Жаңалықтар

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ханның өліміне әкесі Шыңғысханның еш қатысы жоқ

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ханның өліміне әкесі Шыңғысханның еш қатысы жоқ
Фото: Коллаж El.kz 26.08.2024 16:17 3389

Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғаны белгілі. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттігі тарихында маңызды орын алатынын атап өтті. Осы ретте белгілі қаламгер, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы жарық көрді.  El.kz тілшісі жазушымен тілдесіп, роман жайында әңгіме өрбітті.

El.kz: Сізді бұрын ақын деп танушы едік, соңғы уақытта прозаға бет бұрдыңыз. Тіпті, оқырмандарға «Қарғыбаулы қасқырдың» ізін суытпай көлемді роман ұсындыңыз. Өлең жазу қиын болды ма, әлде проза жазу оңай болды ма? Неге роман емес, поэма жазбадыңыз?

Ұларбек Дәлейұлы: Өз басым еңбекқор жанмын. Маңдай терден өзгесіне көп сене бермеймін. Әдебиет деп аталатын ұлы мұхитта поэзия болсын, проза болсын, жалпы әдеби жанрларды бөлектеп қарауға да құлқым жоқ. Өлеңге келсек, осыған дейін оқырмандарға  «Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» қатарлы екі жинақ ұсындым. Үшінші өлеңдер жинағымды дайындап жүрмін. Демек, өлеңнен кеткенім жоқ. Маған оң-солы бірдей, қай қырыма келгенін толғай беремін.

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ханның өліміне әкесі Шыңғысханның еш қатысы жоқ

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ал, «Неге роман емес, поэма жазбадыңыз?» деген сұрағыңызға келсек, мен таңдап алған тақырып поэма көлеміне мүлде симайды. Есугей-Шыңғыс-Жошы желісімен тартылған үш буын ұрпақ заманын өлеңмен емес, қара сөзбен жырлағаным жөн деп таптым.

El.kz: Прозаға поэзиядан келген жазушылар аз емес қой. Бірде классик жазушы Рахымжан Отарбаев «Біз өлеңді тастап проза жазуға көштік. Дұрысы, өлең бізді тастап кетті ғой» деген еді. Сізде қалай?

Ұларбек Дәлейұлы: Прозаға өлеңнен келгендерге жазу оңайырақ болатынын өзім де сезіндім. Төрт жылдық ізденіс, бес ай жазу үстелінде отырғанда көп нәрсені түсіндім. Анығы мен өлеңді, өлең мені тастаған жоқ. Жоғарыда айттым, жаңа жыр жинағым дайын болып қалды. Романдарым жарық көріп, бір ыңғайға түскен соң, бұйырса оны да кітап етіп шығарамын.

El.kz: Тарихи шығарма жазу әрі оңай, әрі қиын дүние секілді. Оңай болатыны оны көзімен көріп, қолымен ұстаған ешкім жоқ. Көбі «дейді, дейді» деген болжамдар, аңыздар. Қиын болатыны, біздің тарих ғасырлар бойы бұрмаланған, өшірілген, өртелген тарих. Осылардың арасынан тарихи шындыққа қалай жол таптыңыз?

Ұларбек Дәлейұлы: Дұрыс айтасыз. Біздің тарих – жаулаушылар жағынан бұрмаланған тарих. Ал тарихи шығармаға қалам сілтеу біреуге оңай, біреуге қиын. Әр автордың ішкі ар-намысына, жауапкершілігіне қарай салмағы да өзгеріп отырады. Шыңғыс дәуірін, Жошы хан жайлы жазу көптен ойымда жүрген. Бала күнімде жапон жазушысы Инуэ Ясачидың Шыңғыс қаған жайлы жазған «Көкжал» деген романын сан қайтара оқыдым. Маған әсері орасан болды. Кейін орыс жазушылары Василий Ян, Исай Калашниковтердің сол дәуірі толғаған романдарын төңкере оқып шықтым. Әсерден гөрі ашуымды туғызды. Күштілердің отарлық санаға бейімдеп жазған жалған тарихын біздің алдымыздағы неше буын ұрпақ оқып өсті. Соған сенді. Қазіргі күні солардың көбісінің санасына берік орнаған сол жалған сенімдерді Сырдың суын құйсаңыз да жуа алмайсыз.

Соны өзгертпек болдым...

El.kz: 1223 жылы «Құланбасыда» өткен құрылтайдан соң, Шыңғыс қағанның арнайы жарлығымен Дешті-Қыпшақ даласында «Жошы ұлысы» құрылды. Біздің тарихымыздың бір ұшы Шыңғыс әулетінің тұңғышы Жошымен тікелей байланысты. Тарихта бұл әулетке қатысты түрлі аңыздар да айтылады. Кей деректерде Жошының өмірінің қысқа болуына өз әулетінің қатысы бар делінеді. Сіз тапқан деректер не дейді?

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ханның өліміне әкесі Шыңғыс қағанның ешқандай қатысы жоқ. Себебі – Жошы хан өлгенге дейін ұлы қағанаттың тақ мұрагері есебінде болған. Бір қауіптің ұшын інілерінен, әсіресе Шағатайдан көремін. Екеуі ес білгеннен өлгенге дейін тіресіп өткені ақиқат. Ағайынды екеуінің арасындағы қайшылық 1221 жылы Үргенішті қоршау кезінде ашыққа шықты. Жошы ханзада жаппай қырып-жоюға қарсы болса, керісінше Шағатай айналасын қан қақсатты. Бұл жайында В.В. Бартольд «Моңғол шапқыншылығы қарсаңындағы Түркістан» атты еңбегінде: «Жошы беталды қирату мен жай халықты түгел қырып-жоюдан барынша сақ болды. Ал Шағатай аяушылық дегенді білмейтін» деп жазады. Тарихи деректерді ақтарсаңыз, мың сан мысал тауып аласыз. Соншама аңыздар мен деректерді салыстырып зерттей келе, жоғарыдағыдай бекімге тоқтағанмын.

Сондықтан жат ниетті жаулаушылар жазып берген бықсығы мен өтірігі көп кір аңыздарды ұлы ханымызға тели беруді доғаратын кез де жеткен шығар деп ойлаймын. Шыңғыстан Жошыға, Жошыдан кейінге тараған асыл да текті қан тарихымыздағы әйгілі хандардан бастап кешегі Әлихан Бөкейханға, тіпті, Елтаңбамыздың авторы болған Шота-Аман Уәлиханға дейін жеткен жоқ па?..

El.kz: Бізге таныс деректерде Жошы әкесі мен інілерінің ісін құптамағаны туралы айтылады. Жалпы Жошы хан қандай тұлға болды? Ол хан әкесінен, тумаластарынан несімен ерекшеленді?

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы тумысынан мейірімді болыпты. Өйткені ол үш ананың – Өгелін әжей мен Бөрте ененің, әкесінің туған қарындасы ержүрек мерген Темуліннің тәрбиесін алды. Үш ана бауырында емін-еркін өсті. Орда жыршылары мен ертекшілерінің, бақсылардың да ықпалы зор болғаны белгілі. Ол заман бір аса аласапыран, қансоқта ғасыр еді. Кісі құны сермелген қылыш астында түкке тұрмайтын. Байтақ сақарада кім күшті, сол ие болатын, кім жыртқыш, әлсіздер соның жемі болатын. Жошы сондай күрделі ортада ержетіп, ат жалын тартып мінді. 1202 жылы татарларға жорық кезінде қол бастаған жиырмаға толған жас Жошы тұтас бір ауылды қоя бере салғаны үшін қаһарлы хан әкесінен ауыр сөздер де естіген. 1206 жылы ұлы қағанат құрылған соң әкесі оған өз бетінше қол бастатып, Байкөл маңындағы қырғыз, тұмат, барғұт тайпаларын бағындырып келуге жібереді. Қанға құмарлығы жоқ жас батыр парасатына сүйеніп, айналасы бір жылдың ішінде қазіргі Якутия жерін мекендеп отырған түрік-моңғол руларын түгел бағындырып келеді.

Одан кейінгі Таңғұт, Қытай, Хорезм жорықтарында да үнемі қол алдын бастап, атой салды. Алайда, адамдық жолынан айныған жоқ. Заманың зұлым болса, мейірбан болып күн кешу оңай ма? Оның үстіне қағанаттың болашақ тақ мұрагері санатындағы адамға тым жұмсақ болу да келіспейді. Ол міне, осындай аса күрделі, қиын ортада шарадай басы шақшадай болып, күн кешті.

El.kz: «Жошы ұлысы» құрылған кезде Дешті-Қыпшақ даласындағы жағдай қандай еді?

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ұлысы құрылғанға дейін «Қыпшақ даласы» атанған қазіргі қазақ даласы күрделі кезеңдерді басынан өткерген. Бірде қидандар билеген Қарақытай мемлекетінің (Қазіргі қытаймен еш қатысы жоқ) қолына өтсе, бірде алып Хорезмнің қолына қарады. 1218 жылы Жошы ханзада меркіттердің қалдық күшін қуалап, қазіргі Ақтөбе мен Қостанай арасындағы Ырғыз бойына келгенде бұл дала Хорезмнің иелігінде еді. Жергілікті қыпшақтар мен қаңлылардың көп бөлімі хорезмшахы Мұхаммед ала Ад-Дин сұлтанның ықпалында еді. Хорезм әскерлерінің көп бөлімін де солар құрады. 1219 жылы-ақ басталғалы тұрған шығыс пен батыс арасындағы ұлы ұрыста туысқан түрік тұқымдары бір-бірін қылышқа турады.

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ханның өліміне әкесі Шыңғысханның еш қатысы жоқ

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Ал 1223 жылы Жошы хан Қыпшақ даласында қалған кездегі жағдай да өте күрделі-тұғын. Хорезмшах неше жылдар бойы Ұлы Жібек жолын жауып, сауда керуендерін тоқтатып тастаған. Байтақ дала сұрапыл ұрыстардан, қан кешу шайқастардан әбден қажыған, қалалардың біразы қираған, егіс атыздары иен қалып, соғыстан қашқан халық бет-бетіне тозған. Жошы хан осылардың бәрін айналасы үш жылдың ішінде ретке келтіріп, жолдарды ашып, сауда керуендерін қайта жүргізді. Халықты алман-салықтан босатып, егін егіп, малын өсіруге мүмкіндік орнатты. Мол жасақты таратып, соғыс дабылын қамалдарға жинатты. Қансоқта қырғыннан қажыған ел аз жылда-ақ есін жинап үлгерді.

El.kz: «Шыңғыс хан қазақ па?» деген сұрақтың шешімін таппай жүргенімізде сіз «нағыз мұңғұлдар – мына біз» депсіз... Сонымен біз мұңғұлмыз ба, әлде Шыңғыс хан қазақ па?

Ұларбек Дәлейұлы: «Шыңғыс қаған қазақ екен» деген сөз күлкі шақырады. Ол заман қайда, қазақ қайда? Ал моңғол мәселесіне келсек, Шыңғыс қағанның шыққан тайпасы қият. Оған қарасты боржығын, тайжуыт, ұранхай, жадарын деген сияқты оншақты рулар «Моңғол рулары» атанған. Кейін ол империяның атына айналды. Ал Шыңғыс қағанның қол астында соғысқан найман, керей, жалайыр, қоңырат, меркіт сияқты түрік тайпалары да сол атаумен аталды да, кейінгі тарихта «Моңғол шапқыншылығы», «Моңғол жасағы», «Моңғолдар» деген атаулармен қалды. Демек, нағыз моңғол біз емей енді кім болмақ? Қазіргі Моңғолиядағы халхаларды Шыңғыс қаған әулетімен байланыстыратындар бар. Әрине, байланысы бар. Бірақ Шыңғыс қағанға олар бізден жақын емес еді. Қазіргі моңғол деп жүргендер Құбылай ұрпақтарына тән. 1368 жылы қытайлар Жу Юанжаңның басшылығымен көтеріліс жасап, Құбылай тұқымын Ханбалықтан (қазіргі Бейжің) қуғанда бірге кеткен жасақтар иен қалған Онан мен Керүленді мекендейді. Ол кезде біздің бабалар ғаламды жаулауға, батысқа аттанып кеткен еді. Негізгі мекен тұтастай иен қалды деуге тұрарлық күйде-тұғын. Арада ғасырлар алмасты, замандар көшті.

Сөйтіп, бір дәуірді дүбірлеткен ұлы қағанның туы астында жауға шапқан біздер дүниенің төрт төңірегіне шашырап кеттік. Шындығында, нағыз моңғолдар біздер едік...

El.kz: «Жошы ұлысы» қай тілде сөйлеп, қандай дінді ұстанған?

Ұларбек Дәлейұлы: Жошы ұлысы – заманында жартылай түрік-моңғол, жартылай қыпшақ тілінде сөйлеген дейді ежелгі деректер. Оған сол заманда жазылған хаттар дәлел. Бату ханға дейін Тәңірлік ұстанымда болды. Ол жайында қазақ даласына келген Карпини де, Рубрук те, Марко Поло да естеліктерінде көзбен көргендерін кереметтей жазып қалдырған. Кейін Берке ханнан бастап, ислам дініне кіре бастады. Сол заманнан біздің тіліміз де, дініміз де біртіндеп өзгерді. Ұзақ уақыттық өзгерістер нәтижесінде бүгінгі қазақ халқы қалыптасты.

El.kz: Сіздің роман Жошының қым-қиғаш күндерде өмірге келуінен бастап, өскен ортасы мен жастық шағын, жорықтары мен өмірінің соңына дейінгі оқиғаларын барынша толық баяндаған тұңғыш роман ретінде айтылып жатыр. Жошы туралы жазарыңыз осымен аяқталды ма, әлде алдағы тағы жазуыңыз мүмкін бе?

Ұларбек Дәлейұлы: Жалпы, Шыңғыс заманы, Жошы хан, Алтын Орда дәуірі ешқашан таусылмайтын тақырып. Мен үшін тіпті, шексіз мұхиттай. «Жошы хан» тарихи романымда желіні үш ұрпақтан тарттым. Ол заман, онда өмір сүрген ұлы хандар мен нояндар жайлы жазарым әлі көп.

Қазір «Жошы хан» романының жалғасы іспеттес екінші романымды бастадым. Одан кейінгі кезекте үшінші, төртінші романдарым тұр. Қай заман, кім жайында екенін қазірше айтпаймын. Бізге өзіміздің шын тарихымызды өзіміз жазатын кез келді.

El.kz: Кең көлемде сұхбат беріп, ойларыңызбен бөліскеніңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Жошы ханның өміріндегі маңызды оқиғалар

1182 – Жошы дүниеге келді.

1202 – Татарларға қарсы жорық кезінде тұтқындарды жібере салғаны үшін төрт жыл бойы соғыстан шеттетілді.

1207–1208 – «Ағаш елі» деп аталатын Байкөл бойындағы ойрат, қоры тұмат, қырғыз, төлеңгіт, т.б тайпаларын бағындырды.

1209–1210 – Таңғұт патшалығына қарсы жорық кезінде қол бастап, бірнеше ірі қалаларды бағындырды.

1211–1215 – Алтын еліне жасалған аса жойқын шабуылда Жебе ноянмен бірге алдыңғы лекті бастап, қытайдың алпысқа жуық қала-қамалын тартып алды. Ел астанасы Жұңду қаласын алуда айырықша ерлік көрсетті.

1217–1218 – Қайтадан бас көтерген «Қырғыз бүлігін»  басты.

1218 – Ырғыз бойында Хорезм шахы Мұхаммед сұлтанның алпыс мың жасауылын талқандады. Бұл соғыста оның жасағы жиырма мың ғана еді.

1219–1220 – Сыр бойындағы Сығанақ, Женд, Баршынкент, тағы басқа он шақты қала мен кентті бағындырды.

1221 – Бас қолбасы ретінде Үргенішті қоршады. Бұл қаланы бейбіт жолмен алғысы келген Жошы інілерімен келісе алмай, қыпшақ даласына қайтып кетті.

1223 – Құланбасыда өткен құрылтайда Шыңғыс ханның жарлығымен Қыпшақ даласының ханы атанып, Жошы ұлысын құрды.

1227 – Құпия жағдайда қаза болды. Оның тағына мұрагерлік еткен екінші ұлы Бату хан Жошы ұлысының іргесін одан ары кеңейтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға