арқылы серіктес тауып, бизнес жобаларын қоғам игілігіне қызмет ететін өнімге айналдыра алады. Одан өзге жобаны коммерцияландыру, инвестиция тарту мен арнайы гранттарды үлестіру кезінде ғалымдар кезігетін мәселелер көтерілді.

Developmental science деректерін зерттей келе Қазақстан ғылымына талдау жасадым. Үш негізгі бағытымыз бар. Олар агро, логистика және IT саласы. Мәселен – агро саласын алайық. Осы бағыттағы мүмкіндігіміз жоғары болса да, үздік деген ЖОО ешбірі ғылымды алға сүйрей алмай келеді. Бұл менің ғана пікірім, – деді ҚР Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, «Agro Innovation» компаниясының техникалық директоры Диас Тастанбеков Бақытжанұлы.

Біз ғылымды дамыту десек PhD докторларды көбейту деген тұжырымға көп мән береміз. Менімше өнімді жұмыс істеу үшін санға емес, сапаға ден қоюымыз керек. Мәселен, грант санын белгілі бір пайызға қысқартсақ, қысқартылған сомманы оқып жүрген ізденушінің ғылыммен айналысуына бөліп беруіміз қажет, дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР ҒЖБМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Айбулдинов Еламан Қанатұлы.

Аталған дөңгелек үстел жас ғалымдарға кері байланыс орнататын таптырмас алаң болды. Кездесуде жас ғалымдар үшін ашық қолжетімді зертханалар консорциумын құру, мақалаларды рецензиялау үшін сауатты, отандық және шетелдік сарапшыларды тарту және отандық журналдарға қаржылық қолдау көрсету арқылы сапасы мен мәртебесін арттыру, ғылыми жұмыстардың нәтижесі бойынша Хирш индексін ғана көтеру емес, жұмыстың сапасын бағалайтын критерий енгізу, ӨНДІРІС & ЖОО & ҒЗИ-мен байланысу үшін бірыңғай электрондық портал құру, Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдай алатын ғылыми және білім беру қызметінің инклюзивті ортасын қалыптастыру сынды ұсыныстар айтылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясына қарасты жас ғалымдар академиясын және барлық салалар бойынша жас ғалымдар кеңесін құруды жоспары да ұсынылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға