Жаңалықтар

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты мәлімдеме жасады

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 02.05.2025 14:04 220

Сәуір айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 512,48 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 243 млн АҚШ долларынан 246 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,4 млрд АҚШ доллары болды.

Сәуірде Ұлттық қордан 968 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 18%-ын немесе күніне шамамен 44 млн АҚШ долларын құрады. 

Республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша мамырда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 950 млн АҚШ долларынан 1050 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжайды.

Сәуірде «айналау» операциясы аясында 213 млрд теңге алынды. Мамыр ішінде осы мақсатта 213 млрд теңгеге баламалы мөлшерде валюта сатылады деп күтілуде.

Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді.

Ұлттық Банк сәуірде валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Өткен айдың қорытындысы бойынша, валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сату көлемі шамамен 308 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығындағы сату процесін екінші деңгейлі банктер арқылы өз бетінше жалғастырып келеді.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк сәуірде биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 250 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 5%-ын құрады. Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде ұзақмерзімді кезеңде нақты кіріс алуды және оның сақталуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Осыған байланысты валюта нарықтық конъюнктураға байланысты сатып алынады. Бұл ретте, осы мақсатта мамырда валютаны сатып алу көлемі 250 млн АҚШ долларынан аспайды.

Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсете береді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін қолайлы бағам белгілеу режимін ұстана береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға