Жаңалықтар

Ұлттың ұйытқысына айналған қарашаңыраққа - 65 жыл

Ұлттың ұйытқысына айналған қарашаңыраққа - 65 жыл
Фото: El.kz 03.03.2023 16:32 1162

«Qazaqstan» телеарнасының 65 жылдық мерейтойына орай «Қарашаңырақ. Қазақ телевизиясына 65 жыл!» салтанатты шара басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мерейтойға Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, телевизия ардагерлері, қоғам қайраткерлері, зиялы  қауым өкілдері және журналистер қатысуда.

Қазақ тележурналистиканың негізін қалаған және Ұлттық арнаның келбетіне айналған ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Көштің басында жүрген алтын әріппен жазылған телевизияның ардагерлері арнайы төсбелгімен марапатталды.

Олар сүбелі сұхбат пен мәдениет, руханиятқа зор үлес қосқан жандар. Ұлттың ұйытқысына айналған Ұлттық арнаның жанашырлары.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мерейтойға арнайы жолдаған құттықтау хатын оқыды.

“Сіздерді Қазақстан телеарнасының эфирге шыққанына 65 жыл толуымен құттықтаймын. Қазақ телевизиясының қара шаңырағы саналатын Ұлттық арна еліміздегі Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде ерекше орын алатын медиа құрылым. Қазақстан тележурналистикасының жылнамасы осы арнадан бастау алады. Алғаш құрылған күннен бастап халыққа қызмет етуді маңызды миссиясына айналдырған ұлттық арна ұжымы бұл міндетін абыроймен атқарып келеді. Оны бағдарламадағы замана тынысынан емес, төл мәдениетіміздің асыл құндылықтарын және ұлтымыздың бітім-болмысынан көруге болады”, - деп Президент арнайы құттықтауын жеткізді.

Сондай-ақ, мемлекеттік кеңесші ұлттық арнаға табыс тілеп, 65 жылдық мерейтойымен құттықтады.

“Кеше ғана барлығымыз арнаның 60 жылдығын өткізген сияқты едік. Міне, бес жылда зымырап өте шықты. Осы ұжымда бірнеше жыл қызмет еткенімді мақтан етемін. Бұл менің еңбек жолымдағы ерекше бір кезең деуге болады. Әр азамат өзінің алтын ұясы санайды. Қазақстан телеарнасы қазақ журналистикасының негізгі бастауы”, - деді мемлекеттік кеңесші өз құттықтауында.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға