Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 07.03.2025 17:08 425
7 наурызда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Ұлттық банк бұл шешімді инфляция деңгейінің өсуі мен экономикалық тәуекелдерді ескере отырып қабылдағанын мәлімдеді. Ақпан айында инфляция 9,4% болды, ал халықтың инфляциялық күтуі 13,7%-ға дейін өскен. Бағаның көтерілуіне негізінен:
•қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық,
•тұтынушылық сұраныстың жоғарылауы,
•халықтың несие алуының артуы себеп болып отыр.
 
Сонымен қатар, Ресейдегі экономикалық жағдай мен әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы да әсер етуде.
 
Базалық мөлшерлеме деген не?
 
Бұл – Ұлттық банктің коммерциялық банктерге қысқа мерзімді несие беру немесе депозитке ақша қабылдау кезіндегі пайыздық мөлшерлемесі. Ол елдегі несие мөлшерлемелеріне және инфляция деңгейіне тікелей әсер етеді.
 
Мөлшерлеме көтерілсе:
•Несиелер қымбаттайды,
•Ақша көлемі азаяды,
•Инфляция бәсеңдейді.
 
Мөлшерлеме төмендесе:
•Несиелер арзандайды,
•Экономикаға ақша көптеп тартылады,
•Өндіріс пен инвестиция өседі.
 
Неге мөлшерлемені көтерді?
 
Ұлттық банк халықтың ақшасының құнсыздануын болдырмау, жинақтардың сақталуын қорғау және теңгеге деген сенімді арттыру үшін мөлшерлемені көтерді.
 
Келесі шешім 11 сәуірде жарияланады.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға