Жаңалықтар

Ұлттық банк валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарлама жасады

Ұлттық банк валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарлама жасады
Фото: nationalbank.kz 04.01.2023 11:28 1020

Желтоқсанның қорытындысы бойынша, теңге 1 АҚШ доллары үшін 462,66 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 132 млн-нан 141 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,95 млрд АҚШ долларын құрады. Бір айда валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болды, айырбастау бағамы нарық талаптарына сай қалыптасты.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айдың ішінде шамамен 328,7 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында сатуды екінші деңгейлі банктер арқылы өз бетінше жүзеге асырады. 

Желтоқсанда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 461 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату көлемі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 16% болды немесе бір күнде 31 млн АҚШ долларынан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін мейілінше азайтуға мүмкіндік береді.

Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау мақсатында Ұлттық Банк желтоқсанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды, оның жалпы сомасы 43,2 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 1,5%-ды құрады.

Ұлттық Банк желтоқсанда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты үздіксіз жариялайды.

Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға