Жаңалықтар

Ұлттар лигасы: Қазақстан тағы да есе жіберді

Қазақстан құрамасы қонақта Грузиядан ұтылды
Ұлттар лигасы: Қазақстан тағы да есе жіберді
21.11.2018 23:03 5587

Ұлттар лигасының соңғы кездесуін Қазақстан құрамасы Тблисиде Грузияға қарсы өткізді. 45 мың жанкүйер жиылған матч алаң иелері үшін нағыз мереке болған секілді. Грузиндер өз жанкүйерлері алдында намысқа тырысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ал Стоилов шәкірттері бір ғана голмен шектелді.

Матч алдындағы баспасөз отырысы

Кездесу алдындағы баспасөз отырысында Станимир Стоилов өз сөзін Грузияны топты жеңуімен құттықтап өткен еді:

– Грузияны топты жеңуімен құттықтағым келеді. Олар бірінші орынға лайықты ойын көрсетті. Өздеріне сенімді болып, жақсы футбол ойнай білді. Бұл команда өте жақсы жасақталған. Ойынға дейін біздің құрамда біраз өзгерістер орын алды. 3-4 футболшыны Қазақстан кубогы мен Еуропа лигасының кезекті матчтарына байланысты жіберуге тура келді. Тұңғышбаевтың ескі жарақаты сыр беріп, Астанада қалды. Бірақ, бұл ертең біз босаңсып ойнайды дегенді білдірмейді. Керісінше, Ұлттар лигасының соңғы ойынында өзімізді жақсы қырынан көрсетіп, деңгейімізді өсіргіміз келеді. Әрине, алда әлі ұзақ жол бар, сол сияқты ертең де өз деңгейімізді жақсарту жолында тер төкпекпіз. Негізгі құрамда бірнеше көшбасшы футболшы болмайды. Стадионға көбірек жанкүйер келсе, олар да қорқыныш болады деп ойламаймын. Олардың біршамасы көшбасшылық қабілетке ие және тәжірибелі футболшылар.

Біздің құрамада жанкүйерлерге мереке жасап бере алатын теңбілдопшылар бар. Бұл бапкерлер штабы үшін әр футболшынының жеке-жеке деңгейін көруге керемет мүмкіндік тудыратын ойын болғалы тұр. Олар стадион тола жанкүйерлер кезінде өздерін қалай ұстайтындығын көреміз. Өзіңді тола стадионда көрсете алмасаң, қашан көрсетуге болады? Бос алаңда бәрі де доп қуа біледі.

Егер Қазақстан мен Грузияның ішкі чемпионаттарын салыстырсақ, қазақстандық біріншілік кәдімгідей мықты. Ал егер құраманың күшін алып қарасақ, Грузия жайден-жай бірінші сатыға жайғасып тұрған жоқ. Олардың басымдығы футболшылары шетелдік чемпионаттарда тер төгеді және еуропалық тәжірибесі жетерлік. Бірінші ойында жақсы ойнадық, тіпті Грузиядан мықты болдық деп айта аламын.

Бұл ойыннан тек жеңіс күтемін. Оның біз үшін маңызы зор. Турнирді жақсы көңіл-күймен аяқтаудың өзі жаман жетістік болмас еді. Сол сияқты ол жеңіс топтағы үздік құрамаға қарсы ойында болса тіптен тамаша. Ертең жасыл алаңда кімнің мықты екенін көретін боламыз.

Шабуылды аяқтай алу мәселесі қазіргі кездегі ең бас ауыртар тақырыбымыз. Жергілікті чемпионатта шабуылшы позициясында өнер көрсететін қазақстандық ойыншылар жоқтың қасы. Құрама ойыншылары ойын деңгейін көтеріп, өздерін жақсы қырынан көрсетеді деп үміттенемін. Андоррада бұл команданың жеңіске жете алмауында көптеген себеп болды. Біріншісі, грузиндер негізгі құрам ойыншыларын алаңға жіберген жоқ, ал келесісі Андорра-ла-Вельядағы алаң мәселесі. Стадион жылдам, сапалы ойын өрнегін көрсетуге ешқандай мүмкіндік бермейді.

Мен команданың стилін өзгертіп, жас мөлшерін төмендетіп жатырмын. Біз өте үлкен жұмыс атқардық. Меніңше, құрама дұрыс жолда келе жатыр. Негізгі құрамның бапкерлік тізгінін алған кезде, Қазақстан футбол федерациясяның Президентімен жұмысым көңілден шықпай жатса, орнымды босатуға келіскенмін. Егер себеп болса, кетуге дайынмын, – деді болгар маманы.

Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс:

– Қазақстан мен Латвия арасында өткен матчты қарап, сараптап шықтық. Алаң иелерінде көп мүмкіндіктер болды. Латвияның кипері қақпасын голдан аман алып қалған кездер де кездесті. Бірақ, Қазақстан жақсы сәттерді желге ұшырды. Бұл проблемалар Латвия мен Андоррада өткен ойындарда да көрініс тапқан болатын. Соның арқасында біз топтағы бірінші орынға жайғасып, бар мәселені ертерек шешіп тастадық.

Ертең нәтиже үшін ойнайтын боламыз. Тәжірибе жасайтын уақытымыз жоқ. Көптеген негізгі құрамның ойыншылары жарақат алып қалды. Бірақ, бұл футбол болғандықтан өкпе айтып отырмаймыз. Қолда бар ойыншыларды пайдаланамыз. Өз мүмкіндіктерін пайдаланған аяқдопшыларға алғысымды айттым. Олардың қатарында Чакветадзе, Тадидзе, Хочолавалар бар. Қазақстанмен болатын кездесуге Латвия мен Андорраға қарсы ойнаған сарбаздарды шығаратын боламын. Сол сияқты амалсыз бір-екі өзгертулер жасаймыз. Себебі, одан басқа қолымызда футболшылар жоқ.

Қазақстан құрамасында Станимир Стоиловтың келуімен жақсы өзгерістер орын алып жатыр. Ұйымшыл футбол көрсетіп, сенімді ойнай бастады. Оның стилін анализден өткізу маған қиындық  туғызады. Білетінім, «Астанада» пайдаланған ойын өрнегімен жұмыс жасауда. Мен «Қайраттың» бапкерлік тұтқасын ұстап жүргенде чемпиондыққа жету бақыты бұйырмаған еді. Бірақ, Грузия құрамасымен одан басым түсу сәті бұйырыпты. Оның жұмысы әлі өз нәтижесін беретініне толық сенімдімін. Стоилов – өте білікті бапкер. Бізге де, Қазақстанға да шабуылды түйіндеуде проблемалар жеткілікті. Бұл мәселе бойынша әлі де ұзақ жұмыс жүргізу керек, – деді.

Тең тарқасқан алғашқы тайм

Грузия – Казахстан – 2:1 (0:0)

Голдарды салған: 1:0 Меребашвили, 59, 2:0 Чакветадзе, 84, 2:1 Өміртаев, 90.

Грузия: Лория, Какабадзе (Хочолава, 86), Квирквелия, Кашия, Двали, Канкава, Квеквескири, Меребашвили, Гвилия (Качарава, 74), Чакветадзе (Абурджания, 90+3), Казаишвили.

Қазақстан: Непогодов, Бейсебеков, Малый, Логвиненко, Сүйімбаев, Федин (Тұрысбек, 83), Мұжықов, Қуат, Муртазаев (Өміртаев, 88), Зайнутдинов, Щеткин (Перцух, 74).

Грузия құрамасының бас бапкері көптеген футболшыларының жарақат алғандығын айтып, көмекке келе алмайды деген еді. Бірақ, бұл ойын олардың негізгі құрамның сақадай сай екенін көрсетті. Лория қақпа кілтін ұстаса, Кашия – Квиркелия дуэті орталық қорғанысқа жауап берді. Какабадзе оң қапталдағы, Двали сол қапталдағы қорғаныста өнер көрсетті. Олардан жоғары «Тобылдың» қос тірекшісі Канкава мен Квирквелия ойнады. Шабуылдаушы квартеті Меребашвили, Чакветадзе, Гвилия мен Казаишвилиден тұрды. Яғни, ойын схемасы 4-2-3-1 және кей уақыттары 4-2-2-2-ге ауысып жатты. Вайсстың таза страйкерсіз ойын өрнегіне көшкені нағыз жаңалық! Ал Станимир Стоилов Латвияға қарсы өткізген құрамына көптеген өзгерістер енгізіпті. Эричтің орнына «Тобылдың» кипері Непогодов тұрды. Ал тірекші қызметіне Қуат қайта келіпті. Ол Серікжан Мұжықовпен бірлесе өнер көрсетті. Оң қапталға Федин жайғасса, қарама-қарсы бет Муртазаевқа берілген. Өткір шабуыл өтіндегі Тұрысбектің орнын Щеткин басқан. Болгар маманының формациясы 4-4-1-1. Зайнутдиновке шабуылшыдан төменгі позияцияны тапсырыпты. Бұған қарап Стоиловтың қарымта шабуылға көп күш артқысы келгенін аңғару қиын емес.

Төреші ысқырығы естіле сала, Грузия футболшылары алға жүгірді. Олар Чакветадзе өнер көрсететін сол қапталды жиірек пайдалануға тырысты. Меребашвили-Какабадзе дуэтінен гөрі 19-жастағы ойыншының шеберлігіне арқа сүйеген де болар. Ал Гвилия мен Казаишвили тереңірек ойнап, әріптестерінен пас күтумен жүрді. Орталық аймақты пайдалануға тырысқан Вайсс шәкірттерінің алғашқы аяқ алысынан пайда көп бола қойған жоқ. Ал қапталдарды пайдалану, кросс пен корнерге иек артудың пайдасы жылдам көрініс бере бастады. Непогодовтың жұмысы бұл ойында тым көбірек болғанын мойындау керек. Қостанайлық клубтың қақпашысы бірнеше рет жұдырығымен допты қайтарып, қарсыластың соққыларын өткізбеуге тырысып бақты. Алғашқы он  бес минуттықтың қорытындысында Чакветадзе айып сызығынан соққы жұмсағанда Дмитрий екінші мүмкіндігінен допты қаршып ала алды. Сол сияқты Какабадзенің айып сызығының оң бұрышынан жасалған соққысы да қонақ қақпашының қолғабынан қайтты. Алаң иелерінің бірінші минуттан жасалған қысымына қазақстандық ойнышылар барынша қарсы тұруға тырысты. Ара-тұра қазақстандық аяқдопшылар қарымта шабуылға шығып, Лорияның да іске арласуына түрткі болды. Зайнтудиновтың Щеткинге шығармақ болған пасынан түк шықпаса, Мұжықов грузиндерден допты тартып алып, алға жүгіргісі келген. Серікжанның жолын Вайсс шәкірттері жауып үгерді. Ал Чакветадзе өзінің техникасының жоғары деңгейде екенін көрсетіп, Фединді бірнеше рет айналып өтумен болды. Десе де алғашқы ең қауіпті шабуыл қонақтардың еншісінде кетті. Мұжықов қарымта шабуылға шығып, Муртазаевты қақпашымен бетпе-бет қалдырған. Роман өз орнын дұрыс таңдай алмады ма, әйтеуір өте әлсіз соққы жасады. Лория сол аяғымен шабуылшының добын қайтарып үлгерді. Қазақстандықтардың бұл іске асырылмаған мүмкіндігі алаң иелерінің намысын жани түскендей. Олар енді, қалайда есеп ашуға бар күш-жігерін салды. Есеп ашуға ессіз кіріскен грузиндер осы сәтте қонақтардың тағы бір қарымта шабуылын жіберіп алуға шақ қалды. Федин алып берген бұрыштамадан Какбадзе Мұжықовқа допты сыйлаудың аз-ақ алдында қалған. Әйтеуір, алаң иелерінің жолы болып, «Астана» ойыншысына доп жетпей қалды. Гурзиндерде жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен бірнеше рет шабуылға шығып, Непогодов қақпасын торуылдаған. Сол баяғы Чакветадзе қапталынан бірнеше рет командаластарын ойынға араластыруға тырысып, доп жеткізудің қамымен жүрді. «Гент» ойыншысының дегені болмай, қос құрама үзіліске 0:0 есебімен тарқады.

Бұл тайм бойынша алаң иелері 8 рет қақпаға соққы жұмсаса, соның 2-еуі ғана тура ұшыпты. Ал қазақстандықтардың көрсеткіші екі есе аз, яғни төрт соққы. Соның екеуі Лория иелегіне тура бағытталған. Допқа иелік ету көрсеткіші Грузияның пайдасында кетті. Олар өздерінің осы топтағы үздік команда екенін анық аңғартты. Екінші таймда Стоилов жігіттері қарқынды Вайсс шәкріттеріне қаншалықты жауап берер екен?

«Бриллиант» ойыншының таланты

Екінші ойын бөлігі алғашқысынан еш өзгерген жоқ. Алаң иелері басымдыққа ие болып, Непогодов қақпасына қауіп төндірумен болды. Грузия бірнеше корнер орындауға мүмкіндік алып, есеп ашудың аз-ақ алдында қалды. Кашияның баспен жасалған соққысы дәл қақпа бағанының жанынан өте шықты. Одан соң, Непогодов Меребашвилидің айып сызығының сыртынан тепкен добын алып шыға алды. Грузиндер бірден төрешіге арыз айтып, қорғаушының қолына тигенін көрсеткен. Бірақ, португал қазысы ешқандай ереже бұзылмағанын ескертті. Сәл кейінірек Казаишвили қонақтар үшін аса қауіпті стандарт орындауға мүмкіндік алды. Оны орындауға Гвилия келген, Валерианенің соққысы қазақстандықтар құрған тосқауылдан кері серпілді. Екінші деммен жасаған шабуылы да өз нәтижесін берген жоқ. Қонақтар қарымта шабуылға жүгіріп, Мұжықов пен Федин доп алмасып, соңғысы Муртазаевқа пас жеткізген. Қақпа алдына жүгірген Роман командаласының пасы өтіп кетеді дегенге сенбесе керек. Ендігі, Грузияның шабуылы аса қауіпті болды. Чакветадзе өз қапталынан ойрандап өтіп, Непогодовтан асыра, Меребашвилиге пас жеткізді. Георгий ашық тұрған бұрышқа допты баспен тастай салды. Оған Сүйімбаевтың кедергі келтіретін ешқандай мүмкіндігі болған жоқ. Есеп 1:0!

Есеп ашып алған алаң иелері, алға ұмтылуын жалғастыра берді. Қонақтар Казаишвилиге сыйлық жасап бергенімен, Валерийдің өзі бұл мүмкіндікті іске асыра алмай жерді ұрды. Қазақстандық кипер алтылықтан спорттық снарядты алып шыққан. Чакветадзе өз қапталында билік жүрргізуін жалғастыра берді. Бейсебеков пен Федин «бриллиант аяқты» фтуболшының жолына ешқандай тосқауыл құра алмады. Ендігі Какабадзенің шабуылға араласуын Абзал қиындықпен болса да, бөгеді. Ал қазақстандықтар шабуылдауды тіпті ұмыт қалдырғандай. Олар тек стандартқа жүгініп, Лория иелігін бағындыруды көздеген сияқты. Сондай сәттің бірінде Мұжықовтан келген допты Логвиненко қақпаға бағыттауға тырысқан. Бірақ, қорғаушының дегені бола қойған жоқ.  Ойындағы басымдық қонақтарға қарағанда, грузиндердің есепті еселеуге мүмкіндіктерінің көптігінен хабар береді. Олар өз дегендеріне ойынның 84-минутында жетіп тынды. Алғашында қарымта шабуылға «атып» шыққан Грузия ойыншылары керемет сәтті мүлт жіберіп алған болатын. Доп шыр көбелек айналып, Непогодов қақпасының торына кірмей қалды. Ал келесіде «Гент» ойыншысы сол олқылықтың орнын толтырып, гол соғып кетті. «Боруссия», «Рома», тіпті «Барселонаның» алпауыттары келіп қарап жүрген теңбіл допшы Чакветадзе алдынан шыққан Бейсебеков пен Малыйды оңай алдап өтіп, «Тобыл» қақпашысының сол жағына тура соққы жасады. Дмитрийдің ондай допты алуы екіталай, ал қорғаныстағы Логвиненко тіптен көмекке келе алмады. Бұл шабуыл Качавараның өкшесімен шығарған пасынан кейін басталған-тын. Сол секілді Казаишвили де екінші голға өз септігін тигізді. Станимир Стоилов шәкірттері таблода 2:0 есебі жанып тұрса да, алға ұмтылып көрді. Ойын соңына қарай алаңға тыңнан Тұрысбек, Перцух пен Өміртаев қосылған. Дәл осы «Шахтер» шабуылшысы ойын нүктесін қоя білді. 90-минуттың соңғы секунды өтіп жатқанда Оралхан Мұжықовтан пас алып, кеудесімен жерге допты түсірді де, Лорияның сол қапталына тастай салды. Бұл – Грузияның 6 ойындағы екінші өткізген голы ғана. Әрине, қарсыластардың осалдығы ма, бұл құраманың қорғаушыларының мықтылығы ма Лорияның иелігін бағындыру көптің қолынан келе бермеді.

Қазақстанның екінші голын көруге уақыт тапшы болды.  Алғашқы таймдағы іске аспай қалған Муратазаевтың мүмкіндігі, Логвиненконың баспен жасаған бірнеше соққылары біздің құрамаға ең болмағанда жалғыз ұпай әпере алмады. Тек Оралхан Өміртаев алаңға кірген үш минуттың ішінде өз сәтін тамаша пайдаланып кетті. Гурзия бұл ойында қонақтардан әлдеқайда жақсы өнер көрсетті. Барлық компоненттер бойынша алда болғанына дау жоқ. Тбилисидегі кездесу Грузияның бұл топты бекер жеңбегенінің белгісі деуге болады. Владимир Вайсс шәкірттері осы топтағы үздіктермен күш сынасып Еуро-2020-ға берілетін жолдаманы жеңе алатынына күмән келтірмейміз. Қазақстан бұл топта өзіне лайықты екінші орынында қалды. Себебі, Андорраға қонаққа барған Латвия алаң иелерін ұта алған жоқ.

Шын мықты жеңген матч

Топтағы орындардың қалай болатыны бұл матчқа дейін-ақ белгілі болған. Грузия ұлттық құрамасы Ұлттар лигасындағы барлық ойынды бір деммен өткізді деуге толық негіз бар. Олардың шебер ойыншыларына қарсы тұрар команда болмады. 6 ойында Владимир Вайсс шәкірттері тек Андоррада жеңіс тойын тойлай алмады. Оның өз себебі бар. Словак маманы Андорра жерінде негізгі құрамды кешегі ойынға қалдыруды жөн санаған болуы керек. Оларға Латвия мен біздің жігіттер еш қарсылық көрсете алған жоқ

Тбилисде өткен матчта Қазақстан ойыншыларының жақсы жетістікке қол жеткізуге мүмкіндігі болды ма? Әрине, алғашқы таймдағы Роман Муртазаевтың өз сәтін орындағанда, таблодағы басқа көрсеткіш туралы сөз қозғалар еді. Өкінішке қарай, біздің құрамада Геория Чакветадзе секілді мықты ойыншы болмай тұр. Ол Ұлттар лигасының алғашқы голын Қазақстан қақпасына салған. Бүгін де грузиндердің болашақ жұлдызы Непогодов қақпасының кілтін тауып кетті. 2:1 нәтижесі бұл матчтың әділ бағасы деуге болады. Алаң иелерінің белсенділігі мен шеберлігі қонақтардан жоғары болғаны көзге сүйелдей басылып тұрды.

Қазақстан құрамасы алаңдағы басымдықты Грузия футболшыларына беріп, екінші нөмермен ойнаудан басқа шарасы жоқ-тын. Стоилов шәкірттері алаң иелерінің берік қорғанысын бұзып өту үшін өте көп уақыт жұмсаған сияқты. Дмитрий Непогодов қақпасының алдында қауіпті сәттер жиі орын алды, десе де, грузиндер қазақстандық қорғаныстың осал тұсын іздеп, сондай эпизодта жазалауға дайын болған. Соған қарамастан, алғашқы 45-минуттықта таблодағы есеп 0:0 еді. Ал екінші ойын бөлігінде «Генттің» таланты теңбіл допшысының өз айтары бар екен. Алғашқы таймда ол оң қапталдағы Абзал Бейсебековті бірнеше рет оңай айналып өтіп, оқтын-оқтын қауіп төндірумен болды. Келесі 45-минуттықта Чакветадзе бар өнерін ортаға салды.  19-жастағы «Бриллиант» сол қапталдан алдынан кезіккен барлық қонақ ойыншыларды айналып өтіп, тура қақпа алдына пас жеткізді. Ал бұл жақта ашық тұрған Гиорги Меребашвилиге баспен соққы жасау ғана қалған еді. Оның жолын бөгеу Сүйімбаевтың мүлде қолынан келген жоқ. Ондай пасты голға айналдырмау айып болар еді. Ал одан кейін Чакветадзе тағы да орта дистанциядан ашық аймақ іздеп, барлық қарсыластарын қапы қалдырып, Непогодовтың сол қапталына керемет соққы жасады. Доп Логвиненконың басына тиер-тиместен қақпаның торында тулаған еді. Бұл гол Қазақстан ойыншыларының анық жеңілісін айтып тұрғандай. Себебі, басымдықты беріп қойған қонақтар екі голды соға алмайтыны белгілі-тін. Тек алаңға тыңнан қосылған Оралхан Өміртаев соңғы сәтте өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып есепті бір допқа қысқарта алды. Айта кетерлігі, «Шахтер» форварды ұлттық құрама жейдесінде өткізіп жатқан алғашқы ойынында гол салу бақыты бұйырған үшін офсайд белгілемеген қапталдағы төрешіге алғыс айтуы керек-ау. Грузиндер оған аса қатты қайғыра қойған жоқ. Себебі, Қазақстан қалған минутта таразы басын теңестіре алмайтынына көздері жеткен.

Осымен, бұл турнирдің алты ойыны тарих қойнауына кетті. Ұлттар лигасындағы сәтсіздік үшін ешкімді айыптамаймыз. Өткізген 6-ойында байқағанымыз құрама ойыншыларында ойын стилі пайда болды. Қорықпай шабуылға да шыға алады. Тек өз мүмкіндіктерін пайдаға асырғаны қалып отыр. Грузияда Серікжан Мұжықовтың ойынына жоғары баға қоюға болатын секілді. Қалған футболшылар да өзіне жүктелген міндетті барынша атқаруға тырысып бақты. Десе де, Станимир Стоиловтың әлі де жасайтын жұмысы көп. Еуро-2020 іріктеу сынында ел футболшылары өзін барынша ашып көрсететіне сеніміміз бар.

Ойыннан кейінгі статистика не дейді?

Қақпаға бағытталған соққылар саны Грузияның пайдасында (20-10, оның тура бағытталғаны 6-4, қиыс кеткені 8-3, блокқа түскендері 6-3). Бұрыштамалар саны бойынша 13-6, тағы да алаң иелері алда тұр. Офсайдқа түсу көрсеткіші Қазақстан ойыншыларында көбірек екен, 2-4. Допқа иелік ету көрсеткіші – 65% / 35%. Жалпы қос команда  562-279 рет пас берген, оның дәлдік пайызы 86% / 67%. Сонымен қатар, ереже бұзудан қонақтардың басымдығы білінеді (13-9), екі қазақстандық аяқдопшы сары қағазбен жазаланған.

Турнир кестесі бойынша 16 ұпаймен Грузия құрамасы бірінші орынға жайғасты. 6 ұпай еншілеген қазақстандық футболшылар 2-орынды місе тұтты. Тиісінше, төрт ұпайы бар Латвия мен Андорра 3-4 орындарды бөлісіп алды.

Бапкерлердің көңілі толды ма?

Ойын соңында өткен баспасөз отырысында Станимир Стоилов Грузияның әділ жеңіске жеткенін айта кетті:

– Қос команда да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Алаң иелері жеңіске лайық ойнады. Бірінші таймда біздің жігіттер барлық ашық аймақтарды жауып жүрді. Тек жүзпайыздық бір мүмкіндікті іске асыра алмай қалғаны бар. Ал екінші таймда оныншы нөмерлі ойыншының алдын орау мүмкін болмады. Ол бізге өте көп проблема алып келгенін жасырмаймын. Дәл осы футболшы бізбен өткен қос ойында да жеңіске жетті. Бұл матчта оның еншісінде гол+пас бар. Жақсы голдар, жақсы футболшы... Біздің қорғаушылар берілген тапсырманы орындай алмай жатты. Шәкірттеріме мотивация бойынша тағар кінәм жоқ. Тек оларға шеберлік пен өздеріне деген сенімділік жетіскен жоқ. Бұл кездесуге тәжірибелі деген ойыншыларымыз қатыспағанын жақсы білесіздер.

Осы ойында бұған дейін негізгі құрамның сапында тер төкпеген бірнеше жас ойыншыларды қарауымыз керек еді. Олар барынша тырысып жатыр, еңбектене білсе болашақтары жарқын болатынына сенімім мол. Біздің шабуылдаушы шебіміз өздерін еш көрсете алған жоқ. Жүзпайыздық мүмкіндікті құр жіберіп алдық. Бұған дейін айтқанымдай Грузия осы топтағы бірінші орынды лайықты иеленіп отыр. Олардың футболшылары өздеріне сенімді өнер көрсетеді. Біздің қорғанысымызда да айтарлықтай проблемалар бар. Комбинациялы ойын жүргізіп, тура пас жеткізуде қиындықтарға тап болдық. Жоғарыда айтқанымдай, форвардтармен жұмыс жасауымыз керек. Бастаған шабуылды түйіндеуде сәттілік жетіспеуде. Бұл турнирде біздің құраманың айы оңынан тумады. Ұлттар лигасының арқасында тәжірибе жинақтадық. Бұл кездесуге келген жанкүйерлерге алғысым шексіз. Тбилисиде жақсы атмосфера болды. Осындай мықты қарсыластар арқылы біздің құрама дамитын болады.

Грузияның бас бапкері Владимир Вайсс жақсы қарсылас болған Қазақстан құрамасына алғысын жеткізді:

– Біз грузин халқына жақсы көңіл-күй сыйладық деп ойлаймын. Жанкүйерлерге нағыз футбол ойынын тамашалауға мүмкіндік бердік. Бізге мықты құрама қарсы тұрды, өте қиын матч болды. Соңына дейін теке-тірескен Қазақстан футболшыларына рақмет айтамын. Бастысы, жеңіске жеттік, топтағы бірінші орынды иелендік. Енді, Тбилисиде жартылай финал ойындары өтетін болады.

Георгий Чакветадзе 19 жаста, ол осы жасына қарамай құраманың көшбасшысы. Сол сияқты әлемдік деңгейдегі талант иесі. Егер осы қарқынымен дами берсе, грузин құрамасы да ілгері жылжитын болады. Оған Еуропаның үздік клубтары қызығушылық танытып жатқанын естідім. Егер осы бетінен таймаса, мықты команданың біріне ауысатынына сенімдімін. Ол Ұлттар лигасының барлық кездесуінде ашылып ойнады. Одан көп үміт күтеміз.

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға