Жаңалықтар

Ұлы Даланың ұлылығын қалпына келтіру – біздің міндет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы толғам
Ұлы Даланың ұлылығын қалпына келтіру – біздің міндет
07.03.2019 19:27 6559

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ халқының сан ғасырлық тарих толқынындағы шеті мен шегі көрінбейтін ұлы сапарының нақты бағасын берген салмақты пайым болды. Онда айтылған әр ой, әр тұжырым әлі талай ұрпақтың талқылау тақырыбына айналары сөзсіз. Әлеуметтік желіде «қазақта «Ұлы дала» деген ұғым болған жоқ» деген сияқты пікірлер шығып жүр. Әрине, қанша адам болса, сонша пікір болатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен Еуропаның таулы шатқалдарынан, теңіз жағалауларынан, шағын жазираларынан Каспий маңы ойпатына, Сарыарқаның сайын даласына, Сібірдің көз жетпес жазықтарына тап болған жиһанкездер мен саяхатшылар осынау қыран қанаты талар, тұлпар тұяғы тозар кең жазық атырапты Ұлы дала атандырып жібергені түсінікті жайт. Тарих атасы Геродоттан бастап, Плано Карпини, Марко Поло, Рубрук сияқты атақты саяхатшылар жазып қалдырған баға жетпес деректерде осы Ұлы даланы ен жайлап, емін-еркін көшіп-қонып жүрген өжет те өр мінезді көшпенділер туралы жан-жақты суреттелген. Сондықтан да «Ұлы дала» деген атаудан ат-тонды ала қашпай, керісінше Тұран жазығы, Сарыарқа даласы, Сібір жазығы сынды тарихи өлкелердің басын қосатын ортақ атау ретінде ғылыми айналымға енгізуде Елбасының мақаласы орасан зор септігін тигізбек.

Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында шеті мен шегі жоқ уақыт пен кеңістік деген екі ұғым арқылы Ұлы даланың адамзат тарихындағы алар орнын тап басып, анықтап беруге күш салған. Бұл мақаланы мектептегі тарих сабақтарында пайдаланып, оқушылардың ұлттық рухын оятуда қолдануға да әбден болады. Ұлы даланың уақыт кесіндісіндегі ірі-ірі тарихи жетістіктерге қысқаша шолу жасап шығу арқылы, Елбасы оқырманын ата-балаларымыздың ұлы істеріне мақтанышпен қарауды насихаттайды.

Иә, шынымен де, Ұлы даланың адамзат баласының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оны бір мақаламен толық айтып-жеткізу мүмкін емес. Соның өзінде Елбасы ең негізгі деген оқиғаларға тоқтап, қысқаша түсініктеме беріп, оның маңыздылығын түсіндіре кетеді.

Қарап отырсаңыз, біздің ата-бабаларымыз ең алғашқылар болып жылқыны қолға үйреткен кезде адамзат баласының дамуы бір сатыға жоғарылады деп айтуға толық негіз бар. Жылқыны қолға үйрету соғыс өнерін, басқыншық жорықтарды ғана емес, мәдени байланысты, халықтардың бір-бірімен араласуын да жеделдете түсті. Ежелгі гректер атқа мінбек түгілі оны әлі қолға үйретпей тұрғанда, Ұлы даланың көшпенділері ат құлағында ойнап, енді ғана аяғын тәй-тәй басқан баласын да тайға мінгізіп, үлкен өмірге қадам бастыра білген. Осыны көрген көне гректердің саяхатшылары көшпенділерді екі аяқты адам емес, төрт аяқты кентавр деп біліп, еліне барғанда неше түрлі аңыздар таратқан. Ол аңыздар көне грек мәдениетінің негізін қалайтын орасан бай мифологиясына ұласып, бүгінге дейін жетіп отыр. Кентаврлар көне грек мифологиясында үлкен рөлге ие болған кейіпкерлер екендігі сол ықылым замандардағы көшпенділердің әлемге деген ықпалының айқын дәлелі бола алады.

Мәдениет алмасады, адамзат дамиды, уақыт өте келе ежелгі гректер де ат жалын тартып міне бастайды. Жарты әлемді жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын да Буцефал деген тұлпарына мініп, өзінің ұлы сапарына аттанады. Буцефал деген көне грек тілінде «бұқабас» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, қазақ халқында да аттың бас пішініне қарап Қубас ат, Орақбас ат деп есім бергені ежелгі дәстүр екенін аңғарамыз.

Сонымен, Ескендір Зұлқарнайын Ежелгі Парсы патшалығын күл-парша етіп, Кирді тағынан тайдырып, қазіргі Сырдарияға дейін жеткенін тарихтан білеміз. Сондай-ақ, Ұлы Ескендірдің осы Сырдарияның бергі бетіндегі скифтер мен массагеттерді жаулап алмақ болғанынан да хабардармыз. Алайда ежелгі гректер ол кезде атқа әлі жайлақ мінетін еді. Үзеңгі деген оларда мүлдем болмаған. Жайлақ аттың үстінде отырып соғысу асқан қиын шаруа еді. Міне, Ескендірдің осындай әскері сақтардың садақшыларымен кездескенде, не болғанын елестете беріңіз. Ұшқыр атқа мінген, ұқсырмалы садақ асынған сақтар құйындата шауып келіп, үзеңгіге аяғын шірене тіреп тұрып, суылдаған жебелерін қарша боратқанда гректердің әскері Сырдариядан өте алмай, қоғаша жапырылған. Әрине, сақтар гректермен ашық алаңда бетпе-бет айқасқа түссе, шайқас нәтижесі қалай болатыны белгісіз. Салт атты әскер гректердің кірпі сияқты жиырылған фалангаларын бұзып өте алмасы анық. Алайда олар тұтқиылдан аз топпен шабуыл жасап, лезде ғайып болып кету тактикасын қолданып, жеңіліс көрмеген Ескендірдің тауын шағып, кері қайтуға мәжбүрледі. Мұндай шағын топтармен шұғыл шабуылдар жасау қазіргі армияда да кеңінен қолданылып жүргенін ескерсек, біздің бабаларымыз қанша заман өтсе де ескірмейтін тактикаларды ойлап тапқаны таң-тамаша қалдырады.

Ежелгі гректерден кейін тарих сахнасына шыққан римдіктер де Жерорта теңізінің жағасын мекендеген елдерді, галдар мен германдарды, Британиядағы кельттерді, Испаниядағы ежелгі тайпаларды жаяулап-жалпылап жүріп-ақ жаулап алды. Олардың кезінде де еуропалықтарда үзеңгі жоқ еді. Атты әскер де қат, соғыс тұлпарлары тек қолбасшыларда ғана болды. Кейіннен түрлі тайпалардың жалдамалы атты әскерлерін қолданғанмен, көшпелі аландар мен сарматтар әскери элитасын құрағаны тарихтан белгілі. Ал Аттила бастаған ғұндар Еділден өтіп, остготтар мен вестготарды өкшелей қуып, Шығыс Римге басып кірген кезде, римдіктер әскери өнерден бірнеше ғасыр артта қалғандарын бір-ақ ұққан болатын. Ғұндардың жай оғындай жойқын да ұшқыр атты әскері бір шауып өткенде артында өртенген қала мен тып-типыл дала ғана қалтын. Осылайша, 5 ғасыр бойы әлемге үстемдік құрып, бейбіт халықтардың ұлдарын құл, қыздарын күң қылып ұстап, солардың қолымен алпауыт империя құрған римдіктер көшпелілердің қаһарынан тұрған алапат дауылдың екпініне шыдас бермей, тоз-тозы шықты.

Ұлы дала тұрғындары тек соғыс өнерімен ғана емес, дос пейілмен келгендерді құшақ жая қарсы алатын қонақжайлылығымен де әлем тарихына өлшеусіз үлес қоса білді. Оған дәлел батыс пен шығысты жалғап жатқан Ұлы жібек жолы.

ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы Жібек жолына да тоқталып, оның Еуразия кеңістігінің төрт қиырын сауда-саттық, әлеуметтік-мәдени байланыстармен қамтамасыз еткенін баса айтады. «Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді» - деліген аталмыш мақалада.

Яғни, орта ғасырларда осыншама үлкен қашықтықты қамтып, сан тарау болып тарамдалып жатқан сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – оңай шаруа емес. Алайда Ұлы даланың билеушілері асқан жауапкершілік танытып, саудагерлер мен саяхатшылардың аман-есен діттеген жерлеріне жетіп отыруларына кепілдік бере білді. Бұл, өз кезегінде, Ұлы дала империяларының ғана емес, Қытай, Үнді, Парсы, Еуропа елдерінің де гүлденіп, дамуына жол ашты. Қазақ даласында қарыштап дамыған, сонау сақтардан келе жатқан зергерлік өнері, темір қорыту, сауыт-сайман, қару-жарақ соғу істері шартарапқа жайылып, көшпенділердің өмір салты, таным-түсінігі, мифологиясы мен діни сенім-нанымдары басқа халықтардың әдебиетіне, мәдениетіне араласты. Сол сияқты біздің ата-бабаларымыздың да дүниетаным көкжиегі кеңейіп, әлемдік деңгейде ойлай алатын ғұлама ғалымдар шыға бастады. Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидың, астрономия ілімін жетік меңгерген Ұлықпан хәкімнің және басқа да көптеген оқымыстылардың Ұлы даладан шыққаны тарихи шындық. Мұның өзі ежелгі және орта ғасырларда Ұлы дала аумағында ғылым мен технологияның қарыштап дамығанын көрсетеді. Осындай геосаяси жағынан екі бөлек әлемді тоғыстырып тұрған жерде орналасқандықтан, ежелгі түркілер тек көшпенді өмір салтын ұстанып қана қоймай, шығыстың отырықшылық мәдениетінің озық үлгілерін де өз өмір салттарына синтездеп сіңіре білді. Ұлы даланың әр пұшпағындағы ежелгі, ортағасырлық қалаларды зерттеу жұмыстары жартылай отырықшы көшпенділердің қала өмірін де жетік меңгергенін, өзіндік архитектуралық стилі болғанын, қоғамдық монша, кәріз жүйелері дамығанын айна қатесіз дәлелдеп берді.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, үзеңгіні ойлап табу көшпенділерді басқа өркениеттерден бірнеше ғасырға алға оздырып жіберсе, ат үстіндегі соғыс өнері бабаларымызды ежелгі заманның қожайыны дәрежесіне көтерді. Сол сияқты, шалбарды ойлап табуы да әлемдік өркениетке қосқан өлшеусіз үлесі болды. Қазірдің өзінде біздің еуропалық мода деп киіп жүрген шалбарларымыз біздің бабаларымыз ойлап тапқан ең алғашқы нұсқасынан түбегейлі өзгеріп кете қойған жоқ.

Күллі түркі әлемінің бесігі саналатын Алтай тауынан табылған ең алғашқы шаңғылар да қазіргі шаңғылардың прототипі екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Ол шаңғылар аң терісімен қапталып, түгі артқы жағына қаратылған. Нәтижесінде биіктен сырғанағанда түгі жылтыраған аң терісі қосымша жылдамдық беріп, ал өрге шыққан кезде артқа қарай таймай, шаңғышыға жәрдем берген.

Көшпенділердің адамзат дамуына қосқан үлесін айтып тауысу мүмкін емес. Себебі Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр орталық аймағын алып жатқан Ұлы даладағы біздің ата-бабаларымыз сол тарихты өз қолдарымен жасады. Осынау мекенді жайлаған түркі тайпалары әлемге өз шарттарын қойып, соны орындата алатындай күшке ие болды. Дегенмен заман өзгереді, қоғам дамиды. Әлемнің бір түкпіріндегі жаңалық екінші жақта тоқырауға әкелуі бек мүмкін. XV ғасырларда Еуропада мұхитта жүзу ісі қарыштап дамып, Фернан Магеллан, Христофор Колумб, Америго Веспуччи, Васько да Гамма, Джеймс Гук, Абель Тасман сияқты әйгілі теңіз жиһангездері ұшы-қиыры жоқ мұхиттарды кезіп, жаңа құрлықтар мен сауда жолдарын аша бастады. Ренесанс дәуірінің алып кемелері Африканы айналып өтіп, Үндістан жол ашып, сауда-саттық сол жақта қыза түсті. Конкистадорлар Жаңа әлемді жауалап алып, қос Американың мың жылдық байлығын кәрі құрлыққа тасуға білек сыбана кірісіп кетті. Осылайша, бұрындары тіршілік қайнап жатқан Ұлы Жібек жолы да біртіндеп көмескіленіп, барлық әлемдік жаңалықтар Ұлы даланы сырт айналып өтіп жатты. Енді бұл атыраптағы өмір тек іштей ғана бүлкілдей қайнап, иірімдегі су сияқты бір орында тұрып қалды. Көшпенділер бірнеше ғасыр қалып қойған басқа өркениеттер қарыштай дамып, оларды қуып жетіп, басып озды. От қару мен зеңбірек жаппай қолданысқа енгізілген соң көшпелілердің құйындай қуатты атты әскері де бұрынғыша қауіпті болмай қалды. Кезінде уақыттан оза шауып, әлемге өз дегенін қылып келген өр рухты Ұлы дала тұрғындары келе-келе өктем көршілердің айтқанына көніп, айдауына жүрді. Алтыңғылары аттан түсті, аттан түскен соң, тақтан да түсті. Ат пен тақтан айырылған соң, кейбірі жер тырмалап, егін салып, күн көріс қамымен отырықшыға айналды. Енді бірі уақыт диірменінің тасына үгітіліп, тоз-тозы шығып, тарих сахынасынан түсіп кетті. Қалғандары бодандық қамытын киіп, бордай езіліп, бүгінгі күнге өр рухтан да, салт-санадан да айырыла жаздап, әупірімдеп әзер жетті. Солардың бірі – қазақ халқы еді. Құдайға шүкір, Тәуелсіздігімізді алып, дербес мемлекет құрып, бұрынғы ата-бабамыздан мирас болып қалған Ұлы даламызды қайтарып алғанымызға да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. «Орнында бар оңалар» деген ата-баба нақылын бойымызға сіңіріп өскен ұрпақ ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келе жатырмыз. Шаңырағымызды көтеріп, керегемізді керіп, уығымызды тіктеп алдық. Енді ұмытыла жаздаған рухымызды оятып, өшіріле жаздаған ұлттық санамызды тірілту – басты мақсат. Сол үшін де Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынып, «Ұлы Даланың жеті қырын» тайға таңба басқандай айқындап берді. Ендігі міндет – осы ұлағатты ұстындарды ұлықтай отырып, кезінде ата-бабамыз салып кеткен Ұлы жолды қайтадан тірілтіп, әлемді аузына қаратқан алпауыт елге айналуымыз керек! Өйткені біздің тарихымызда ұялатын тұс жоқ, біздің тарихымыз ұлы жеңістер мен ұлы істерден құралады. Біз бүгінгі әлемнің бет-бейнесін қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан Ұлы көшпенділердің тікелей ұрпағымыз!

Сурет: mfa.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға