Жаңалықтар

Ұлттық бизнес жеке адамның қолында емес, халықтың игілігінде болуы тиіс – депутат

Ұлттық бизнес жеке адамның қолында емес, халықтың игілігінде болуы тиіс – депутат
Фото: parlam.kz 14.02.2024 16:43 1206

ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ұлттық бизнес – жеке дара адамдардың қолында емес, ал жаппай халықтың игілінде болуы керектігін айтып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас  Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет» деп атап өткен еді.

Бұл өте маңызды. Себебі, кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни, ұлттық бизнес – жеке дара адамдардың қолында емес, ал жаппай халықтың игілінде болуы тиіс. Адал әрі әділетті – ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс! Осы тұрғыда, жаңа Үкіметтің алдындағы басты міндет – елдің, дүйім жұрттың экономикалық белсенділігін арттыру. Халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын еселеп күшейту, – деп атап өтті депутат.

Саировтың айтуынша, әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар.

Оған дәлел, еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10-компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз. Сондай-ақ, еліміздегі – 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтардың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тарту қажет! Біз кәсіпкерлік әлеуеті терең ұлтқа айналуымыз қажет! Материалдық құндылықтарды үнемі  жасауға қабілетті ұлттар ғана қарышты даму бағытына түсе алады, – деді ол.

Қазақстан азаматтарының экономикалық белсенділігін арттыру үшін бизнесті жаңа ашқан   тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технологияларға қолжетімділік жүйесін жасау маңызды.

Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек!  Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық бурзуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті, – дейді Саиров.

Ол үшін олигархияның экономикалық тамырына балта шауып, Қазақстанда әділ әрі адал кәсіпкерлік жаппай құбылыс болуы керек екенін айтты.

Депутет еліміздің ішкі жалпы өнімін арттыру үшін  Қазақстанда жаппай кәсіпкерлік дағды қалыптастыру қажет деп есептейді. Ол үшін:

  1. Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю мен оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу.
  2. Ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттау қажет.
  3. Халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде  тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешу.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға