Ұландықтар еңбек ардагерлерінің ауласын тазалады

23 наурыз – Тазалық күнімен көктемгі Наурызнама мерекесінің онкүндігі аяқталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол өмірдің жаңаруын қоғамдық мағынада бейнелейді. Адамдар өткен кезеңнің қорытындысын шығарып, болашаққа жоспар құрып, айналасын ретке келтіреді.
Күн мен түннің теңелуіне арналған дайындық қоршаған ортаны тазартуды, елді мекендерді абаттандыруды және Жер-Анаға құрмет көрсетуді қамтиды. Осыған орай Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері еңбек ардагерлерінің аулаларын қардан тазарту жұмыстарын ұйымдастырды.
Күн жылынған сайын қыста жиналған қар еріп, үйімді су басады деп алаңдап жүр едім. Бірақ сарбаздар ауланы жылдам әрі мұқият тазалап берді. Осындай мейірімді, қайратты және көмекке әрдайым дайын азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарына алғыс айтамын. Сондай-ақ Сарыарқа ауданы әкімдігі мен Ұлттық ұлан басшылығына ризашылығымды білдіремін, – деп бөлісті еңбек ардагері Галина Корейба.
Айта кетейік, мереке қарсаңында ұландықтар тағы бірнеше ардагердің үйіне барып, ауладағы қарды тазартуға көмектесті.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Наурыз мейрамын атап өтуде белсенділік танытып, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту мен насихаттауға өз үлесін қосты.
