Жаңалықтар

Ұлы билеушіні жеңген әйел патша

Мықты әскери стратег әрі ержүрек амазонка Томирис патшаның ерлігі
Ұлы билеушіні жеңген әйел патша
25.09.2019 17:04 33451

Томирис – сақ халықтарын билеген атақты әйел патша. Осы күнге дейін ол жайында көптеген аңыз-әңгімелер айтылып келеді. Онда оның сұлулығы мен қайсарлығы, елі үшін еткен ерлігі жан-жақты бейнеленеді. Оған қоса патшайым жайында жазушылар том-том кітаптар жазса, режиссерлер көптеген фильмдер түсіруде.  Тіпті балет те қойылды. Сонымен, Томирис деген кім?


 

Әкесінің тәрбиесінде болған

Аты аңызға айналған  Томирис  VI ғасырдың басында массагеттердің патшасы болған Спаргапистің отбасында дүниеге келген. Анасы сәби кезінде қайтыс болғандықтан, Томирис әкесінің қамқорлығында болды. Патшаға  өзінің тақ мұрагері қыз екендігі қатты алаңдатпады. Өйткені сол уақытта көрші савроматтарда әйел адам ел басқарып, түрлі щайқастарда халқы мен жерін жаудан қорғап отырған. Сондықтан Спаргапис патша қызын кішкентайынан нағыз ержүрек, батыл әрі кез келген уақытты шешім қабылдайтын қайсар қыз ретінде тәрбиеледі. Тіпті соғыс тактикасын да үйрете бастады. Осылайша ел тізгіндейтін болашақ патшайым бес жасында асау атқа мінсе, алты жасында қолына семсер ұстауды үйренген. Ал он үш жасында Томирис қылыштасу мен  найза атудың қыр-сырын меңгеріп алған. Сонымен қоса, ат жарыстарда оның баптаған тұлпары әрқашан бірінші келіп жүріпті.

Патша қызының бірбеткей мінезіне қарамастан, оған данагөй тәлімгер бола білді. Тіпті оны өскенде бүтіндей бір халықты басқаруға қабілетті патшайымның рөліне дайындай бастады.

Бойжеткеннің ғашығы

Томирис болашақ күйеуін алғаш рет әкесі ұйымдастырған мерекеде көрген. Мұнда  әкесі дұшпанға тойтарыс беру үшін тиграхаудтық одақтастарын шақырған еді. Содан мәмілесу аяқталған соң,  тиграхаудтардың патшасы ұрысқа үлкен ұлы Рүстамды жібереді. Шайқас алаңында Рүстам шағындау болса да, ең таңдаулы әрі жақсы қаруланған отрядты басқарды. Құдіретті және кез-келген тұстан жойқын соққы жасап, жеңіске жеткен батыр Рустамның даңқы бүкіл кең далаға тарайды. Есімі шартарапқа жайылған әйгілі тиграхаудты көру үшін патшаның еліне жан-жақтан жұрт жиналды. Кездесу барысында Рүстам батыр  массагеттік батырларды әзілдеп найзамен семсерлесуге шақырады. Бір уақытта күтпеген жерден алаңға Спаргапистің қызы Томирис шыға келгенде, жігіт шын сасады. Бірақ та аруды ренжітпей бұл ұрыстан қалай бастарту керектігін білмей дал болған.

Көпшілік қызыға тамашалаған бұл ұрыста  қос тарап та теңбе-тең семсерлессе де, шайқас  соңында батырдың қылышы патша қызының мойнына тақалған. Жауынгер бірден қолындағы қылышын лақтырып жібереді. Ал Томирис өзінің қарсыласы болған патша ұлының батырлығы мен ержүректілігін ерекше бағалайды. Сөйтіп, бойжеткен көп ұзамай тиграхаудтардың билеушісі Рүстамға тұрмысқа шығады.

Есімі әйгілі болған баһадүр әйелінің еркелігіне көнсе да, өжет мінезін жеңе алмады. Ал Томирис күн өткен сайын күйеуінің жағымсыз қасиеттерін байқай бастады. Бас қосқаннан кейін ғана Томирис  ерінің жауынгер ретінде тек шайқастарда мықты екенін түсінеді. Еңбекқор әрі қайсар қызға  сауық-сайранмен өткізетін күйеуі Рүстемнің өмірі ашуына тиеді. Оған қоса, ақкөңіл әрі сенгіш күйеуін тайпаның көсемдері өз мақсаттарына пайдалану арқылы өтініштерін патшайымға жеткізіп отырғаны Томиристі қатты ызаландырды. Бұл келеңсіздіктің бәрі отбасылық жанжалдарға әкелді. Ашу мен реніштен жас патшайым біртіндеп күйеуінен алыстай бастайды. Ал сүйікті әкесі қайтыс болғаннан кейін, Томирис жалғыздықта оқшауланып, некеден мүлдем көңілі қалады.

Массагеттердің патшайымы – Томирис

Билік басына келген кезде Томирис патшайым болудың ауыртпалығын сезінді. Осы уақытта тайпа көсемдері ел тізгіндегін жаңа патшайымды тақтан құлатуды армандап, түрлі қитұрқы істерді ойластырады. Ал Томирис болса бала кезінен әкесінің үйреткен сабақтарын еске түсіре отырып, ақыл-ой мен айла, сұлулық пен сүйкімділікті пайдаланып, мәселелердің шешу жолдарын тауып отырды.

Тиграхаудтардың патшасы  қайтыс болғаннан кейін Рүстем тақтан өз еркімен бас тартып, билік тізгінін ағасына бергені Томириске ұнамады. Осы уақытта патшайым ұл босанып, оған әкесінің құрметіне Спаргапис деген ат қояды. Массагеттердің патшайымы нағыз әйелдік айла-тәсілі және  арамдығымен жауларының ең жақсы әрі пайдалы тұстарын бойына сіңіре білді. Осы кезде мықты соғыс стратегіне айналған Томирис көршілерімен болған ірі-ірі шайқастарды бірінен соң бірін жеңген еді.

Тайпа көсемдерінің қарсылық танытуына қарамастан патшайым шабандоздарды басынан аяғына дейін  сауыт-саймандар кигізіп, аттарын да қажетті жарақтармен жабдықтады. Ал скиф соғыстарының тарихында бұл атты әскер бірнеше рет шешуші шайқастарда жақсы нәтиже көрсетіп отырған. 

Бір күні Томирис  жауынгерлерінің бірі кішкентай ысқырықты жебенің ұшына салып, атқан кезде қорқынышты дыбыс шығарғанын байқап, бірден осыған ұқсас жебе дайындауға пәрмен береді. Соғыс алаңында дұшпандар армиясынан шыққан әйелдердің батылдығы мен жауынгерлік тактикасын бақылаған Томирис ата-бабалардың жауынгерлік дәстүрін қайта жандандыруға шын кірісті. Сөйтіп, мыңдаған қыздардан құралған жасақ құруды тапсырады.

Кирмен болған қанды соғыс


Ұлы парсы патшасы Кир Орта Азияның солтүстік бөлігі мен Каспийдің екі жағында мекендеген тайпаларды бағындыруды жоспарлайды. Осы уақытта «Төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған Кир мықты стратег әрі  ерекше сұлу массагеттік патшайым Томирис жайында естиді. Содан қанқұмар парсылардың билеушісі соғыс ашу мақсатында скифтердің патшайымына өзіне әйел болу жайында ұсынысты елшілерінен әдейі айтып жібереді.

Содан массагеттердің еліне келген елшілер Томирис патшайымға арналған бағалы сыйларын табыстап, патшаның әйелдікке алу туралы айтқан ұсынысын жеткізеді. Кирдің өзіне емес, халқы мен жеріне құда түсуді ойластырғанын жақсы түсінген Томирис оның ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартады. Содан елшілері арқылы Кирге: «Кеш болмай тұрғанда осы жерден тоқта. Өз жеріңде билігіңді жүргіз. Тіпті патшалардың патшасы, бейбітшілік патшасы болсаң да, бізбен соғысушы болма. Егер келісімге келмесең, онда мен сізге тойғанша қан ішкізетін боламын. Бұған соғыс рухының қылышымен ант етемін», – деп айтып жібереді. Сөйтіп, қулығын іске асыра алмаған парсы патшасы қаһарына мініп, массагеттерге қарсы соғыс ашады.  

Біраз уақытқа созылған қанды шайқаста патшайымның күйеуі Рүстем мен оның  көптеген жауынгерлері қайтыс болады. Тіпті осы сәтте  Томиристің ескі досы дұшпандарымен келісімге келіп, шешуші айқаста өз әскерлерін  ұрыс даласынан алып кетеді. Осылайша бір жағынан досы сатқындық жасаса, бір жағынан күтпеген жерден ұрыс алаңында кішкентай ұлы қаза болады. Әсіресе Томириске бауыр еті баласынан айырылғаны қатты соққы болып тисе де, дереу жауға қарсы үлкен қол жинап, қайта шабуылға аттанады.

Скифтер мен парсылар арасындағы қанды шайқаста қос тараптан да көп адам қаза тапты. Ал ең соңғы шешуші сәтте Томирис жеті мыңдық массагеттік жауынгер-әйелдерден құралған әскерін соғыс алаңына алып шығып, ақырғы соққы беріп, жеңіске жетеді. Кирдің басын алған Томирис оны қанға толы сабаға салып тұрып: «Іздегенін қан еді... Ал ендеше тойғанша іш!» - дейді. Парсыларды ойсырата жеңген Томирис ұзақ жылдар әділ билік етіп, өзінің данышпандығымен, көрегендігімен халқын басқарады. Ал патшайым қайтыс болғаннан кейін оның орнына лайықты адам табылмай, массагеттерге бір мезетте үш билеуші билік жүргізген екен.

Грек шежірелерінде Томирис деп  көрсетілгенімен, шын аты Тұмар болған патшайым әлем тарихында ұлы билеуші, мықты әскери стратег, ержүрек амазонка, данагөй адам ретінде қалды.

Осылайша елі мен жерін сүйген, жауына қатал болған, Тәуелсіздік үшін күрескен сақтардың батыр әйелі Томирис патшайымның есімі ел аузында мәңгі қалмақ.  

(Сурет ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға