Жаңалықтар

Ұлт руханиятының қайнар бастауы

Елбасы мақаласы жайында Мұхтар­ Құл-Мұхаммедтің пікірі
Ұлт руханиятының қайнар бастауы
13.04.2017 15:20 4276

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар­Құл-Мұхаммед:

– Бұл мақалада қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы. Елбасының жүрек төрінен шыққан асыл сөздері сіздерге – тәуелсіз Қазақстан жастарына арналған. Сондықтан оны әрбір қазақстандық жас оқып, меңгеруі керек. Себебі, руханиятымыздың қайнар көзі, тарихы, бүгіні мен болашағы осы құжатта анық көрсетілген. Біріншіден, Елбасы өзінің халыққа арнаған биылғы Жолдауында елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығаратын Қазақстанның кең ауқымды экономикалық жаңғыруына жол ашты. Екіншіден, ірі экономикалық қайта құрулармен қатар, бірегей Конституциялық реформа арқылы мемлекетіміздің саяси жаңғыруын қолға алды. Бүгін Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынып отыр.

Барша қазақстандықтар, соның ішінде зиялы қауым өкілдері әрдайым ұлт руханияты мен оның құндылықтарына ерекше назар аударып келді. Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен және жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту. Біз жақсылықтардан жатсынбауымыз керек. Мәдениет пен әдебиет, ғылым мен білім сала­сын­дағы бүгінгі заман жетістіктері біздің жастарымыздың да ортақ игілігіне айналуы тиіс. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан философиялық өсиетінің мән-мағынасы дәл осындай ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар бірлігінде деп есептеймін.

Елбасы мақаласында қоғамның рухани ұстыны мен ұлттық идеяның мазмұнын қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелерге нақты жауап берілген. «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес. Ол үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті» деген сөздерде әр буын өкілдерінің ұлттық құндылықтарды өз заманының ең үздік, ең озық жетістіктерімен байытып отыру ке­ректігін жастарымызға айқын түсіндіретін өнеге бар. Рухани жаңғырудың басты бағыт-бағдары да осында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға