Жаңалықтар

«Ұлт саулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау – басты мақсат!»

«Ұлт саулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау – басты мақсат!»
Фото: zhasai.kz 15.03.2023 11:20 4586

Жаңа Қазақстанның, оның ішінде Астана қалалық Мәслихатының жаңа депутаты билік пен бұқара арасындағы дәнекер адам болуы керек. Яғни елорда тұрғындарының талап-тілегін бір кісідей білетін, халқына адал қызмет атқарып жүрген тұлға болса дейсің. Сайлауда құрғақ уәде мен бос сөзге ермей, әрбір кандидаттың осы уақытқа дейінгі істеген ісіне қарап сайласақ абзал болар еді.

Бүгінде осы үдеден шыға алатын, халқына қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан жандар жоқ емес. Тек оларды дұрыс танып, таңдай білуіміз керек.

Осы ретте еліміздің ерекше тұлғаларының бірі әрі бірегейі, Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, қазақ руханиятының жанашыры, меценат, «Жас-Ай» халықаралық медицина орталығының басшысы, «Жас-Ай» ғылыми-ақпараттық журналының Бас редакторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик – Жасан Зекейұлы жайлы сөз қозғамақпыз.

«Ұлт саулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау – басты мақсат!»

Жасан Зекейұлы өзіне үнемі сын көзімен қарайтын жан.

Мен өзіме тек қана үздіксіз жетілу, тәжірибе жинау мақсатында талап қойып, жоспар құрып, соның үдесінен шығуға тырысып отырамын. Ешқашан болдым, толдым демеймін. Менің санамда мақсатсыз адам – қураған ағаш іспетті. Сол үшін Алла ғұмыр берсе, әлі де жетіле, толыса түсуге тырысамын. Себебі менің кәсібімнің талабы сол. Адам емдеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шыбын жаны шырқырап, алдыңа келген науқас «біреуге әке, біреуге бала» деген сияқты, Алланың пендесі болғандықтан аманат ретінде адал қарап, дұрыс мәміле жасауың керек. Қателесуге жол жоқ. Шетелге жиі баратын себебім де осыған байланысты. Олардан тәжірибе алып, техникасын үйреніп қайтамын. Көргенімді, көңілге түйгенімді келген соң жұмыс орнымдағы шәкірттеріме үйретіп, науқастарды сапалы емдеуге күш саламыз, - дейді Жасан Зекейұлы.

«Ұлт саулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау – басты мақсат!»

«Еңбектің де өнбегі бар» демекші, Жасан Зекейұлы бүгінде Алматы, Астана, Шымкент сынды үш ірі қалада 5 қабаттан тұратын үш үлкен медициналық орталық ашып, жұмысын жүргізіп отыр. Онда қаншама жастар жұмыс істеп жатыр. Мемлекетке тиісті салығын уақтылы төлеп келеді. Осының бәрін ол егемен еліне қосқан азғана үлесі деп біледі.

«Жас-Ай» орталығы бүгінде халықаралық деңгейге көтерілген медициналық мекеме. Яғни «Жас-Ай» орталығы республикадағы денсаулық сақтау департаменттерінің талаптарына сай болумен қатар, халықаралық өлшемдерге де сай жұмыс жасайды. Еуропадағы атақты «Оксфорт» ғылыми орталығы бұл мекемеге «Халықаралық үздік клиника» атағын беруі жайдан-жай емес.

«Ұлт саулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау – басты мақсат!»

«Жас-Ай» халықаралық медицина орталығы аз уақыттың ішінде заманауи медицина мен дәстүрлі медицинаны ұштастыра білген орталық.

«Жас-Ай» – қазіргі кезде екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Орталық құрылған 2004 жылдан бері бүгінгі күнге дейін 90000-нан астам адамға медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған 25000 науқас тегін ем алды. 7000-ға жуық сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларға нәтижелі ем жасалды, 4000-нан астам инсульт халіндегі науқас сауығып еңбекке жарады, 5000-нан астам отбасы бала сүю бақытына ие болды.

«Жас-Ай» халықаралық медициналық орталығы мен жергілікті «Аманат» париясы және түрлі саяси, қоғамдық ұйымдар арасындағы келісімнің нәтижесінде ай сайын 100-ге жуық ардагер тегін ем алады. Бұл сандар айтуға оңай болғанымен, ол ұзақ жылдар бойы табанды еңбекпен келген елеулі көрсеткіш деуге болады.

Жасан Зекейұлы жоғарыда сөз болған жетістіктерге жету оңай болмағанын айтады.

Қазақ «мың өліп, мың тірілсе», мен мың сүріндім, сүріндіруге тырысқандар да көп болды. Өмірдің не бір өткелінен өттім. Көп білгеннен, көпті көрген жақсы дейді ғой. Осы өткелдерден өту үшін бойыма мол тәжірибе жинадым. Қытайда атақты Лу Шүн деген жазушы болды, басында ол да адам емдеу ісімен айналысты. Кейін «мен бір адамды емдегенше, мыңдаған қытайды рухани емдейін, рухы бүтінделмеген халық түбі оңбайды екен», - деп жазушылыққа бет бұрды. Сөйтіп әлем таныған жазушылардың бірі болды. Сол сияқты медициналық мекемемдегі жұмысым өз алдына, енді көкейге түйгенімді, халықтың арыз-арманын азда болса биік мінберлерден айтқанды жөн көріп жүрмін, - дейді.

Жасан Зекейұлы биылғы жылы 19 наурызда болатын ҚР Парламенті Мәжілісінің және жергілікті Мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қатысуға шешім қабылдап, Астана қаласының №3 округі бойынша Мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелді.

Жасан Зекейұлы бұл шешімі жөнінде:

Бұл жетіскенімнен, асып-тасқанымнан емес, алдыма келіп арыз-арманын айта беретін халқымның қазіргі халін көріп жүрегім тебіренгендіктен деп біліңіз. Күніне 30-40 адамның тамырын ұстап, дертіне диагноз қойсам, сонша адам әлеуметтік жағдайының нашар екенін сездіріп, отбасындағы қиындықтарын айтып үлгереді. Бұл тыңдауға қиын жағдай, екі құлақты тарыс жауып, тек емдеу ісімен айналысайын десең бәрі-бір сол үмітті жанарлар санаңа қадалып, үндері жадыңда жаңғырып қала береді. Мені қоғамық өмірге итермелеген себептердің біреуі осы болды. Өмірінде ешқандай кәсіп көзін ашпай, қайырымдылықпен де айналыспай «құр айқай, бос салпаңмен» жүрген талай азамат өздерін ұлттың тұтқасы ретінде көрсетіп, депутаттық мандатқа ұсынып жатқанда азды-көпті көргенім мен тәжірибем бар мен неге түспеймін деп ойладым, - дейді.

«Ұлт саулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау – басты мақсат!»

Жасан Зекейұлы қазақ тілінің қанатын кеңге жаюына да нақты ісімен бір кісідей атсалысып жүр. 15 жыл бойы «Жас-Ай» медициналық ғылыми-сараптамалық және танымдық журналын шығарып келеді.

Жасан еліміздегі түрлі қоғамдық науқандар кезінде ешқашан шетте қалған емес, барлығына бір кісілік үлесін қосып жүрген азамат.

«Ұлт денсаулығын қорғау – басты міндет, ұлт мүддесін қорғап, сақтау - басты мақсат!» деген сөзді ұран етіп алған мәслихат депутаттығына кандидат Жасан Зекейұлы өзінің сайлауалды тұрғырнамасында көзделген басты мақсаттарын жүзеге асыруға білімі де, біліктілігі де, мүмкіншілігі де толық жетеді деген сенімдеміз.

Мен сіздерге сенемін, сіздер маған сеніңіздер! - дейді, Астана қалалық Мәслихатының депутаттығына кандидат Жасан Зекейұлы.

Тапсырыс беруші – Жасан Зекейұлы.
Астана қаласының сайлау комиссиясының қаражатынан республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға