Жаңалықтар

Ұлттық экономика министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

Ұлттық экономика министрі  Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді
Фото: ҚР ҰЭМ 25.02.2023 17:25 1247

Өңірге жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жергілікті жұртшылық газбен жабдықтау және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жәрдемдесуді сұрады. Сондай-ақ олар суармалы су тарифінің қымбаттағанын айтты. Соңғы 3-4 жылда 1 текше метр су 787 теңгеге дейін өсті.

Өз кезегінде ҰЭМ басшысы ведомствоға Алматы облысы тұрғындарынан да осындай шағымдар түсетінін атап өтті.

«Біз бұл мәселені мұқият зерттеп, тиісті шешім қабылдаймыз. Мәселе өте маңызды. Өйткені, ол азық-түлік қауіпсіздігіне де қатысты», - деді Ә.Қуантыров.

Кездесу барысында түркістандық диқандар мақта бағасының төмендігін айтып шағымданды. Шаруалар 2019 жылы мемлекет алып тастаған субсидияларды қайтаруды сұрады. Өйткені егін егуге жұмсалатын шығындар өсіп жатыр. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы ешкім топыраққа агрохимиялық талдау жүргізбеген. Мақтаның тиісті мемлекеттік стандарты да жоқ.

Ә.Қуантыров жауапты министрліктер өңірдегі қалыптасқан ахуал туралы хабардар екенін және жалпы субсидиялау жүйесін қайта қарау, сондай-ақ стандарттарды әзірлеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға фермерлердің шағымдарын жеткізуге уәде берді.

Сонымен қатар Жаушықұм ауылында министр азаматтарды жеке қабылдады. Шардара аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков ауыз судың сапасы мен су құбырларының тозығы жеткендігіне шағымданды. Барлық нысандар 80-ші жылдары салынған.

Ә.Қуантыров алдағы екі жылда Үкіметтің алдында ел тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. Тиісінше, бұл мәселе оң шешім табады.

Сондай-ақ, тұрғындар Қызылқұм ауылындағы 1980 жылдары салынған Мәдениет үйін жөндеу жұмыстарына да қаржы бөлуді сұрады. ЖСҚ (жобалау-сметалық құжаттама) сараптамадан өтіп, әкімдіктің қарауында.

ҰЭМ басшысы ағымдағы жылдың қаңтар айында елді мекен тірек ауылдардың тізіміне енгізілгенін хабарлады. «Ауыл - ел бесігі» шеңберінде ағымдағы жөндеуге бөлінген қаржы облыстық бюджетке аударылғандықтан, енді облыс әкімдігі өз бетінше шешім қабылдай алады.

Сонымен қатар, қабылдау барысында тұрғын үй мәселелері көтерілді. Шардара ауданында 1300-ден астам азамат баспана кезегін күтіп отыр. Көпқабатты үйлер салу мәселесін жергілікті билікпен және тиісті министрлікпен бірлесіп пысықтау жоспарлануда.

Жаушықұм ауылында Ә.Қуантыров Мәдениет үйі құрылысының барысымен танысты. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 679,1 млн. теңге бөлінді. Ол 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.

Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстың 5 елді мекенінде 18 жобаны жүзеге асыруға 4,5 млрд. теңге бөлінді. Қаражат әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бағытталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға