Жаңалықтар

Ұлттық экономика министрі Дүниежүзілік Банктің Швейцария кіші тобының құрылтайшылар жиналысына қатысты

Ұлттық экономика министрі Дүниежүзілік Банктің Швейцария кіші тобының құрылтайшылар жиналысына қатысты
Фото: Ұлттық экономика министрлігі 14.10.2023 12:20 723

Ұлттық экономика министрі Марракеш қаласында өткен Дүниежүзілік Банктің Швейцария кіші тобының құрылтайшылар жиналысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шара Дүниежүзілік банк тобы және Халықаралық валюта қорының жылсайынғы күзгі кездесулері шеңберінде өтті.

Ұлттық экономика министрі, Қазақстаннан Дүниежүзілік банктің басқарушысы Әлібек Қуантыров өз сөзінде ДБ және ҚР әріптестік қатынастарын, оның ішінде 2025 жылға дейінгі Негіздемелік әріптестік стратегиясының тиімділігін атап өтті.

Сонымен қатар, ол Қазақстанның экономикалық даму жоспары туралы айтып берді.

Біз экономикалық өсу қарқынын ағымдағы жылы 5% деңгейінде ұстап, 2030 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұған инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті дамыту, көлеңкелі экономиканы едәуір қысқарту және Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту арқылы қол жеткізіледі. Жергілікті билік органдарына бюджет пен кірістер бойынша неғұрлым кең өкілеттіктер берілетін болады, - деді министр.

Сондай-ақ, Марракеш қаласында ДБ мен ХВҚ-ның жылсайынғы күзгі кездесулері шеңберінде Ә.Қуантыров Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша Вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Даму саясатын қаржыландыру бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыс нәтижелері талқыланды. Бұл бағдарлама шеңберінде экономиканың түрлі салаларындағы негізгі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, энергетика, цифрлық технологиялар, өңірлік даму және әлеуметтік реформалар.

Тараптар жаңартылатын энергия көздері, көлік және логистика секторын дамыту жөніндегі алдағы жоспарларды қарастырды. Министрдің айтуынша, бұл жобаларға Инвестицияларға кепілдік беру агенттігі мен Халықаралық қаржы корпорациясы белсенді қатыса алады. Сондай-ақ, тараптар Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) әлеуетін талқылады. Министрдің айтуынша, ТХКМ Орталық Азия өңірінің дамуында үлкен рөл атқарады.

Сонымен қатар, Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен су ресурстарын дамыту бойынша ынтымақтастық мәселелері көтерілді. Әлібек Қуантыров су мәселесі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының басты тақырыптарының бірі болып табылатынын атап өтті. ҚР ДБ-мен бірлесіп осы бағытты дамытуға күш салатынына сендірді.

Өз кезегінде Бассани ханым Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы жобаларды белсенді түрде іске асырып жатқанын және Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға