Жаңалықтар

Үлкен Алматы көліне қызметтік көлікпен жету құны - 30 мың теңге. ҚазАвтоЖол жағдайды түсіндірді

Үлкен Алматы көліне қызметтік көлікпен жету құны - 30 мың теңге. ҚазАвтоЖол жағдайды түсіндірді
Фото: © El.kz 21.08.2023 14:29 859

Желіде Алма-Арасан тау шатқалына баратын жолды жауып тастағаны туралы бейнежазба тарады. Алматылықтар жол жабық болғанына қарамастан таксилердің жүріп жатқанын айтып шағымданды. Бұл жағдайға қатысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл Алма-Арасанда болып жатқан жағдай. «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері «ары қарай жол нашар» деп бөгеттен ары қарай жібермей жатыр. Алайда, таксилер жүріп жатыр ғой, осылайша айтқан нашар жолдары жақсы жолға айналып жатыр. Үлкен Алматы көліне қызметтік көлікпен 30 мың теңгеге жетуге болады. Бұл халық үшін әділетті іс деп ойламаймын, - деп жазылды желідегі видеодағы жазбада.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы қалалық полиция департаментінің №775 нұсқамасы бойынша «Алматы-Космостанция» жолының 15-34 шақырымы учаскесінде автокөліктердің қозғалысы шектелгенін мәлім етті.

Автокөліктердің қозғалысын шектеу - терең шұқырлар түріндегі ақаулар мен жүріс бөлігінің (таулы жер) тарылуына байланысты енгізілді. Полицияның нұсқамасына сәйкес, жоғарыда аталған учаскеге Ұлттық парк, жол органдары қызметі, шекара заставасы,»Космостанция«ғылыми базасы, метеорологиялық және гидрологиялық базалар мен Алматы қаласы туризм басқармасынан бөлек басқа автокөліктерге өтуге тыйым салынады, - делінген «ҚазАвтоЖол»хабарламасында.

Ал жаяу туристер мен велосипедшілер үшін ешқандай шектеу енгізілмеген. Сондай-ақ қызметтік көліктердің адамдарды ақылы түрде апаратыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Жол қызметтері аталған учаскені күтіп ұстаумен айналысып жүр. Арнайы техниканың көмегімен тау жыныстарының құлауы, тастардың құлауы, қар көшкіні мен басқа да жағдайлардың салдарын жоюмен айналысып жатыр. Ұлттық компания аталған учаскеде патрульдеуді күшейту және арнайы рейд ұйымдастыруға жәрдемдесу үшін қалалық полиция департаментіне жүгінуге ниетті, -деп нақтылады «ҚазАвтоЖол».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға