«Украинамен бірлескен жиын өтеді»: ҚБФ өкілі ұлттық құраманың жоспары туралы айтты
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев команданың алдағы жоспарларын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Игенев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық құрама боксшылары алдымен Шымкенттегі халықаралық турнирде, содан соң Азия біріншілігінде бақ сынайтынын алға тартқан.
Шымкенттегі турнирде Амманда (Иордания) өтетін Азия чемпионатына қатысатын боксшыларды іріктейміз. Сондай-ақ, бұл бәсекеге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина құрамаларынан спортшылар келеді.
Түркия және Египет құрамаларымен де келіссіөздер жүріп жатыр. Украина сапынан Александр Хижняк қана келе алмайды. Қалған бірінші нөмірлі боксшылары тегіс қатысады. Турнирге шетелден төрешілер шақырып жатырмыз. Бұл жарыс деңгейінің биіктеп, турнирдің ашық өтуіне жасалған қадам. Төрелік әділ болған жерде, бәсекелестік те биіктейді.
Тағы айта кететін бір жайт бар. Азия біріншілігіне дейін халықаралық жарыстар күнтізбесінде қандай да бір ірі дода жоқ. Олимпиададан кейін барлығы демалыс алған. Боксшыларымызды бабында ұстап, олардың әлеуетін тағы бір сынап көру үшін еліміздегі турнир статусын көтеріп жатқан жайымыз бар, - деді Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев.