Жаңалықтар

Ұлы адамдар өмірі: Бексұлтан Нұржекеев

Жазушы туралы 10 дерек
Ұлы адамдар өмірі: Бексұлтан Нұржекеев
14.02.2019 16:39 14639

Бексұлтан Нұржекеев қазақ әдебиетінде кең тыныстап, көптеген соны дүниелерді өмірге әкелген жазушы. Оның кітаптары қолдан қолға өтіп, келесі туындыларын асыға күттіретін. Өрелі оқырманның барлығы да Бексұлтанның есімімен, оның шығармасындағы кейіпкерлерімен етене таныс. Қазақ қарасөзінде өзінің ешкімге ұқсамайтын стилімен, соны пішінімен даралана білген жазушы бүгінге дейін бірнеше шоқтығы биік дүниелерді әдебиет айдынына қосты. Еңбегіне орай, Бексұлтан Нұржекеев  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» және М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты атанған.

1. Қазақтың Мопассаны

Нұржекеев ер мен әйел арасындағы нәзік сезімді әдемі жеткізуші. Ол өзінің бір сұхбатында шығармашылығының біраз бөлігін махаббат тақырыбына арнаған себебін – әйелдерді жақсы көретіндігімен түсіндіреді. Махаббат әйелдерге тікелей қатысты екенін айта келе, нағыз әдеміліктің белгісі деп әйелді таниды.

Жазушы Дулат Исабеков Нұржекеевтің махаббат тақырыбында, қыздар тақырыбында алғашқы шығармалары жарық көре бастағанда, барлық нәзікжандылар сүйіп оқып, тіпті ұзатылатын қыздың жасауына да сол кітаптарды қосқанын айтады.  Сонымен қоса, Бексұлтанның «Кәрістің қызы» талай жанның жүрегіне терең бойлап, сүйсініп оқитын шығармаларының біріне айналғанын жазады. «Адам жанының ерекше суреткері, әйел жанын терең зерттеп жазушыны Ги де Мопассанға ұқсатып жататыны тегін емес. Менің ойымша, Бексұлтан махаббат деген ұлы сезімге өз қаламымен ескерткіш орнатқан адам», – дейді Дулат Исабеков.

2. Бірнеше әндердің авторы

Нұржекеевтің шығармаларынан Әтіке секілді әншіні оқимыз. Жазушы ешқашан туындыларына жалған кейіпкерлерді алмаған. Ал Әтіке деп отырғанымыз, батыр Әптіке мен Әсеттің қосынды тағдырынан туған кейіпкер. Жазушы көп жылдар бойы Әсет Найманбайұлының ғұмырын зерттеген.

Жұрт Бексұлтанның әншілігі де барын айтады. Ол әдетте дәстүрлі әндерді ыңылдап жүреді екен. Ән иірімдерін жанымен түсініп, жүрегімен қабылдайды. Жүрегі ән өрнегін терең талдай білетін жанның «Баркөрнеу» секілді керемет әні де бар.

«Әнді шығарайын деген мақсатым болмайды, ыңылдап жүрсең өзі келе қалады», – дейді жазушы бір сұхбатында. Жасы 75-ке келгенде «Әй, дүние-ай!» деген тағы бір әнді дүниеге әкелген. Екі әнді де Нұржан Жанпейісов орындап жүр.

3. Мамандығы – тіл әдебиеті мұғалімі

Жазушы өмір бойы тіл тазалығы, әсіресе үндестік заңын сақтап, айтып-жазу мәселелеріне ондаған мақала жазды. Оның шығармаларынан стильдік қателер кездестірмейсіз. Себебі, өзі нағыз тіл әдебиеті маманы.

«Филология факультетін аяқтағаннан соң, 1965 жылдың 5 қыркүйегінде Жаркент қаласындағы Үшарал ауылына мұғалім болып жұмысқа тұрдым», – дейді жазушы. 1960 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл мамандығына түсіп, 1965 жылы тәмамдайды. Ал өзі айтып кеткен Үшарал ауылындағы Тышқанбаев мектебінде 1968 жылға дейін қызмет етіп, шәкірт тәрбиеледі. Осында жүріп, «Күнәлі махаббатты» (кейін атауы «Кінәлі махаббат» боп өзгертілген) жазады. Өзінің айтуынша, повесті 12 беттік 8 дәптерге жазып шыққан.  

4. «Дипломсыз» тарихшы

Нұржекеев «тарих мамандығын аяқтамасаң, тарихшы бола алмайды деген сөзді қою керек» деп кесіп айтады. Ол өз сұхбатында Дулати мен Рашидилер тарих ғылымының профессорлығын алмағанын айтқан.

Бексұлтан ағамыз бірнеше тарихи орындарда болып, олардың тарихын зерттеумен айналысқан. Оның мәні өз шығармаларында тарихи деректерді бұрмаламай қолдану. Мәселен, жазушы Орбұлақ шайқасының болған жерін дәл тауып көрсеткен. «Жетісу» газетінің бас редакторы Әрін Әміре бір сөзінде «Нұржекеев болмағанда Орбұлақ шайқасын тарихи айналымға ешкім кіргізбес еді, Жетісуде болғанын ешкім де нақты дәлелдеп бермес еді, сол сияқты тарихи айналымға да кірмейтіні анық еді», – деп жазады.

Бексұлтан Шыңғыс ханның монғол емес, Жетісу жеріндегі, жалайыр тайпасынан шыққандығын айтып келе жатыр. Жазушының тарихи шындық негізінде жазылған «Жау жағадан алғанда» және  «Әй, дүние-ай» романдары бар.

«Тарихты білу дегеніміз – сөзжұмбақ шешу емес, архивтің дерегін жүректен өткізу. Тарихтың ар жағында ел мен жердің үлкен тарихы жатыр. Ата-бабанының рухын ояту қажет. Үш жүз жыл бодандықта болып егемендікке қол жеткіздік. Тәуелсіздік деген ет пен құрт жеп жату дегенді білдірмейді. Бұл – білім мен ғылымның бәсекесі», – дейді Бексұлтан Нұржекеев.

5. Мұқағали Мақатаевқа «іні» болған

Бексұлтан мен Мұқағали арасындағы таныстық, 1966 жылы болды. Мектепте ұстаздық етіп жүрген жазушы өзінің «Күнәлі махаббатын» аяқтаған соң, сол кездегі көпке танымал «Жұлдыз» журналына әкеледі. Проза бөліміндегі Ахан Нұрманов жоқ болғандықтан, поэзия бөліміндегі Мұқағалидің өзі қабылдап алады. Тағы бір кездесуде ақын «Қарлығашым келдің бе?» атты кітабын ұсынып, ішіне «мен сенің шығармаңның бір әрпін қалдырмай қалай оқысам, сен де солай оқы, мен сенің осы қалпыңнан өзгермегеніңді қалаймын» деп жазып береді. Жазушының повесі 1968 жылы қысқартылып жарыққа шығады. Оның шығуына Мұқағалидің көп септігі тигенін айтып кетеді.

«Мұқаңмен өле-өлгенше сыйласып өттім. Ауылда жүргенде үйіне де қонғанмын. Ол кісінің «өзгерме» деген өтінішін орындауға тырысып келем. Десе де, ылғи ауылдың қарапайым баласы болып, адал болып жүру қиын екен», – дейді жазушы.

Айта кетерлігі, Бексұлтан Нұржекеев Мұқағали атындағы сыйлықтың иесі.

6. Баспа саласында қырық жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді

Бексұлтан Нұржекеев 1976-1979 жылдары «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, бас редакторы қызметін атқарды. 1989-1992 жылдары «Парасат» журналының бас редакторы болған. 1992 жылдан бері «Жалынның» директоры болып келеді.

Жазушының баспасөз беттерінен: «Нақты бекітілген кітаптар болады. Оған талап - шығарсаң да шығару, шығармасаң да шығару. Ол жаман ба, жақсы ма бәрібір шығаруың керек. Себебі, тендер мен ақша арнайы соған бөлініпті. Бітті. Әдебиеттің сапасы да кетті. Көркем әдебиетке талабыңды да қоя алмай қысыласың. Оны қойып, жаратпай тастасаң, әлгі ақша мойныңа мінді дей бер. Кеңес үкіметінде кәдімгі жүйе бар-тын. «Көркемдігі, идеясы, тілі нашар» деп қайтарып бере алатынсың», – деп, күйінген сөздерін оқуға болады. Ол Қазақстанның баспа саласындағы ең білікті мамандарының бірі.

7. Төрт жыл жұмыссыз қалған

Жазушы біршама уақыт жұмыссыз жүреді. Тіпті, қызметінен түсіп қалған кезде «Сенің қолың кір, амандаспаймын» деп мұрнын тыжырайтқандар да болған екен. Бірде Күзембаев деген жұмысшыдан ақын шығарамыз деп өлеңдерін бастырады. Ол жинақ редакторлардың қолынан өтіп, әбден шығуға дайын тұрғанда Күзембаевтың өзі өндіріске барып, бірнеше түзету енгізілмеген өлеңдерін қосып жібереді. Бексұлтан оны көріп қалып, қайтадан алдыртып тастаған екен. Қызметінен түскен соң, сол Күзембаев Нұржекеевтің қолын алмай, «қолың кір» деп өте шығады. Оған ашулы Нұржекеев «сен емес, мен сенің қолыңды алмаймын» дейді. Көптеген таныс інілері де қызметтен түскен соң, танымағансып өте шығатынды шығарыпты. Бірақ, Бексұлтан еш «мүжілген» жоқ. Жазушылығын қойып, ешкімге кіріптар болып та қалған жоқ.  Бес баласы бар жазушы Бедіқұлов «Жалын» баспасының тұтқасын ұстап тұрғанда жазылмаған кітабың болса, барып айтсаң, 25 % жазушыға қаламақы берілетін болған. Оның сомасы біршама. Міне, осындай қаржы жазушыны қиын жағдайда отбасын асырауына көмегін тигізген.

8. Шығармаларындағы көптеген кейіпкерлер өзінің прототипі

«Бір өкініш, бір үміт» шығармасында өзі туралы ата-әжесі мен ата-анасы туралы жазады. Жазушы бір сұхбатында «Нұржекені Нұржан деп алдым бе екен? Ұмытып қалдым. Жәмиға деген менің шешем. Ал Шәйза деген кейіпкердің атын аздап өзгерте қойсаң, Айзаш шыға келеді. Ол – үйдегі апайың», – дейді. Тағы бір сұхбатында өзіне қойған тілшінің «Шығармаларыңызда көптеген кейіпкерлер өзіңіздің прототипіңіз дейді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?», – деп сұрайды. Оған жазушы «Жүз пайыз сәйкес келеді», – дейді.

9. Рухты оятушы

Бексұлтан Нұржекеевтің өткір мақалалары, өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінен көріне бастады. Қазақ ұлтының әлеуметтік трагедиялық хал-ахуалы көтерілген бірнеше мақалаларды тізіп кетуге болады. Олардың қатарында «Тарих билікпен емес, білікпен танылмақ» (1989), «Қасіретті күндердің бір белгісі» (1989), «Отар ма едік, әлде қатар ма едік?» (1992), «Қазақ қай кезде күшті?» (1999), «Қазақ тарихына билік айтатын Могильный ма? Шостакович және соған қуанатын қазақтар туралы» (2007), «Тілге құрмет – елге құрмет», «Кеудемізге ұят ұяласа екен», «Тіл заңдылықтарын сақтайық» секілді кесек-кесек ойлар айтқан мақалалар бар.

Бертінірек «Халық бәрінен жалықты», «Сақта қазақ бірлігін» секілді халықтың қамын жеген, олардың рухын ояту мақсатында жазылған да дүниелер жетіп артылады. Мәселен, «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Сақта қазақ бірлігін» мақаласында ел мен тіл іргесін нығайтатын уақыттың таяғанын айтады. Егемендіктің негізгі тірегі ретінде білімділік пен мәдениеттілікті көреді. Тәуелсіздікті тұс-тұстан тулақша тартқыламай, шамамыз келгенше оған үлес қосу керектігін алға тартады жазушы.

10. «Қызға қызығу»

Жазушы соңғы уақыттары іштарлық туралы толғау жазып жүргенін айтады. «Қызға қызығу» деп аталатын әңгіме көп ұзамай қалың оқырманның қолынан табылуы мүмкін. Надандықтың ең асқынған түрі көре алмаушылықтың үдеуі – бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі болып отырғанын айтады. Бағы жанған жандарды көре алмаудан асқан мәдениетсіздік жоқ дейді ол. Репрессия жылдарында сол іштарлықтың кесірінен неше мыңдаған адам ажал құшқандығын ашына айтады.

«Қызға қызығудың» негізгі мәні де сол болмақ. Сыйласа білмейтіндіктен, сондай індет бойды жайлаған дейді жазушы. Білімділік мәдениетте жатқанын айтады.

(Сурет интернеттегі ашық ресурстардан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға