Жаңалықтар

Ұлтқа қызмет еткен қазақ меценаттары

Ұлтқа қызмет еткен қазақ меценаттары
Фото: коллаж El.kz 01.04.2024 10:17 1017

«Ағайының бай болса, шайнағаның май болар» дейді қазақ. Бірақ байдың бәрі бірдей ұлтқа қызмет ете бермейді. Ал ұлтқа қызмет еткен азаматтарды халық ешқашан жадынан шығарған емес.

Мысалы, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа, әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі – қазақ байлары болды. Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов 1911 жылы Міржақып Дулатұлы Семейде абақтыға қамалғанда 2 мың сом көлемінде кепілдік салып, тұтқыннан босатады. Оның алдында 1906 жылы қамалғанда 11 мың жылқысы болған Қаражан Үкібаев 2500 сом төлеген екен.

Жалпы, Қаражан Үкібаев ХХ ғасыр басында Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттық жасап, Семейде М. Әуезовке «Абай» журналын шығаруға қаржы бөліп, сол басылымның таралуына үлкен көмек көрсеткен.

 Алаштанушы Еркін Рахметуллиннің жазуынша, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Әлихан Бөкейханов 1908-інші жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда ауырды деп естіп «Әлекеңдер қазаққа керек адам»  деп тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып отырған.

Сонымен қатар Алашорда үкіметінің экономиклық және қорғаныстық тірегі саналған қазақ байлары қатарында Семейлік Үкібаев Қаражан, Шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен  Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, Жетісулық Маман байдың балалары және Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінен Қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Әлниязов Тобанияздарды ерекше атап өтеміз.

Мұхтар Әуезов ең алғаш сахналаған «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Кебек образын сомдаған, Ақкенже Аймағамбетов1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеуметтік ісіне араласып, уездік, облыстық Қазақ комитетінің жұмысына қаржылай жәрдем беріп тұрған. Шыңғыстағы «Талап» игілік ұйымының құрылтайшысы болып, кейіннен аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына азық-түлік, қаражат жағынан көмектескен.

Біз сөз етіп отырған Алашорданың тұсында ұлттық буржуазияға қолдау көрсеткен қазақ байлары. Тәуелсіздік жылдары да талай атымтай жомарттар шықты. Әдебиет пен өнердің, білім мен ғылымның өркендеуіне үлес қосып келе жатқан адамдарды меценат деп атау ежелден қалыптасқан. Олардың әрбірінің ақшалай көмегі жекелеген жағдай болуы мүмкін, ал сондай қайырымдылықтың нәтижесінде мемлекеттің алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тізіміне қосылуы өнерге, білім-ғылымға салынған ақшаның қайтарымы бар екенін, оның елді көркейтінін көрсететін нақты дәлел. Тарих мұндай адамдардың аты-жөнін ешқашан ұмытпайды.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ айтыс өнерінің бас ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман айтыс өнерінің қолдаушылары, демеушілері өте көп болғанын, қазір де аз емес екенін айтады.

«1997 жылы айтысқа үлкен-үлкен жүлде тігу басталды. Сонда ең алғаш көлік тіккен азамат Мұхтар Құл-Мұхамед еді. Одан кейін Амангелді Ермегияев,  Өмірзақ Сәрсенов, Нұртай Сабильянов сынды азаматтар кезекпен демеушілік жасай бастады. Олар кейде бірлесіп жүлде қорын тағайындады. Тек айтыс кезінде ғана емес, айтыс ақындарына жекелей де қамқорлық жасады.  Олар бұдан пайда табуды көздеген жоқ, қазақтың ұлттық өнері өлмесін, соның көшін жүргізе берейік деген мақсатта қаржы шығарды», дейді ақын Жүрсін Ерман. 

Оның айтуынша, соңғы 7-8 жыл көлемінде қазақ айтысына үлкен демеушілік етіп келе жатқандардың бірі – Дулат Тастекей. Ол «Туған жерге туыңды тік» акциясы бойынша Абай облысының Ақсуат ауданында жылда айтыс «Асыл домбыра» айтысын өткізеді. Сонымен қатар өнердің басқа да түрлері мен спортшыларға да қолдау көрсетіп тұрады. Жыл соңында еркін күрестен әлем чемпионатының жүлдегері Азамат Дәулетбековке көлік мінгізді.

Спортқа демеушілік жасап жүргендер арасында Бауыржан Оспановты ерекше атауға болады. Қазақ боксы мен күресіне көмегін аяған жоқ. Әсіресе, Қанат Ислам мен қазір әлемді мойындатып жүрген боксшы Жәнібек Әлімханұлы шарапатын көп көрді.

Жалпы, руханият­қа сүйеу болатын мәрт меценаттар бізге көптік етпейді. Олардың білім мен ғылымға, өнерге құйған инвес­ти­циясының қайтарымы болады. Нарық заманында, әсіресе, өнер адамдары, оның ішінде қаламгерлер мен  ұлттық өнердің туын көтеріп жүрген таланттар, болашағынан мол үміт күттіретін жас ғалымдар қолдауға зәру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға