Жаңалықтар

Ұлттар лигасы және Қазақстан

Бас құрамамыздан сенсация күтеміз...
Ұлттар лигасы және Қазақстан
27.01.2018 18:38 11003

2018 жылдың қыркүйегінен бастап, Еуропа құрамалары үшін жаңа лига басталады. Жолдастық кездесулердің орнын алмастыратын, бұл лиганы өткізу идеясы бірнеше жыл бұрын туындаған.

Нақты айтар болсақ, Еуропаның футбoл қаyымдастық oдағы сонау 7 жыл бұрын Кипpдe өткен маңызды жиында УЕФА-ға кіретін құрамалар арасындағы теңбіл допты одан ары жетілдіру мақсатында Ұлттар лигасы атты жаңа доданы ұсынған еді. Бұл лиганы толық зерделеп, зерттеу сол Кипpдегі кездесуден басталып, 2014 жылға дейін Exесutіvе арнайы бағдарламасы бойынша талқылаулар жүргізілді. 2014 жылдың көктемінде Астана қаласында болған УЕФА-ның кезекті жиналысында бұл лиганы құру идеясы Еуропадағы ұлттық бірлестіктерінің басшылары тарапынан қолдау тапты. Осылайша, Еуропа чемпионатының алпыс жылдығын атап өту мақсатымен жаңа лигалық жүйе енгізілетін болды. Енді, 2020 жылы өтетін Еуропа біріншілігінен 24 ұлттық құраманы көретін боламыз. Сондай-ақ, ойындар Еуропаның он үш қаласында өткізіледі.  

Ұлттар лигасының мақсаты – достастық кездесулердің орнын алмастырып, футболдың құрама деңгейінде дамуына ықпал ету. Сондай-ақ, деңгейлес құрамалардың бір-бірімен сынға түсуіне жол ашу. Жаңа турнирдің барлық ережелері бекітіліп, осы жылдың қыркүйек айында алғашқы ресми кездесулер өтетін болады.

Ұлттар лигасының ережелері қандай?

УЕФА-дағы 55 құрама төрт дивизион (А, В, С, D) болып сынға түседі. Әр дивизионның өзі ішінара бірнеше топқа бөлінетін болады. Құрамалар рейтинг бойынша жайғастырылған. Осы жылдың күз айларында бір топқа түскен командалар өз алаңында, сол сияқты қонақта өзара бақ сынасады. Бекітілген халықаралық күнтізбенің аясында төрт немесе алты кездесу өткізіледі.

Қай топта қандай командалар ойнайды?

«А» дивизионында УЕФА рейтингінде алдыңғы 12 орынды өзара бөлісіп тұрған құрамалар бақ сынасады. Одан кейінгі орындарда жайғасқан командалар «В» дивизионында доп тебеді. «С» дивизионында сәйкесінше 15 құрама өзара мықтыны анықтаса, соңғы дивизион «D»-да 16 құрама бар. Үстіміздегі жылдың 24 қаңтарында Ұлттар лигасының жеpебе таpтy pәсiмі Лозaннaдaғы SwissTech Convention орталығында өтіп, қай құрама кіммен ойнайтынын белгілі болған еді.

«А» дивизионының 1-тобында Геpмания, Нидepланды, Фpaнция ойнаса, 2-топта Бельгuя, Иcлaндия, Швецаpия кім мықтыны анықтайды. 3-топта Пopтугалия, Пoльшa, Итaлия, 4-топта Иcпaния, Англия, Хopватия сынға түседі.

Бұл дивизиондағы өзара жеңімпаздар келер жылдың маусым айында плей-офф жүйесімен Ұлттар лигасының шын мықтысын анықтау мақсатымен жартылай финал, үшінші орын үшін талас, финалдық кездесулер өткізеді. Еуропа футбол қауымдастығы бұл лиганың финалдық мәресі қай мемлекетте өтетінін қатысушы елдер арасынан таңдап, осы жылдың желтоқсанында жариялайтын болады. Өз тобында соңғы орында қалған құрама екі жылдан кейін өтетін Ұлттар лигасының «В» дивизионында ойнайды. Өз дивизионынан ұтып шыққан төрт құрама болса, Еуропа біріншілігіне жолдама ала алмаған жағдайда, 2020 жылдың көктемінде плей-оффтық жүйе арқылы жалғыз жолдама үшін таласа алады.

«В» дивизионындағы төрт топта ойнайтын командалар былай орналасқан. 1-топта Словакия, Украина, Чехия, 2-топта Ресей, Швеция, Түркия, 3-топта Австрия, Босния мен Герцеговина, Солтүстік Ирландия, ал соңғы топта Уэльс, Ирландия, Дания бақ сынасады. Топты жеңіп шыққандар бірден «А» дивизионына өтетін болады, ал соңғы орындарды місе тұтқандар «С» дивизионына «лақтырылады».

«С» дивизионының 1 тобында 3 құрама ғана бар, ал қалған үш топта төрт құрама өзара күш сынасады. 1-топта Шотландия, Албания, Израиль ойнаса, 2-топта Венгрия, Грекия, Финляндия, Эстония кім мықтыны анықтайды. 3-топта Словения, Норвегия, Болгария, Кипр, 4-топта Румыния, Сербия, Черногория, Литва доп тебеді. Өз тобында алғашқы орынды иеленгендер «В» дивизионында ойнауға мүмкіндік алса, соңғы төртеуі ең төменгі дивизионға ауысатын болады.

Қазақстан құрамасы өнер көрсететін «D» дивизионындағы 16 командада өз қарсыластарын анықтады. 1-топта Грузия, Латвия, Қазақстан, Андорра, 2-топта Беларусь, Люксембург, Молдова, Сан-Марино күш сынасады. 3-топта Әзербайжан, Фарер аралдары, Мальта, Косово, 4-топта Македония, Армения, Лихтенштейн, Гибралтар ойнайтын болады. Жоғарыдағыдай бұл топтардағы жеңімпаз төрт құрама «С» дивизионында өнер көрсетеді. Ал соңғы төрт құрама басқа дивизионға ауыспай, осында қалады.

Кездесулер қай күндері өтеді?

1-турдың ойындары осы жылдың 6-8 қыркүйегі аралығында өтеді. Айта кетерлігі, Ұлттар лигасының алғашқы тарихи ойыны Қазақстан – Грузия арасында өтеді. Себебі, біздегі ойын басқа мемлекеттегі кездесулерден ертерек, сағат 20-00-де басталады. Екінші турдың ойыны 9 мен 11 қыркүйек аралығына жоспарланған. Ал үшінші ойын кестесі қазан айының 11-13-де, 4-тур 14-16 қазанда сарапқа салынады. 5-тур 15-17 қарашада болса, соңғы турдағы кездесулер сол айдың 18-20-сына белгіленіп отыр. Еуро-2020 жылдың іріктеу ойындарының кезеңінде аса өзгерістер орын алмайды. Бірақ, ірі турнирлердің финалдарынан кейін күз айының басында емес, көктемнің бірінші айына ауыстырылатын болды.

ЕУРО-2020 жылғы турнирінің финалдық кезеңінің ең соңғы төрт жолдамасын Ұлттар лигасында өз топтарында жеңімпаз атанған, 16 құрама бақ сынайтын плей-офф үздіктері иеленеді. Бұл құрамалар ЕУРО-ның іріктеу кезеңіне жолдама алып қойған болса, оның орнын одан кейінгі үздік командалар басады. Егер де қажетті төрт құрама жиналмаса, ол орындарды Ұлттық лигадағы рейтингіне сай «С», «D» дивизиондағы үздік командалары иеленеді. Әрбір дивизионның плей-офф кезеңі болады. Мұнда жартылай финалдық кездесулер мен финал өтеді. Әрбір кезеңнің жеңімпаздары Еуропа чемпионатының жолдамасына ие болады.

Жоғары турнирге жолдама жеңіп алу мүмкіндігі барлық құрамалардың, әсіресе әлсіз дивизиондағы командалардың лигаға деген ынтасын арттыратыны белгілі.

Біздің мүмкіндігіміз қандай?

Андорра, Қазақстан, Латвия, Грузия. Бұдан да азулы қарсыластарға тап болуымыз мүмкін еді. Әзербайжандық сарапшы айтқандай «өлім тобы» деуге келмейді. Бұл құрамаларға Қазақстанның расымен шамасы келе ме? Әлі бапкерге зар боп отырған құраманың күзде нәтижесі қандай болады? Сұрақ көп. Андорраны біздің жігіттер түзде де, өз алаңымызда да жеңуге тиіс. Олар Әлем чемпионатының іріктеу ойындарында төрт ұпай еншілеген команда. Осыдан он жыл бұрын қос құрама жолыққанда Қазақстан айқын басымдылықпен жеңген. Бернд Шторк бапкерлігі кезіндегі жетістікті бүгінгі футболшыларымыз қайталай алса, әрине... Юрий Красножан жаттықтырған уақытта Латвияны да айналып өткен едік. Сол елдің алаңында 0-1 есебін тіркеп, соңғы сәтте ғана өз тобымызда латыштарды артқа тастағанбыз. Латвия – кез келген фаворитке қарсы тұратын қауқары бар команда. Бірақ та, біз фаворит болып саналмаймыз. Оларға қарсы өткізген соңғы кездесудегідей сәттілік жолдас болғанын тілейтініміз анық. Топтың үздігі ретінде Грузия құрамасын атауға болар. Олар әрқашан білікті футболшыларға бай болған. Владимир Вайс баптайтын грузиндер де біз секілді өз топтарында сәтті өнер көрсете алмай, соңғы дивизионнан табылып отыр. Қазақстан мен Грузия арасындағы жалпы 4 ойын өткізіліп, екі рет тең тарқасып, бір-бірден жеңісті есептер тіркелген екен. Неге осы кездесулер тарихына өзгерістер енгізіп, таразыны өз жағымызға өткізбеске? Сеніміміз мол.

Андорраның бас бапкері Кольдо Альварес «тобымыздан бірінші не екінші орын алу қиынның қиыны, бірақ менің шәкірттерім әр ойынға аса жауапкершілікпен қарайтын болады. Қазақстанның футболшылары физикалық тұрғыдан мықты, әрі мінезді екенін жақсы білемін» деді.

Ал Грузия құрамасының бас маманы Владимир Вайс: «Қазақстан футболымен етене таныспын. Латвия мен Андорраның да жай-күйін жақсы білемін. Соңғы кездері бізге сәттілік жолдас болмай жүр, ойынымыз дұрысталып келеді. Жеңістердің бәрі алда деп ойлаймын» – деп, сұхбат берді.

Латвияның бас жаттықтырушысы Александр Старков болса, «барлық қарсыластарды жақсы танимыз, әр ойынға жауапкершілікпен қараймыз» деп қысқа қайырды.

Сонымен, нағыз қызық күзде басталады!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға