Жаңалықтар

Ұлттық экономика министрлігі өңірлік стандарттар жүйесін әзірледі

Ұлттық экономика министрлігі өңірлік стандарттар жүйесін әзірледі
Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі 05.06.2023 10:54 1026

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысында өзінің баяндамасында мәлім етті. Аталған жүйе әрбір елді мекеннің минималды тұрмыс стандарттарын айқындайды. Мемлекеттік органдар бұл жүйені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау кезінде пайдаланады.

2021 жылғы жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде барлық елді мекендер бойынша нысандармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 9,3 пайыздық тармаққа ұлғайып, 64,1%-ды құрады. Сонымен бірге өңірлер әкімдіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын және сіздердің ұсынымдарыңызды ескере отырып, министрлік 2022 жылы өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды, – дейді ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров.

ӨСЖ көрсеткіштерін есептеудің жаңа әдістемесіне нысандар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын сипаттайтын көрсеткіштер қосылған. Яғни енді нысанның техникалық сипаттамалары және материалдық-техникалық базамен жарақтандырылу деңгейі де ескеріледі.

Мәселен, бұрын қолданылған ӨСЖ әдістемесінде жұмыс істеп тұрған нысанның бар-жоғы ғана бағаланды. Мысалы, Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп бар, ӨСЖ бойынша қамтамасыз етілуі 100% деп есептелді. Қазіргі уақытта Зеренді ауылында 3 мектептің екеуі күрделі жөндеуді қажет етеді, сондай-ақ тағы 1 мектеп құрылысы қажет, – дейді министр.

Жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша Зеренді ауылының қамтамасыз етілу деңгейі 81%-ға дейін төмендеген екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға