Жаңалықтар

Ұлт болмысымен етене есімдер

Қазақ тарихында қай есіммен ірі тұлғалар көп шыққан?
Ұлт болмысымен етене есімдер
14.03.2019 17:02 6448

Көбіне-көп адам есімінің жеке тағдырға қатысы айтылады. Ал ныспының ұлт болмысына әсері бар ма? Есім-сой кім жөнінен де қадірлі ұғым. Атымды кір шалмасын дейтін қазақ тілеуінің мәні ар тазалығымен тамырласады. Сондықтан баласына ат қоярда қазақтар ырымдап ары таза, аты мәшһүр игі-жақсының есімін берген. Мұнысы кісі есімі тағдырға әсер етеді деген төл дүниетаныммен де астасады.   

Сонымен есім деген ұғымға аз-кем ой жүгірткенде алаш жұртында жеке адамның емес, тұтас ұлттың ырыс-құтына айналған айтулы есімдер бар екенін байқаймыз. Қайбір есіммен батырлық, өрлік рухы үндессе, енді бір аттар ақыл-парасаттың символындай көрінді. Бәлкім кездейсоқ дерсіз, бірақ не дегенмен де бұл есімдермен ел тарихындағы ізі қанық...

Алаштың алып Мұхтарлары

Мұхтар есімі тілге оралғанда саналы қазақ баласы бірден әйгілі жазушы, алаш әдебиетінің алып бәйтерегі Мұхтар Әуезовты еске алады. Сөз жоқ, Мұхаң семинарист кезінен-ақ сұлу сөзі мен көркем ойы арқылы өзіндік қолтаңбасын қалдырған айтулы суреткер. Күллі қазақты әлемге паш еткен әйгілі «Абай жолына» дейін де «Жаяу сал», «Қоңыр» бүркеншік есімдерімен бірқатар  туындыларын жазған. Сондықтан Мұхтар есімі ақыл-парасаттың үлгісіндей тізімнің басында тұр.    

Мұхтар атының әдебиетпен етене екендігін біз көзі тірі классиктеріміз қос Мұхтар арқылы да ұғына түсеміз. Мұхтар Мағауин қазіргі қазақ прозасының зәу көгі болса, Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен абадан ақын. Қай Мұхтардың да алаш әдебиетіне салған олжасы аз емес. Осы тұрғыдан Мұхтар есімі қазақ руханиятымен біте қайнасқан ба дерсіз.

Асылы, қазақ тарихында Мұхтарлар аз емес. Жоғарыдағы қос Мұхтардың өкшесін басып, сөздің шешені, елдің көсеміне айналған Мұхтар Құлмұхамедті атау да ойды олқы түсірмейді. Қаламгерлігімен қоса қайраткерлігі де бір басына жетерлік Абрарұлының айтысты қайта түлеткен жанашырлығының   өзі лайықты биігіне шығарып -ақ тұр.

Мұхтар сөзінің түп этимологиясы арабтан енген «мұхтарун» сөзімен түйіндеседі. Алайда бұл сөз бүгінгі тілдік қорымызда әу бастағы араби реңкінен арылып, қазақ тілінің заңдылығы мен әуезіне бағынған. «Таңдаулы», «сара», «құрметті», «жақсы» сөздерінің мәнін үстейтін мұхтар қазақ есімдерінің ішінде, шынында да, таңдаулы аттардың бірі болып тұр. Төмендегі Мұхтарлар да ойымызды бекіте түспек.

Мұхтар Омарханұлымен бір заманда өмір сүріп, түрлі қоғамдық-саяси қозғалыстарда ортақ қызмет атқарған тағы бір Мұхаңның аттасы ол – Мұхтар Мурзин. 1918 жылы тұтас қазақ даласында айтулы өзгерістер орын алды. Дербестік, демократиялық қозғалыстар қаулап өсті. Бұл саяси майданнан қазақ жастары да шет қалған жоқ. 1918 жылы мамырда Омбыда әр өңірдегі жастар ұйымдарының басын қосқан үлкен құрылтай шақырылды. Әртүрлі ұйымдардың басын қосқан «Жас азамат» ұйымы осылайша дүниеге келді. Мұхтар Әуезов Семейдегі «Жанар» ұйымынан уәкіл болып барған бұл жиналыста жастардың сенім артуымен Мұхтар Мурзин төраға болып сайланады. Жастайынан қайраткер болып қалыптасқан Мұхтар Мырзаұлы одан кейін де жауапты қызметтерде болды. Ел аузында КИНО  аталып кеткен Орынбор қазақ институтының басшысы қатарлы міндеттер атқарды. Қазақ руханиятының ағарту шебінде бел шешіп күресе білді. Бірақ алаш арыстарының мойнына түскен қыл тұзақтан ол да құтыла алмады. Воронежге жер аударылып,  аяғы қуған-сүргіннен көз жұмды.

Мұхтар Омарханұлымен бір дәуірде жасаған тағы бір тұлға – Мұхтар Саматұлы. 1913 жылы Омбы ауылшаруашылық училищесіне оқуға түскен ол кейіннен «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болды. Қошке Кемеңгер қатарлы тілегі тоғысатын азаматтармен «Бірлік» ұйымынан бастап, етене жұмыс атқарып, өздерін алаш ісіне арнады. Қазақстан баспасында басшы ретінде көптеген оқулықтар мен кітаптардың жарық көруіне ықпал етті. Бірақ одан кейінгі тар заман оның да тынысын тарылтып, құлашын кеңге жайғызбады. 

Қазақ руханиятының өрісін ұлғайту ниеті мен ортақ мүдде үш Мұхтарды қазақ халқының бай музыкалық мұрасының жинақтау ісінде де тоғыстырды. Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы қатарлы тұлғалармен тізе қосып,  Александр Затаевичтің ұлттық ән-күйді нотаға түсіру жұмысына тығыз қолдау көрсетті. Соның арқасында 1925 жылы «Қазақ халқының 1000 әні» музыкалық жинағы жарық көрді. Міне, қазақ руханиятына Мұхтарлардың олжасы орасан екені осы мысалдан да көрінсе керек.   

Еліне олжа салған Жәнібектер

Мұхтардан кейінгі қазақ есімнамасында айрықша аталатын бірегей ныспы – Жәнібек. Жәнібек аты аталса, көптеген адамдарда батырлардың, қолбасшы баһадүрлердің ассоцациясы туындайды. Расында да, Жәнібек есімі қазақ хандығының құрылуынан бастап көркейіп-гүлденген, саптаяқ басына қарауыл қойған жаугершілік өмір тарихымен тұтасып кеткендей. Қазақ хандығының әр тарихи дәуірінде бір Жәнібек өмір сахнасына келіп отырыпты. Ендеше олар кімдер екенін бағамдап көріңіз.      

Әз Жәнібек

Әдетте Жәнібек есімі Керей ханмен бірге қосарланып, Керей-Жәнібек хандар деп айтылады. Оның себебі де жоқ емес, мемлекеттігіміздің бастауы қазақ хандығының негізін қалаушы осы қос тұлғадан басталады. Жәнібек те, Керей де Жошы ұрпағы Ордаеженнің Орыс хан тұқымынан. Жәнібек хан тағына отырғаннан кейін қазақ хандығының іргесі бекіп, қуаты таси түсті. Ол Жәнібек ханның көреген қолбасшылығы мен батыр болмысына тікелей байланысты десек қателеспейміз. Ең әуелі, 1468 жылы өздері бөлініп шыққан Әбілқайыр ханның жойқын соққысын тойтарып, хандықты аман сақтап қалса, екіншісі, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек ұлысының территориясына көз тіккен Сібір хандығы, Алтын орда, Хорезм хандығы, Ноғай ордасы қатарлы күштердің бетін қайтарып, көшпелі өзбек мемлекетінің жерін қазақ хандығының құрамына қоса білді. Қазақ хандығы толысып, күшейді.

Шақшақ Жәнібек

Қазақта аты аңызға айналған батырлардың бірі – Шақшақ Жәнібек. Өз әкесі Қошқар болғанымен, арғы атасының атымен Шақшақ Жәнібек аталған. Ақтабан шұбырынды болған Жоңғар шапқыншылығында еліне пана, жұртына қорған болып, босқан елдің басын біріктіре білді. Сондықтан  атақты Бұхар жырау Шақшақ Жәнібекті ормандай көп орта жүзден шыққан төрт тіректің бірі» деп жоғары бағалайды.  Ал Тәтіқара жырау да  Жәнібекті:

«Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы – болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ержігіттің ерлігі осындайда»,– деп жырға қосады.  

Ер Жәнібек

Жәнібек Бердәулетұлы – қазақ-қалмақ шайқасында жау шебіне атой салған көзсіз батырлардың бірі. Қазақ ханы Абылайдың сенімді қолбасшысы. Шыққан руы Орта жүз керей болғандықтан керей Жәнібек деп, ал батырлығы мен ерлігіне сүйсінгеннен Ер жәнібек деп те атаған. Оған қоса ақыр Жәнібек деген  де осы Бердәулетұлына қатысты айтылады.

Қазақ қолы жоңғарды ығыстырып, жаудың бетін қайтарғаннан кейін Ер жәнібек батыр өзіне қарасты керей руын бастап, бұрынғы ата-қонысы Алтай бауырына  қайта оралады. Қабанбай мен Жәнібек батыр елдің шеті, жаудың өтіне барып орныққаннан кейін батырлардың десінен қаймыққан жау қайтып қазақ даласына беттеген емес.

Біз білетін Мұхтар мен Жәнібек есімдері қазақ тарихында осындай іздерін қалдырған екен. Тәңрі алаш жұртына алда әлі де алып Мұхтарлар мен ер жүрек Жәнібектердің жұлдызын жаға бергей.

(Суреттер интернеттен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға